Қыран құсты Саңғыл би

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларынан кездестіруге болады. Айталық, қарымды қаламгердің 1997 жылғы 14 наурызда «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Елдік пен ерлік киесі» атты тарихнамалық зссесінде уақтысында Сеңкеле, Сенгеле, Сәңкеле  атанған Саңғыл биге Шыңғыс хан «Ұраның–Қоңырат, құсың–қыран, ағашың–алма, таңбаң–ай болсын» деп бата бергенін айтады.  Саңғыл – Орта жүз Қоңырат тайпасының құрамындағы ру. Шежіре деректері бойынша, Саңғыл ағысай, самай,  нұрсай, қошқар, қаратілес, тиес деген аталарға бөлінеді. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының алғашқы қор сақтаушысы  О. Дастановтың 1967 жылы Алматы қаласында шыққан «Әулиелі жерлер туралы шындық» атты  кітабында Саңғыл би туралы деректер де бар. Ол бұл шежірені көнекөз шырақшылардан жазып алғанын алға тартады.
Арыдан қозғасақ, түрік-моңғол шежірелерінде саңғыл руының ұраны «Мүлкаман» болуына қарап, кейбір зерттеушілер Саңғыл биді  Мүлкаман батырдың шөбересі деп тұжырымдайды. Тарихи деректер, орыс және қазақ тіліндегі зерттеулер, шежірелер, сондай-ақ халық арасында ауызша айтылатын аңыздарға қарағанда Саңғыл би 1206 жылғы құрылтайда Шыңғыс ханды ақ киізге көтеріп, хан сайлаған қоғам қайраткерлерінің бірі. Саңғыл би Шыңғыс ханның Хорезмге жасаған жорығына қатысқан. Сол жорықта Саңғыл би үш мың жасақ ертіп, ханға ілеседі.  Ұлы қаған мұнан соң Қытайға аттанады. Хорезм жорығынан кейін өзінің қол астындағы қоңыраттармен Сыр бойында, яғни Жошы ұлысында қалған. Түркітанушы Н.А Аристовтың монографиясында Саңғыл би турасында маңызды мәліметтер бар. Рашид-ад-диннің «Жамағат-тауарих»,  Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағы», Ш. Құдайбердіұлының шежіресінде бидің аты Сенгеле деп айтылады. Би есімі  профессор А. Машановтың, жазушы Қ. Салғариннің еңбектерінде Саңғыл би, Саңғылұлы деп көрсетіліп, ғұмыры мен қоғамдық қызметі баяндалған.
Моңғол-түрік тайпалары қоныстары қатарлас, малы аралас жатқан елдер болатын. Әйткенмен, олар ғасырлар бойы бір-бірімен жауласып, қырықпышақ болып келді. Міне, осындай аласапыран кезде тарих сахнасына Шыңғыс хан шықты.  Ол меркіт, татар, тайшуыт, керей, жалайыр, қоңырат, найман, тағы басқа да тайпалардың басын қосып, біріктіреді. Осылай  қуатты хандық дүниеге келеді. Қоңыраттар мен тайшуыттар ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған көршілес әрі ниеттес тайпалар еді. Темужин төңірегіндегі ірі рулар біріккен соң шешесі Уәлін мен әйелі Бөртенің жұртына елші жібереді. Қайын атасы Тай шешен алысты болжай білетін жан еді. Ол әрі-бері сарсаңға салмай-ақ қол астындағы елімен Шыңғыс хан әскеріне келіп қосылды.
1206 жылы Шыңғыс хан Ұлы Құрылтай шақырды. Осы кезде жалындаған Саңғыл би суырылып алға шықты. Ол небәрі 25 жаста еді.  Өжет те алғыр Саңғыл би өз билігіндегі жұртын бастап келді. Осы Ұлы жиынға Майқы би 19 биді бастап келген деседі. Тарихта таңбаланып қалған осы Құрылтайда Шыңғысты ақ киізге көтеріп, ұлы қаған етіп  сайлайды.
Көне деректер Құрылтайдың бірнеше күнге созылғанын айтады.  Ұлы қаған осы кеңесте тайпа көсемдеріне, беделді билерге, өзіне адал қызмет көрсеткен қолбасшыларына, сенімді серіктеріне атақ, дәреже, таңба үлестіреді. Бұл туралы жоғарыда айтып өттік.
Алдияр тарихқа, көне  шежіре жазбаларына үңілсек, Саңғыл би Қоңыраттың Көк Тәншесінен (Көтенші) тарайды. Қытай тарихшысы Лувсанданзеннің «Алтын шежіресі» мен кезінде әлемді қаһарымен қалтыратқан Шыңғыс ханның өмірдерегіне негізделген «Моңғолдың құпия шежіресінде» бірқатар билердің есімдерін кездестіруге болады. Солардың ішінде Саңғыл бидің де есімі бар.
Қалай болғанда да, Саңғыл би  ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі. Ол жаугершілікте дұшпанға кеудесін тосқан баһадүр, қысылтаяңда халқына пана әрі кеңесші, бүкіл ғұмырында елі үшін аянбаған ер. Елінің оны би атап кетуі де тегіннен-тегін емес. Ондай атақтың көптің көңілінен шыққан әулие жандарға ғана бұйыратыны белгілі.
Осындай айтулы бидің ұрпақтары көп жылдан бері   баба ғибратын насихаттап келеді. Созақ ауданы, Қозмолдақ ауылының оңтүстік-шығысындағы Басбұлақ елді мекенінің іргесіндегі баба басына 1996-1998 жылдары кесенесін тұрғызды. Келесі жылы жаңа сәулетті кесенені ресми түрде жұртшылыққа таныстырды. Биіктігі 18 метр, жалпы көлемі 78 шаршы метрді құрайтын кесене маңайы көгалдандырылған.  Осында кәсіпкер Мәлік Белгібаев  өз қаржысына ұңғыма қаздырып, абаттандыруға айтарлықтай үлес қосты. Мұнда зиярат етіп келушілер қатары жыл он екі ай толастамайды. Кесене есігі шығысқа қараған. Кіреберісте үш есігі бар. Тіке есігі баба жатқан бөлмеге бастайды. Оң және сол қапталдағы есіктер арқылы келушілер екінші қабатқа көтеріледі. Зират басындағы мәрмәр тастан: «Бұл жерге ұлы қолбасшы Шыңғыс ханды 1206  жылы таққа отырғызуға қатысқан 12 бидің бірі Қоңырат Мүлкеман батырдың немересі  Саңғыл би жерленген (ХІІ-ХІІІ)» деген сөзді оқи аласыз. Реті келгенде кесененің бас сәулетшісі Нұрғали Имажановтың, сәулетші-шебер Жұмахан Жылысбаевтың еңбектерін де атап өткен ләзім.
Тәуелсіздік жылдарынан бастап Саңғыл би ұрпақтары жиі бас қосып, ұрпақ сабақтастығы мәселелерін қозғап келеді.  Саңғыл би ұрпақтарының қауымдастығы мен «Саңғыл би» қоғамдық қайырымдылық қоры тарихты толығырақ тану мақсатында сайт ашып, ата-баба шежіресін зерттеуді қолға алды. Қазір кесене басында ұрпаққа ұлағат болар игі істер ұйымдастырылып келеді. Бастапқыда қауымдастықтың рухани жетекшісі көрнекті әдебиет зерттеушісі, академик Рахманқұл Бердібаев болғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар қауымдастыққа әр жылдары төрағалық еткен Бектас Шірікбаев, Бәкен Мақұлбеков, Бақытжан Кембаев ұлы бабаның ұлағатты істерін ұрпаққа насихаттауда қомақты жұмыстар атқарды.
Қауымдастықтың ұйытқы болуымен Саңғыл бидің ел тарихында, өлмес өнерінде өзіндік орны бар ұрпақтары Құлыншақ Кемелұлының, Ақынбек Қажының, Еркінбек Ақынбеков, Төлеген Момбеков, Рүстем Құралов, Жамалбек Шәймерденов, Бахадүрбек Байтасов, Раманқұл Бердібаевтың есімдері ардақталып, олар туралы еңбектер жарық көрді. Осы жұмыстар арқылы жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беріліп келеді. Әр жылы баба әруағына арналып ас беріліп,  Құран оқытылады. Осы алқалы жиында тек қана ас ішіліп, аяқ босатылмай, түрлі мәдени іс-шаралар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.  Мұндағы мақсат – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге, батылдыққа, батырлыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Елі үшін еңбек етудің қадірін білген жастардың жаман болмасы анық.
Иә, бабалар жолына адал жұрт адаспайды. Олай болса, елі, ұрпағы үшін қасық қанын төккен бабалар рухын асқақтата беру кейінгі буынның басты борышы болып қала бермек. Біз кемел келешегімізді ұлт бірлігі арқылы да баянды етеміз.
Пікір қалдырыңыз