Арамға аузыңды былғама!
Қанша жерден тиым салсақ та ел ішінде ішімдікке, темекіге, есірткіге, насыбайға құмарлар кездесіп жатады. Ақиқатында, төртеуінің де денсаулыққа зиянды екенін жұрттың бәрі білсе керек.
Ішімдік жайлы түсінік берудің өзі артық. Ішімдіктің салдарынан адамның өмірі ойламаған жерден қиылып, ең ауыр қылмыстар жасалып, қаншама отбасы зардап шегіп, ұрпағымызды аздырып жатыр.
Темекінің де ешқандай пайдасы жоқ, адам өмірін қысқартатын зиянды дүние. Марқұм әкем айтушы еді: «Балам, темекі шекпеңдер. Ауыз – ошақ, мұрын – мұржа емес, оның қызметі басқа» деп.
Есірткі заттарды қолданудың соңы ешкімді ешқашан жақсылыққа апарған емес. Темекі мен насыбайдың екеуі де денсаулыққа зиян.
– Көбінесе көк түтінге тәуелді жандар насыбайды тұтынып, шылым шегуден құтылдым деп ойлайды. Өкінішке қарай, олардың құрамындағы зиянды заттардың ешқандай айырмашылығы жоқ. Шылым шеккенде никотин қанға өкпе арқылы тарап, ағзаны улайды. Өкпе тазарады деген мәлімет жалған. Насыбай атқанда ауыз қуысының, өкпенің, асқазанның қатерлі ісігінің пайда болуы мүмкін. Өйткені, насыбайдың құрамында тауықтың саңғырығы, әктің суы, сексеуілдің күлі, қарағаштың шайыры, темекінің жапырағы бар. Насыбай атқан адам да никотинге тәуелділіктен зардап шегеді. Қазіргі таңда сәнге айналған электронды темекі де қауіпті, – дейді Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев.
Бірде бір ауылдағы жақындарымыздың үйіне тойға барғанмын. Әшейінде де ел арасында нағашылы-жиенді болып әзілдесіп жататындар жиі кездеседі емес пе?! Сондай адамдардың арасындағы әңгімеде осы насыбайға нендей заттар қосылатыны айтылды. Бір ағамыз насыбайға есектің қиын қосатындарын өз көзімен көргенін айтып еді, оған ешкім сенбеді. Ал, насыбай ататын азамат қызарақтап қалды.
Содан әлгі кісі: «Мәке, Сіздің жалған сөйлегеніңізді әліге дейін ешкім естімеген шығар. Сіз бұған қандай төрелік айтасыз?» деп әңгіменің тізгінін маған қарай бұрды. Мен, жалпы, Бесқала халқы насыбайды көптеп қолданатындарын ежелден білетінмін және олардың насыбайға уытты болуы үшін тауықтың саңғырығын қосатындарын да жиі естігенмін. Осы жағдайларды саралай келе, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын айтып бердім. Үйдің іші сілтідей тынды. Шақшасын қолына ұстағандар бір қызарды, бір бозарды. Ешкім ләм-мим деп дау айтпады. Сол жерде отырғандардың ешқайсысы насыбай атуға батпады.
Ресми деректер бойынша насыбайдың құрамында никотин, синель қышқылы, көмір және сірке қышқылдары, азот, эфир майы және өкпе ісігіне (рак) ұшырататын әртүрлі радиоактивті элементтер бар және оған қосылған заттардың улы қосындылары кездеседі екен. Және жақында ғана Швецияда насыбай құрамына арнайы жүргізілген зерттеу нәтижесінде оның құрамында хром, никель, кадмий, қорғасын және күшәла ерітіндісі (мышьяк) шамадан тыс көп қосылғаны анықталған. Мысалы, никель – 5,1 есе, хром – 17 есе, қорғасын – 38 есе көп болып шыққан. Ал, күшәла ерітіндісі мүлдем болмауға тиіс дейді. Бірақ, ол насыбайда бар көрінеді.
Әлеуметтік желіде насыбайды не үшін қолданады және оның адамға қандай пайдасы мен зияны бар деген сұрақ қойған едім. Пайдасын ешкім айтып бере алмады.
Ал, зияны шаш етектен екен. Атап айтқанда:
Насыбай ату адам өмірін қысқартады.
Ауыз қуысы, ас қорыту жүйесі қатерлі ісікке ұшырайды.
Өмір сүруге, еңбек етуге, отбасын асырауға деген ынта-ықылас азаяды.
Әйелдер насыбай атса, ішіндегі баланың денсаулығына зияны тиеді.
Тыныс алу жолдары қабынады.
Ұйқысыздыққа апарады.
Адамды ерте қартайтады.
Аузы, үсті, айналасы сасып жүреді.
Тамаққа деген тәбетті жояды, адам ағзасы әлсірейді.
Рухани күйзеліске ұшыратады.
Ендеше, осынша зияны бар насыбайға әуес болып, арамға ауыз былғаудың қаншалықты қажеті бар?
Мұхамбеткәрім ҚОЖЫРБАЙҰЛЫ.