Қара жолдың бойын қасірет торуылдамасын десек...

 Күре жолдардағы қауіпсіздіктің жай-күйі кез келген өңірдің даму көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Себебі, бүгінде елімізде жыл сайын жол-көлік оқиғаларының салдарынан 200-ден астам адам көз жұмып, мыңнан аса азамат түрлі жарақат алады екен. Бұл – мемлекет пен әрбір отбасы үшін орны толмас шығын...

Сондықтан Түркістан облысында жолдардағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің тапсырмасымен кешенді шаралар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, күн сайын өңірдегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 290 патрульдік полиция қызметкері жұмылдырылады екен. Олардың басым көпшілігі 120 автомобильдік бағытта қызмет атқарса, 17-сі жаяу қызмет етеді. 12 модульді бекет пен «Сауран» шеп бекеті де үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Асқаров брифингте мәлімдеді.
Спикердің сөзіне сүйенсек, облыстық әкімшіліктің қолдауымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына цифрлық шешімдер де енгізілуде. Мәселен, автомобиль жолдарын патрульдеу жұмысына «Ekin patrоl», «Автоураган» және «Кибершериф» сияқты мобильді кешендер қолданылып, жылдамдық режимін бұзу деректері автоматты түрде тіркеліп жатыр. Нәтижесінде, бұл платформалар арқылы 202 мың 444 тәртіп бұзушылық тіркелген. Бұдан бөлек, өңір аумағында жылдамдық режимін өлшейтін 700-ден аса «Сергек» бейнекамерасы, 23 «Трафик-сканер», 40-тан астам «ҚазАвтоЖол – ZEREK-2» бейнекамерасы және өзге де 215 автоматтандырылған кешен жол қозғалысына бақылау жасайды. Бұл құрылғылар арқылы 353 122 тәртіп бұзушылық анықталған. Сондай-ақ, облыстық және ауылішілік жолдардағы апатты орындарға қосымша 100 кешен орнатылып жатыр. Аталған жұмыстар көлік жүргізу мәдениетін көтеруге және жазадан бұлтармау қағидатын қамтамасыз етуге көмектеседі.
– Қарсы бағытқа шығып кетуді қашықтан анықтау үшін екі дрон аппараты арқылы әуеден патрульдеу жұмысы жүзеге асырылуда. Құрылғының көмегімен мыңға жуық дерек анықталды. Тиісінше, мұндай құрылғылар қолданылатынын ескерту мақсатында автожолдарға «Жол учаскесі пилотсыз аппараттарымен бақылауда!» деген жазуы бар баннерлер орнатылған. Қазір барлық қала, аудандарды осындай құрылғылармен қамтамасыз ету мәселесі пысықталу үстінде. Сонымен қатар «Қорғау – қауіпті жүргізуші!» мобильді қосымшасы арқылы 11 мыңнан астам автокөлік анықталып, барлығы арнайы айыптұраққа жеткізілді, 11 қауіпті жүргізуші ұсталды. Бұл санаттағы жүргізушілердің атында 1 млрд. 163 млн. теңгеден аса айыппұл бар, – дейді Ерлан Асқаров.
Спикердің айтуынша, өңірде жол- көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Атап айтқанда, қауіпсіздік туралы үгіт-насихат жүргізіліп, арнайы жадынамалар мен бейнероликтер таратылуда. Төрт түлік жиі кесіп өтетін жерлерге арнайы макеттер орнатылса, мектептердің маңына жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырмауға шақыратын билбордтар қойылған. Жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын жерлерде жыл басынан бері 130-дан аса рейдтік іс-шара өткізілген. Тамыз, қыркүйек айларында бірнеше рет «Бір күн – жол-көлік оқиғасыз» акциясы өткізіліп, жаңа оқу жылы қарсаңында өңірдегі 2 575 мектептің алдындағы жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылған. Оған қоса Түркістан қаласындағы 5 нүктеде жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «ақылды» бағдаршамдар орнатылыпты. Бұл құрылғылар жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты түрде тіркеп, деректерді жедел өңдеу мүмкіндігіне ие. Осылайша, жыл басынан бері жол апатына тікелей әсер ететін 39 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Оның ішінде 38 мың 116 жаяу жүргінші жолдан өту ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 
524 жүргізуші жолдың қарсы бағытына шығып кеткені үшін көлік жүргізу құқығынан айырылып, көлігін мас күйде айдаған 605 жүргізуші сот шешімімен әкімшілік қамауға алынған және көлік жүргізу құқықтары шектелген. Ал, жүргізушінің көлік басқару кезінде телефонды пайдалануы 7 759 рет анықталған. 
– Жалпы, жол қозғалысы саласында 673 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық фактілері анықталып, 8 млрд. 
960 млн. 499 мың теңге айыппұл салынды. Оның 81 пайызы өндірілді. Талдау көрсеткендей, облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарда апат саны едәуір азайды. Себебі, «Шымкент–Самара», «Шымкент–Алматы», «Алматы–Ташкент–Термез» ақылы жолдарындағы «ҚазАвтоЖолға» тиесілі аркаларға орнатылған бейнекамералар орташа жылдамдықты есептейді. Ал, апаттың 92,8 пайызы облыстық және аудандық жолдарда орын алуда. Негізгі факторлар – соқтығысу, жаяу жүргіншілерді қағып кету және аударылу. Барлық жол-көлік оқиғаларының 87,6 пайызына осы факторлар әсер еткен. Сонымен қатар, апатқа жол инфрақұрылымының жай-күйі де әсер етеді. Облыстағы жолдардың жалпы ұзындығы – 17 мың шақырым болса, соның бар болғаны 448 шақырымы немесе 2,6 пайызы ғана бірінші санатқа жатады. Бірінші санаттағы жол деп әр бағытта екі қозғалыс жолағы бар және қоршаулармен жабдықталған жолды айтады. Қалған 16,5 мың шақырым жолдың ені 7 метрден аспайды, екі қозғалыс жолағы бар. Бұл жолдар байырғы стандарттар бойынша салынған. Өңірде көлік саны да жыл өткен сайын көбейіп жатыр. Мәселен, соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш 44 пайызға көтерілді. Сонымен қатар бір тәулік ішінде өңір аумағынан 30 мыңнан астам транзиттік көлік өтіп жатыр. Ең қауіпті жол – «Жібек жолы – Жетісай» автожолы. Мұнда нормативті жүктеме тәулігіне 3 мың көлік болса, бүгінде күн сайын 15 мың көлік өтеді, – дейді басқарма бастығының орынбасары.
Жыл сайын өңірде «Қауіпсіз жол» алдын алу іс-шарасы өтеді. Мұндағы мақсат – жол қозғалысына қатысушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жол-көлік оқиғаларының санын азайту, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауын қамтамасыз ету. Мәселен, өткен жылы 15-30 қыркүйек аралығында өткізілген іс-шара аясында 10 мың 234 құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 510 автокөлік арнайы айыптұрақтарға қойылған. Көлік басқару құқығы жоқ 227 жүргізуші ұсталып, мемлекеттік нөмірсіз жүрген 115 автокөлік анықталған. Мас күйінде көлік жүргізген 39 жүргізушіге қатысты іс материалдары сотқа жолданса, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен 75 жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Жолаушы және жүк тасымалдау ережесін бұзудың 188 дерегі тіркеліп, жолаушыны заңсыз тасымалдаумен айналысқан 56 жүргізушіге шара қолданылған. 
Жол-көлік оқиғалары көбінесе жүргізушілердің ережені сақтамауынан орын алады. Жол ережесін бұзу бұл жүргізушінің өзіне ғана емес, айналасындағы адамдардың да өміріне қауіп төндіретін жағдай. Сондықтан әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші жол жүру мәдениетін сақтап, мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарағаны абзал. 
Пікір қалдырыңыз