Жаман әдеттерден қайтсек арыламыз?

Жаһандану заманы айналасын түгел жалмап келеді десек болады. Соның салдарынан адамзат баласының бойында қатыгездік, мейірімсіздік, зұлымдық, зорлық-зомбылық, тойымсыздық орын алуда. Адамдардың жүрегі беріш болып қатып қалғандай. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет, бір-біріне деген мейірім азайып барады. Бір-біріне жылы қабақ таныту сиреді. Обал-сауапты ұмытып, жамандық пен жақсылықтың парқын ажырата алмайтын жағдайға жеттік. 

Мұның себебін тек тұрмыстың, күнкөрістің төмендігінен ғана іздеуге болмайды. Әлем сол күйінде тұр. Күн бір орнынан шығып, бір орынға барып батады. Өзгерген адамның санасы, көзқарасы, пиғылы ғана. «Бұдан жаманымызда да тойға барғанбыз» демекші, ата-бабаларымыз, халқымыз бұдан да қиын кезеңді бастан кешірген. Олар не көрмеді?! Жаугершілікті де, соғысты да, ашаршылықты да, жоқшылықты да көрді. Соның өзінде адамгершілік қасиеттерін жоғалтпады. Сол қалпын бүгінге жеткізді. 
Балалық шағымыз сонау соғыс, одан кейінгі қиын-қыстау жылдармен тұспа-тұс келеді. Халқымыз ол қиындыққа мойымады. Ауыртпалықты бірлесіп жеңіп шықты. Бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті тұрды. Бір-бірінің қайғысы мен қуанышына ортақтаса білді. Кішілер үлкенді тыңдады. Қолдан келгенше бір-біріне сүйеу болып, тіршілік етті. Қазіргідей тоқшылық заман емес еді. Қолда барды қанағат тұтты. Әркім өз шаруасымен ғұмыр кешті. Біреу үй салса асарлатып, жабылып үйді тұрғызып беретін. Үй ішінің көңілін аулайтын. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық көрсетіп отыратын. Ең бастысы, адамдардың көңілі тоқ еді. Сол заман қайда кетті қазір? Ол кезде ешкім қазіргідей байысам, қос-қостан машина мінсем, зәулім үйде тұрсам, шетелде демалсам, шетелден саяжай сатып алсам демейтін. Елдің бәрі қоңырқай күй кешті. Бірақ, көңілдері тоқ еді. Қазір тойымсыздық етек алды. Қанағатсыздық белең алды. «Кедей бай, бай Құдай болсам» дейді. Сөйтіп, дүние боқ үшін аласұрып өмір сүруде. Жұрт бір-бірімен сыйласып өмір сүруді ұмыта бастады. Баяғы шуақ шашып тұратын жүздер арқылы өзгелердің жанына жылу беріп, жүрегіне жылылық ұялату деген жоғалды. Бір-біріне деген мейірім азайды. Абай айтпақшы, «Көп адам тіршілігі – ішпек, жемек, қызық көрмек, сөзге ермек, дәурен сүрмек» дегендей күй кешті. Кітап оқып, рухани жағын байыту адыра қалды. 
Бұл пиғылымыз жастар тәрбиесіне әсер етті. Олардың бойында эгоизм, немқұрайдылық, өзімшілдік, тоғышарлық, қанағатсыздық қалыптасты. Осылайша мейірімсіздіктің, зұлымдықтың ұрығын себудеміз. Баланы, өндірдей жастарды жақсы қасиеттерге, адамшылыққа, мейірімділікке әлі де баулуға болады. Өйткені олар икемге тез келеді. Тек дер кезінде қолға алу керек. Егер тез қолға алмасақ, жоғалтқанымыз бұдан да көп болады.
Абайша айтсақ, адамда жан құмарлығы, тән құмарлығы болады. Жан құмарлығы оқу, білім алу, рухани қажеттерді өтеу, толықтыру, жақсы қасиеттерді дамыту болып табылады. Ал, тән құмарлығы ішіп-жеу, нәпсіні байыту. Қазіргі замандастарымыз тән құмарлығын күйттеп жүр. Жас ұрпақтың бойында жан құмарлығын байытуға көңіл бөлгенде ғана жағымсыз әдеттерден аулақ боламыз. 
Адамның адамгершілік деңгейі серт пен сенімнен тұрады. Сенім жоқ жерде мейірім, махаббат жоғалады. Бір үйде тұрғандардың арасында сенім мен құрмет, өзара сыйластық азайып барады. Содан барып ажырасу етек алады, отбасының ойраны шығады. Уәде мен серт бұзылғандықтан, береке де, ынтымақ та, ырыс та болмайды. Бүгінде әкімдер мен шенеуніктер серт, уәде деген қасиетке немқұрайлы қарайды. Халыққа берген уәдесін орындамайды. Содан халық пен билік арасында селкеулік орнайды. Мұның ақыры абыройсыздыққа апарады. 
Ұлттық құндылықттарды ата-бабамыз ғасырлар бойы қалыптастырған. Сол жолмен жүрмесек, адамдарда келеңсіз құбылыстар көбейе береді. Еліміздегі жемқорлық, жең ұшымен жалғасқан сыбайластықтың тамырына балта шаппай, әр жүрекке иман ұялата алмаймыз. Өкінішке орай, кейбір замандастарымыз білім, ғылыммен бірге ақылын игілікті, ізгілікті іске жұмсамай, жеке мүддесі мен өресіз қараулық ісіне пайдаланып жүр. Ал, қызметке ақылы мен қайратын ғана пайдаланумен шектеліп, жүректен шығар ар-ұят, әділет-рақымы мен қанағат инсанын ұмытып кеткендерді Абай «Жеке-жеке біреуі жарытпайды, Жол да жоқ жарыместі жақсы демек» деп оларды жарты адамға балайды. Бұл қасиеттер адамды толық адам ете алмайды.
Абай:
Әркімді заман сүйремек, 
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек, – 
деп толғанғандай, біз өмір сүрген дәуірдің табиғаты мың құбылмалы. Жаһандық бәсекелестік жағдайында өз мүддемізді қорғауға, мақсатымызға жетуге ұмтылмасақ, көп нәрседен ұтыламыз. Мына заман баяғыдай жайбасарлықты, жалқаулық пен масылдықты, немқұрайлылықты кешірмейді. Сондықтан жаһандық дамуда артта қалмау үшін ілгері ұмтылуымыз керек. Бойымыздағы жаман қасиеттерден арылуымыз керек. Ұлттық қалпымыздан жаңылмай, жаһандануға жұтылып кетпеудің жолын іздестіруіміз керек.

Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ,
Қазақстанның 
еңбек сіңірген қайраткері.
Пікір қалдырыңыз