Жер тербелмесін десеңіз...

Ерлан ҚУАНДЫҚ, «Оңтүстік Қазақстан».

Әлемде жер сілкінісінен зардап шеккен елдер аз емес. Әр жылдары табиғаттың өзгеше құбылысы, жер дүмпуі әр-әр жерде бой көтеріп қалатынын жаңалықтардан естіп-біліп, бейнежазбаларын көріп те жүрміз. Зілзала соңғы жылдары біздің елімізде де, оның ішінде Алматы қаласында әлсін-әлсін орын алып тұратын болды. Ол тұрғындардың үрейін,
алаңдауын туғызды. Қазір табиғаттың тосын мінезіне қатысты үкімет деңгейінде мәселе қарала бастады.
Кеңес дәуірінің ақырғы жылдарындағы Арменияның Спитак қаласындағы жер дүмпуі көпшіліктің, әсіресе үлкендер жағының әлі есінде болар. Жарты минуттың ішінде 26 мың адам қираған үйлердің астында қалып, айналдырған санаулы секундтардың ішінде Спитак, Гюмри, Степанаван, Кировакан қалалары мен бүтіндей 58 ауыл үйіндіге айналды. Бір дерек қайтыс болғандар санын 25 мың десе, енді бірі 45 мың деп көрсетеді. Ал, 140 мың адам мүгедек болып, 514 мың тұрғын баспанасынан айырылған. Зілзала Арменияның 40 пайыз жерін қамтыған. Сол жылдары қазақстандықтар да Арменияда зардап шеккендерге көмек қолын созған. Ал, 1966 жылғы Ташкенттегі 8 баллдық жер сілкінісінен қаланың орталық аймағы толықтай қирап, 8 адам қайтыс болып, 150 адам жарақат алған болатын. Үш жүз мың адам баспанасыз қалған. Кеңестер
Одағындағы республикалар жабылып жүріп, Өзбекстанның астанасын қалпына келтірді.  
Әлем елдерінде де мұндай деректер жетіп артылады. Былтырғы жылғы Түркиядағы екі мәрте қайталанған 7.6 және 7.7 балдық зілзала да оңай болмады. Ол «ғасырлық апат» деген атауға ие болды. Бұл зілзаладан елдің 10 уәлаяты ауыр зардап шекті. Жер сілкінісі Сирия, Кипр, Грузия, Абхазия, Армения, Ирак пен Ливанда да сезілген. Апаттан 31 643 адам қаза тауып, 100 мыңнан астам адам түрлі жарақаттар алған. Айта берсек, табиғаттың осы бір тосын мінезінен келген зардап аз емес. Өйткені табиғи зілзала адамға бағынбайды. Оның анық қай күні болатынын ғылым болжай алмайды. Қазақ мұндайда «Апат айтып келмейді» дейді.
Дегенмен, озық елдердің тәжірибесінде жер сілкінісі болуы ықтимал аймақтарды алдын ала анықтап, одан мейлінше сақтанудың жолдарын қарастыру, зілзала бола қалған жағдайда дереу әрекет етудің жолдары мен амал-тәсілдері нақтыланған. Бізде ше? Елімізде соңғы отыз жылда сейсмология саласы қалай дамыды? Неге Үкімет, әсіресе соңғы уақытта бұл мәселеге жіті назар аудара бастады? Алматыдағы жер сілкінісінің қайталануына не түрткі? Түркістан облысы сейсмикалық қаупі жоғары өңірге неге жатқызылды? Тағы қай өңір қауіпті аймаққа жатқызылған?
Әрине, апат айтып келмейді. Қазақ-станда бұрында да жер сілкіністері болғаны тарихтан  белгілі. Бірақ биылғы Алматы қаласында екі мәрте сезілген қатты жерасты дүмпуі тұрғындарды кәдімгідей шошытты. Бір жағы қоғамның төтенше жағдайға дайындығы қай деңгейде екенін де аңғартты. Екеуінде де қоғам биліктің жұмысын сынға алды. Ең ірі мегаполистің халқы табиғаттың тосын мінез танытқан сәтінде абдырап қалды. Өздерін қалай ұстау керектігін білмеді. Бұрын да сейсмикалық қауіпті аймаққа жатқызылатын Алматыға Президент те назар аударды. Проблемамен Үкімет айналысып, ақыры кешенді шаралар қабылдана бастады. Алматы сейсмикалық шағын аймақтарға бөлінді. Қазір шаһардағы ғимараттарды сейсмикалық күшейту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл қаладағы нысандардың жер сілкінісіне қаншалықты төзімді екенін анықтауға және апаттың алдын алуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл Үкімет сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады. Осылайша еліміздің сейсмологиялық қауіпсіздігін нығайту бойынша ауқымды шаралары іске асыралатын болды. Әуелі мониторинг күшейтіледі. Ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық төзімділігін қамтамасыз ету де маңызды мәселе. Сондай-ақ, жаңа цифрлық технологияларды енгізу, кадрларды даярлау мәселесі де назардан тыс қалмайды.
Енді қабылданған құжатқа сәйкес, 15 сейсмикалық аудандастыру картасы әзірленеді. Бұл қауіпті өңірлердегі жер сілкінісі ошақтарының 70 пайызын болжауға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ ол аталған аумақтардағы ғимарат пен құрылысты паспорттауға, жаңа құрылыс ережелерін әзірлеуге негіз болады. Паспорттау ең осал құрылыс нысандарын анықтауға көмектеседі. Бірінші кезекте сейсмикалық қауіптілігін төмендету шаралары қолға алынады. Оның ішінде сейсмикалық күшейту, құнды жабдықтарды қорғау бар.
Маңызды жаңалықтың бірі, алдағы төрт жылда елімізде 285 сейсмикалық жаңа станса орнатылады. Қолдағы 70 станса, қайта жөнделіп, толықтай қайта жарақтандырылмақ. Осы жағдайлар Алматы облысы мен басқа да сейсмоқауіпті өңірлерді сапалы болжауға мүмкіндік береді. Біздегі жабдықтардың да тозығы жеткен болуы керек. Сондықтан сала мамандары заманауи жабдықтармен, тиісті техникалық құрылғылармен қамтылады деп отыр. Себебі республиканың шамамен 40 пайызы сейсмикалық аумаққа жатады. Қаупі жоғары өңірге Алматы мен Шымкент қаласы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу облыстары
кіреді.
Кешенді жоспарға сәйкес, Түркістан облысына егжей-тегжейлі сейсмоаудандастыру картасын жасау бекітілді. Өңіріміздегі Бәйдібек, Төлеби, Түлкібас, Жетісай аудандарында 4 сейсмостанса орналасқан. Жаңа жобаға сәйкес, қосымша стансалар салынады.
«Сақтансаң сақтаймын» дейді. Адам болжап біле алмайтын, кенеттен келетін зілзаладан бөлек, түрлі құрылғылардың көмегімен құтқару қызметі болжап, біліп отыратын ауа-райының қолайсыздығы туралы телефон хабарламасына да мән берген жөн. Мұндай ескертулерге селсоқ қарауға болмайды.
Үкіметтің осы бағыттағы кешенді жоспары мен нақты әрекетінен кейін еліміздің сейсмологиялық тұрақтылығы күшейіп, қаупі сейілер деп үміттенеміз. Кешенді жоспар сейсмология ғылымын дамытып, жер сілкінісін, жер асты дүмпуі күштерінің толқуларын алдын ала болжап білуге оң ықпалын тигізсе игі.

1 пікір

  • Alexa Mika
    Alexa Mika

    Help To Recover Scammed Cryptocurrency // Lost Recovery Masters I never thought I would get scammed of all my assets on this exchange which I was warned by friends to keep off the exchange, they stole all my life saving the total funds of $88k worth of bitcoin. I couldn’t believe bitcoin could ever be recovered, all thanks to a kind hearted team of Lost Recovery Masters they just offered me top notch services and they are capable of offering hacking services of any sort. To that one person or persons out there who really need a true and efficient cryptocurrency recovery expert I would advise you to contact Lost Recovery Masters via Email: Support@lostrecoverymasters.com Whatsapp +44(7537)-105921 Website: https://lostrecoverymasters.com

Пікір қалдырыңыз