«Достық үйі» бейбітшілік пен келісімнің мекеніне айналмақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Түркістанда салынып жатқан «Достық үйі» ғимараты жақында ашылады.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты басшыларды құрылыс алаңына жинап, бірқатар тапсырма берді. Нысанның құрылысы аяқталып келеді. Облыс әкімі мердігерге нысанның сапасы мен сәні үйлесім тауып, уақтылы берілуі керек екенін ескертті. 
Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы жаңа үлгідегі «Достық үйі» ғимаратының жалпы алаңы – 3912,29 шаршы метр. Этносаралық татулықтың ұйытқысына айналатын жаңа ғимараттың құрылысы биыл күзде толық аяқталады деп жоспарланған. Жоба бойынша 150 орынды ғимарат төрт қабаттан тұрады және құрамында мәжіліс залы, этнос өкілдерінің орталықтары орналасады. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты тақырыптық ішкі әрлеу жүргізіліп, қажетті экспонаттар қойылмақ. 
Айта кетейік, өңірде 50-ден аса этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Түркістан облысында мемлекеттің өркендеуіне үлес қосып, қазақ-стандық толеранттылық үлгісін көпке паш ету мақсатында 11 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 
Осылайша «Достық үйі» бейбітшілік пен келісімнің тұрақты мекеніне айналып, бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрудың жаһандық үлгісін қалыптастырмақ.
Пікір қалдырыңыз