«Шындықты іздесең, Әділге бар»

Мен үшін өмірде де, қызметте де қатар жүрген қадірлі азамат Әділ Оразовтай тұлғаның орны бөлек. Екеуіміздің өмір жолымыз да, тағдырымыз да ұқсас. Бір ауылда өсіп, Қызылжалау ауылында (қазіргі Қостөбе ауылы) балалық шағымыз бірге өтті. Осындағы бастауыш мектепте бір сыныпта оқыдық. Одан кейін Қаратөбе ауылындағы орыс мектебі жанынан жаңадан ашылған қазақ сыныбында білім алдық. Орта мектепті осында бітіргеннен кейін мен ауылда қалып, ұжымшарда еңбек еттім. Ал, Әділ Сайрамдағы ауыл шаруашылығы саласына бейімделген кәсіптік-техникалық училищеде оқып, механизаторлық мамандық алды. Туған ауылында тракторшы болып жұмыс істеді. Екеуіміз де қарапайым еңбектің дәмін таттық. Әкесі Ораз Әділге жастайынан еңбектің қадірін білуге үйретті. Анасы Ұлбосында шаруақор кісі еді. Әрқашан үйлерінен қонақ үзілмейтін, дастарханды отбасы болатын. Сондықтан да Әділ көпшіл болып өсті.
Екі жылдан кейін екеуміз де шаруашылықтың жолдамасымен Шымкент қаласындағы педагогикалық институтқа бардық. Ол жаңадан ашылған инженер-педагогтік мамандыққа, мен тарих-филология факультетіне құжат тапсырып, 1961 жылы оқуға түсіп кеттік. Әділ екі жылдан кейін азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына аттанып, онда ширап, ысылып, қатайып, бойында ер жігітке тән қасиеттер қалыптасып, старшина шенінде елге оралып, оқуын ары қарай жалғастырды.
1971 жылы еңбек жолымыз Қаратөбе орта мектебінде қайта түйісіп, зейнеткерлікке шыққанша бірге қызмет істедік. Ол бірнеше жыл өз мамандығы бойынша оқушыларға еңбек технологиясы пәнінен сабақ берді. Кейінірек әскери қызмет мерзімінің қысқаруына байланысты мектептің  10-11  сыныптарында алғашқы әскери даярлық пәні енгізіліп, шәкірттерге әскери өнерді оқытатын болды. Оның баулыған шәкірттері аудандық әскери байқаулар мен жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп жүрді. Мектепте әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысы жанданды. Бүгінде оның 67 шәкірті жоғары әскери оқу орнын бітіріп, еліміздің Қарулы Күштер сапында абыройлы қызмет атқаруда. Олардың алды генерал, қалғандары да жоғары офицер шенінде қызмет етіп жүр.
1985 жыл. Бұл жыл Әдекеңнің өмірінде мәңгі есте қалды. КСРО Қарулы Күштерінің арнайы комиссиясы облыс мектептеріндегі алғашқы әскери даярлық пәнінің  оқытылуы мен әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын тексерді. Мәскеуден полковник бастаған комиссия Ә.Оразовтың сабағына кірді. Мектептегі әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарымен және оқу барысымен танысты. Ол бұл сыннан сүрінбей өтті. Комиссия әскери пәннің оқытылуын, материалдық базасының жарақтандырылуын және әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын жоғары бағалады. Жоғары бағалап қана қойған жоқ, оны марапатқа ұсынды. Сол жылы ол «Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Артынша мектеп директорлығына тағайындалды. Ә.Оразов 15 жылдай мектеп басқарды. Осы жылдары ол оқушылардың білім сапасын көтеруге, оқу базасының көрнекті құралдармен  жарақтандырылуына, ұжымның ұйымшыл болуына көңіл бөлді. Қызмет жағдайында өзіне қатаң талап қоя білді. Ол жас мамандарға жол көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар сілтеді. Ұстаздардың шығармашылық қабілеттерінің танылуына жол ашты.
Тоқсаныншы жылдары Одақ ыдырап, барлық жүйе күйреді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз көп қиындыққа  тап болды. Бұл білім саласына да әсерін тигізбей қойған жоқ. Әділ осы кезде мұғалімдер алты айға дейін жалақыларын ала алмады. Мұғалімдердің мектепті тастап кетпеуі үшін ұстаздарды жұдырықтай жұмылдырып, білім сапасын көтеруге жұмыс істеді.  Кей мүғалімдердің отбасына қиындық түскенде оларға моральдық, адамгершілік жағынан қолдау білдірді. Күнкөрісі төмен отбасы балаларына материалдық көмек ұйымдастырды. Осылайша ұжым ұйымшылдығының арқасында қиындықты жеңе білді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін өмірлік тәжірибесі бар, елге сыйлы азаматты ауыл тұрғындары Қаратөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайлады. Әділ Оразов бұл сенімді ақтады, жұмысын абыроймен атқарып келеді. Бір ауылды уыздай ұйытып, тұрғындардың ынтымақ-бірлігін сақтауға өмірлік тәжірибесі мен қажыр-қайратын аяған емес.
Ауылдық округтің аузы дуалы, елге абыройлы қарияларының басын қосып, ауылдардағы талай проблемалардың шешілуіне ұйытқы болды. Осындай ынтымақ-берекесінің арқасында ауылдар жылдан-жылға көркейіп, абаттанып келеді. Бүгінде әр үйде «көгілдір отын» маздап жанып тұр. Ауыз су мәселесі шешілген, жолдар жөнделіп, аяқ жолдар салынған. Түнде әр көшеде электр жарығы самаладай жарқырап тұрады. Оның тікелей бастамасымен ауыл клубына, кітапханаға газ кіргізілді. Енді ауылдағы пошта үйіне газ кіргізіп, шатырын жөндеу әрекетінде жүр.
Ә.Оразов аудандық қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі. Онда ауылдардағы өзекті мәселелерді көтеріп отырады. Олардың орындалуын қадағалайды.
Ардагер ұстаз мектеппен байланысын ешқашан үзген емес. Оқушылармен, ұстаздармен жиі кездесіп, өзінің өмірлік, бай ұстаздық тәжірибесімен бөлісіп, оларға ақыл-кеңесін беріп отырады. Оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыру мақсатымен «Алтын белгіге» бітірген түлектерге жыл сайын ақшалай сыйлық табыстайды.
Ел ішінде Әдекең туралы «Шындық іздесең, Әділге бар» деген сөз жиі айтылады. Ол сөздің жаны бар. Шынында, ол ауылдарда орын алған талай дау-дамайды шиеленістірмей, уәлі сөзімен қос тарапты да татуластырып, ел бірлігін сақтауға атсалысып отырады. Еш жерден әділдік таппаған азаматтар оны іздеп келіп, төрелігін беруді сұранады. Яғни, ол ауылдастарының кеудесіне адамгершілік сәулесін шашатын «Ауыл шырақшысы» іспеттес.
Ел ағасы Әділ Оразов Төлеби ауданының құрметті азаматы. Қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене қатысқаны үшін көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталған. 2023 жылғы сайлауда үгіт-насихат саласында жүргізген жұмыстары үшін ҚР Президенті
Қ.Тоқаевтың, «Аманат» партиясының төрағасы Е.Қошановтың Алғыс хаттарымен марапатталды. Жұбайы Әлима екеуі немере-шөберелерінің қызығына тоймай, шаттыққа шомылып отыр.
Ел құрметінің төрінен лайықты орын алған Әдекең шындықтың шырақшысы болып әлі талай тірліктерді тындыратынына сенеміз.
                
Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ.
Қаратөбе ауылы,
Төлеби ауданы.
Пікір қалдырыңыз