Тіл – әр ұлттың жан дүниесі
Мемлекеттік тіл – егемен еліміздің басты қатынас тілі. Кез келген өркениетті елдің өзінің рәміздері, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады.
Қазіргі таңда 130-дан астам ұлт өкілдері тұрып жатқан Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Тілді дамыту әр елдің мемлекеттік саяси бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан тіліміздің тағдыры баршамыздың қолымызда. Егер бұл мәселеге баршамыз болып атсалыссақ алынбайтын қамал жоқ. Менің ойымша, ана тілімізді толыққанды дамыту бұқаралық іске айналғанда ғана көздеген мақсатқа жете аламыз. Мәдениетіміз, соның ішінде киномыз, теледидарымыз тек дәстүрлі түрде қазақ тілінде сайрап тұрса, қанеки! Бір қуанарлық жағдай, қазіргі таңда қазақша кинолар көптеп түсірілуде.
Ана тіліміздің мәртебесін асқақтатып, мерейін тасытуда біздің орталық, яғни Түркістан қалалық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ да аз еңбектеніп жатқан жоқ. Орталыққа келушілер базалық, орта, жоғары деңгейлер бойынша қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқып меңгере алады. Тағы бір айта кететін жәйт, қызметкерлер арасында полиглот байқауы, түрлі жарыстар мен іс-шаралар көп ұйымдастырылады. «Біз қазақ тілін білеміз, не үшін оқуымыз керек?» деп мұрнын шүйіретін мекеме қызметкерлері де аз кездеспейді. Егер Қазақстанды әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан көргіміз келсе, мемлекеттік тілдің мәртебесі жоғары болуы керек, ана тілімізді менсінбеушіліктен арылуға тиіспіз.
Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» деген екен. Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы. Ондай мақтаныш сезімі әрбір қазақтың жүрегіне мәңгі ұялауы керек. Әр азамат өзінің ана тілін құрметтеп, қазақ тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті. Бүгінде кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі тіліміздің беделін асқақтатуға кедергі келтіріп отыр. Тіпті кейбір орталарда туған тілімізді шұбарлап, өзге тілмен араластыра сөйлеуді әдетке айналдырғандарды жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез жетті.
Кейбір мекемелерде, қазақ тілінің жайы ақсап тұрғанын көргенде жүрегің ауырады. Бір жағынан бұл әлі күнге дейін орыс тілінің ырқынан шыға алмай жүргендігімізден болар. Қаладағы көше атаулары мен көлік аялдамаларының атауларының, жарнамалық туристік ақпараттың орыс тілінде жазылғанын көргенде еріксіз қынжыласың. Тіпті тамақтану орындарында да ас мәзірі орысша жазылғанын көріп ескерту жасасақ, «бұл бәріне түсінікті тіл, әрі үйреніп қалғанбыз» деп жатады. Мұнымен қай жерге дейін бармақпыз?!
Иә, қазақ халқының басынан талай нәубет, зұлмат жылдар өтті. Соның салдарынан өз тіліміз бен ділімізді, салт-дәстүрімізді ұмытардай халге жеттік. Дегенмен, «сабақты ине сәтімен» деген бар. Тіліміз құрып кетті, құрдымға батып жатыр деп отыра бермей, оның маңызы мен мүмкіндіктерін жан-жақты ашып, жұрттың оған деген сенімін нығайтуға күш салғанымыз дұрыс. Тілді насихаттауда, үйретуде жеке адамдардың, әрбір отбасының атқарар қызметі мол болуы тиіс. Әр отбасыда осындай тілге деген жанашырлық болса, «тама-тама тамшыдан дария болар» дегендей, тіліміздің жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілер еді деп ойлаймын.
Әлем таныған ел білу үшін бәрін өзімізден бастауымыз керек. Сайып келгенде, барлығы өз қолымызда. Ана тіліміздің жұлдызын биіктету біздің басты міндетіміз болуы тиіс.
Айжан БАЙМАХАНОВА,
Түркістан қалалық әкімдігінің
«Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің оқытушысы.