Қастерлі борышымыз болып қала береді

Өз тілін өгейсітпей, құрмет тұтатын қандастарымыздың қатары көбейген сайын, қазақ тілінің де қадірі арта түседі. Тіл білудің қаншалықты маңызды екені күнделікті жұмыс барысында анық байқалып тұрады. Кейбір адамдардың тіл байлығына, шешендігіне, сирек кездесетін сөздерді орынды пайдалана білетіндігіне қызыға қарайтынымыз рас. Олар өздерінің көп оқығанын, түрлі әдеби шығармалардан хабардар екенін бірер ауыз сөзімен-ақ білдіріп тұрады.
Керісінше, сөздік қоры тым жұтаң, өз ойын еркін жеткізе алмайтындар да аз емес. Содан сөзге сараң, тілі жұтаң адамдар өздерін еркін сезіне алмай, көптен оқшаулана береді. Осыдан-ақ тіл білудің маңыздылығын бағамдай беруге болады.
Жалпы, қазақ тіліне құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден қалыптасуы керек. Қазақ тілі – халқымыздың рухани, мәдени байлығы. Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан баға жетпес асыл мұра. Әрбір азамат өзінің ана тілін көзінің қарашығындай сақтап, орынсыз бұрмалануына, шұбарлануына жол бермеуі тиіс.
Қазіргі таңда қоғамда қазақ тілімен қатар орыс тілі де жиі қолданылады. Сонымен бірге, әлемдік деңгейде ағылшын тілі де қатар келе жатыр. Әрине, тіл білген жақсы. Бірақ, қазақ қазақпен өз ана тілінде сөйлескені абзал.  Бұл мәселеде ақыннан асырып айту қиын. Мысалы, Қадыр Мырза Әлі ағамыз «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейді. Яғни қанша тіл білсең де артық болмас, бірақ өз тіліңді бәрінен де жоғары қой, құрметте деп тұр емес пе?!
Қазір адамдардың барлығы дерлік смартфон пайдаланады. Ұялы телефон арқылы интернет жүйесіне кіріп, ақпараттар алады. Осыны ескере отырып, қазақ тілінің кеңінен дамуына ықпал ету керек: теледидар мен интернеттегі сайттарда, әлеуметтік желілерде ресми немесе бейресми жарияланымдарды, жарнамаларды, бейнетүсірілімдерді, бейнефильмдер мен анимациялық фильмдерді қазақ тілінде салу керек деп ойлаймын. Сонда біздің қазақ тілінің таралу аумағы кеңейе түскен болар еді. Әсіресе, балаларға арналған анимациялық фильмдердің көбісі орыс немесе ағылшын тілінде. Соларды неге қазақ тіліне аударып көрсетпеске немесе қазақ тілінде өз анимациялық фильмдерімізді түсіріп, интернетке орналастырмасқа деген ой келеді.
Бүлдіршіндерге арналған қазақша анимациялық фильмдер мен балаларға арналған фильмдер өте аз. Балаларды қызықтыратын ойындары бар бағдарламаларды қазақ тілінде көптеп түсіріп, интернетке жүктеу қажет. Сонда жасөспірім қазақ тілін оңай үйреніп, бойына терең сіңіреді. Бұл тек қазақ балаларына ғана емес, басқа ұлт өкілдерінің балаларына да қатысты.
Ана тілімізді құрметтеу қаншалықты маңызды болса, оны білу, еркін меңгеру осы елде тұратын өзге ұлт өкілдеріне де соншалықты міндетті болуы тиіс. Яғни Отанын сыйлайтын, құрметтейтін адам оның мемлекеттік тілін де толық меңгеруі тиіс. Ал, ана тілімізді қадірлеу, қастерлеу, аялау және қорғау біздің ең қастерлі борышымыз болып қала береді.

Баян ӘШІМОВА,
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі
Ұлттық статистика
бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің
статистикалық ақпаратты
пайдаланушылармен
жұмыс басқармасының
бас маманы.
Пікір қалдырыңыз