Бір үйдегі бес мұңлық... Олардың аянышты жағдайы аудан басшыларын бей-жай қалдырмады

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

«Дені сау адамның басында алтын тәжі болады. Оны тек ауру адам ғана көре алады». Иә, өздерінің хал-жағдайын сұрай келген әр адамның басындағы алтын тәжіне қызыға қарап отыратын бір үйдегі бес мұңлықтың бүгінгі ахуалы адам аярлықтай. Әсіресе, туа бітті сал болып қалған Бибігүл апаның жағдайы... Бала болып өз қатар-құрбыларымен ойнамады, қыз болып қырға шығып гүл термеді, ана болып бала сүймеді. Тіпті, адам болып жер басып жүрудің өзі зор бақыт десек, тағдыр оған ол бақытты да қимапты. Жарты ғасырдан бері көз ұшын көкке қадап телміріп жатыр. Оны күтіп-баптайды дейтін бауырлары да бірінен соң бірі ауруға шалдығып, төсекке таңылып жатса, тағдырдың одан артық қандай сынағы болуы мүмкін...

«Жедел жәрдем» үйге дейін жете алмайды
Бұл әулеттің ауыр ахуалын бізге қоғам белсендісі Мұрат Күзембаев айтып келді. Кезінде қазақтың үш биі бас қосып, бірлік туын тіккен Ордабасыдағы киелі төбенің етегіндегі ауыл – мал шаруашылығын өркендетуге таптырмайтын мекен. Тоқсаныншы жылдары Түркіменстаннан көшіп келген Құдайберген ақсақалдың да қалауы осынау шөбі шүйгін, жері шұрайлы ауылға түседі. Алғашқыда мал бағып, берекелі ғұмыр кешкен әулеттің Құдайберген ата қайтыс болған соң тұрмысынан мән кетіп, балалары бірінен соң бірі тағдырдың сынағына душар болып, ауыра бастайды. Бұл кезде Құдайберген атаның кіндігінен өрбіген бес перзенттің үлкен екеуі – Айткүл мен Тұрған тұрмыста болады да, отбасының жағдайын жасау ұлдың үлкені Балтамұрат ағаға жүктеледі. Ізінен ерген науқас қарындасы Бибігүлдің көңілін аулап, кенже інісі Қыдырды үйлендіріп, өзінің де үш ұл-қызын жетілдіру Балтекеңе оңай соқпаса керек, бертін келе оның да денсаулығы сыр бере бастайды. «Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады» дегендей, тұрмыс тауқыметін бірлесіп көтеріп жүрген інісі Қыдырдың қайтыс болуы отағасының қабырғасын қайыстырып кетеді. Тағдырдың осындай ауыртпалықтары оны да төсекке таңып тынады. Бір үйдегі төсекке таңылған екі науқастың жағдайын жасау шиеттей бала-шаға бағып отырған Жүзікай жеңгейге де қиын соғып, көп ұзамай оның да жүйкесі сыр береді.
Тұңғыш перзенті Дариға Балтамұратқызының айтуынша, үйдегі жағдайдың күйлі болмауынан кішкентай нәрестелер де жиі ауырып қалатын көрінеді. «Ата-анамыздың қиын жағдайын ойлап, тұрмыстағы біздер түнімен алаңдап шығамыз. Сіңлім Гүлсінай екеуміз кезекпен барып, келінімізге қолғабыс жасап, науқас ата-анамыз бен әпкеміздің кір-қоңын жуып, үйін тазалаймыз. Бір үйде бес мүгедек тұрған соң оңай ма, әр екі күннің бірінде үйге «Жедел жәрдем» шақыртуға мәжбүрміз. Ондайда келініміз Фариза жаны тынбай бізге хабарласады. Біз үйдегі ата-ене, күйеуіміздің көңілін аулап, әрең дегенде сұранып шығамыз. Көрші ауылда тұрамыз дегеніміз болмаса, түн ішінде көлік тауып жету оңай емес. Қыстың күндері тіпті қиын, есік-терезесі аңғал-саңғал болып тұрған үй жылымайды. Үй жылымаған соң өзі науқас жандар жиі тұмауратып қалады. Ауылда жөні түзу жол болмағандықтан «Жедел жәрдем» көлігі де үй іргесіне дейін жете алмай, қыр басына келіп тоқтайды. Түнде лайға батып, мүгедектер арбасындағы науқас жандарды «Жедел жәрдем» көлігіне жеткізгенше тырбаңдап, ақ тер, көк тер боламыз. Біздің бұл жағдайымызға жаны ашыған медицина қызметкерлері арызданып жүріп, қыста лайға, жазда шаңға батып жататын көшемізге тас түсіртіп берді. Бірақ, демеушілер есебінен түсірілген бес-алты «КамАЗ» тас қай жыртыққа жамау болсын, жұқалап жайған соң көп ұзамай-ақ лайға батып кетті. Ең қиыны, бұл жоқшылық інімнің кішкентай балаларының дұрыс жетілуіне кері әсер етіп, бірінің жанары семіп, тағы бірінің тіл мүкістігі білініп, жүрегімізді ауыртып жатыр» дейді төркінінің ауыр тұрмысы жайлы көзіне жас алып отырып айтып берген келіншек.

Бір айналдырғанды шыр айналдырып...
Қазақта «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөз бар. Өздері қиналып отырған мүгедек жандардың қалтасына қол салып, ақшасын алып кеткен бір алаяқтың әрекетін естігенде, шектен шыққан имансыздыққа, шынын айтайық, жағамызды ұстадық. Дариғаның өз сөзімен айтсақ, күні-түні көз ілмей, ата-анасы мен науқас бауырларының қабағын бағып, ұнжырғасы түсіп жүрген оған бір күні Ерлан есімді таксист жолығады. Көңілі жабырқаулы адам біреуден жылы сөз естісе еріп кететін әдеті емес пе, аңғал көңіл інісінің балаларын интернатқа тасымалдап жүрген Ерланды ешқандай жамандыққа қимайды. Ол өзінің әкімшілікте істейтін танысы барын, мұндай қиын жағдайда отырған отбасыға қалалы жерден екі бөлмелі пәтер алып беруге болатынын айтып, сендіреді. «Ол інімнің екі баласына жәрдемақы шығарып берем, ата-анама қаладан пәтер алуға көмектесемін деген соң құжаттардың көшірмесін бердім. Алғашқыда 70 000 теңге сұрады. Тағы бірде балаларға жәрдемақы ресімдеуге ақша керек деп әрқайсысына 60 мыңнан 120 000 теңге алды. Араға бірер ай салып тағы ақша сұрады. Сыртқа шығуға мүмкіндігі жоқ ата-анамның мүшкіл хәлін көріп отырып, «ішінде әжетханасы бар үй алып беретін болса несін аянамыз» деп қолына 200 000 теңге тағы ұстаттық. (Ол ақшаны ауылдағы Әсия апайдан қарызға алып беріп, кейін оны үш жылда әрең төлеп құтылдым). Бұл 2012 жылы болған жағдай ғой. Үйден үміттеніп жүргенде арадан тағы бір-екі жыл сырғып өте шықты. Ерланға қоңырау шалған едім, «қарындасым, мен жол апатына ұшырадым. Мүмкіндік болса 140 000 теңге салып жіберші, емделіп шыққан соң жұмысыңызды бітіріп берем» деген соң, аурудың азабын жан-жүрегімізбен түсінетін біз тағы да аянып қалмадық, айтқан ақшасын тауып бердік. Одан кейін де бір-екі рет керек-жарағына ақша сұрап алды да, ақырында телефонын сөндіріп, ғайып болды. Бауырымыздай көріп жүрген, жағдайымызды жақсы білетін Ерланның өзі біздің аңқаулығымызды пайдаланып, алдап кеткен соң кімге сенейік? Біреуге шағым айтып баруға жүрегіміз дауаламай, өз мұңымызбен өзіміз болып өмір сүріп жаттық. Осылай жүре берер ме едік, сіңлімнің күйеуі Батыр қаладағы заңгерлік кеңсенің көмегіне жүгініп, болған жайды Мұрат Күзембаев ағаға айтқан екен, ол ғайып болған таксисті анықтап берді. Осылайша үмітіміз қайта оянып, өздеріңізге келіп отырмыз» деді Дариға.

Тар үйдегі тағдырлар
Араға он жыл салып табылған таксистің іс-әрекетін тиісті органдар таразылай жатар, біз арызда айтылған мән-жайға толық көз жеткізу үшін ауылға қарай жол тарттық. Орталықтан шалғай жатқан Бадам стансасына барғанымызда, әр төбенің басында тұрған бес-алты үйден тұратын шағын ауылға кез болдық. Бір-екі қырдан асып түсіп, Балта-
мұрат атаның үйіне жақындадық. Алқам-салқамы шыққан қоршауы, ауладағы қаулап өскен арамшөп мұнда жұмысқа жарамды бірде-бір адамның жоқтығын аңғартатындай. Тіпті, бес мүгедегі бар үйдің кіреберісіне заман талабына сай пандус қойылмағанына қарап, бұл жердегі мұңлықтардың сыртқа кіріп-шығуы да мұң екен ғой деген ойға келдік. Бекер сезіктенбеппіз, үш бөлмеден тұратын шағын лашықты паналаған он шақты адамның бесеуінің денсаулығы дімкәс болып, оның екеуі өздігінен жүріп-тұра алмаса, ол жердегі жағдайдың қандай болатынын елестете беріңіз. Жасы алпысқа таянса да табанымен бір рет те жер басып көрмеген Бибігүл апаның жағдайы белгілі. Бес-алты жылдан бері аяқ-қолы семіп, төсекке таңылып қалған Балтамұрат ағаның мүшкіл хәлі де жұмысқа жарамды жалғыз келін үшін жығылған үстіне жұдырық екені байқалады. «Аяқ-қолы сал болып қалған апаның күтімін жасап, әжетке шығару әйел адам болған соң маған қиын емес. Ал, атамның астын тазалап, күтімін жасауға шамам келер емес. Бұрындары енем көмектесетін еді, қазір енемнің өзіне де күтім жасайтын адам керек. Атам бұрын жер бауырлап жүріп далаға шығып, әжетін өзі өтеп келетін еді. Қара жерге үйкеле берген соң тізесі, шынтағы жара болып кетті. Енем осы ауыр жағдайдан соң психикалық кеселге шалдықты. Ең қиыны, мұндай ауыр жағдайдағы отбасыда өсіп жатқан балалар да жоқшылықтан қаназдыққа шалдығып, бірінің көзі көрмей, екіншісі тіл кемістігінен зардап шегеді» дейді келіні Фариза.
Мұрат пен Фаризаның бес ұл-қызы бар. Үлкені он сегіз жаста, кішісі енді екі жасқа толады. Анасының айтуынша, балалары он жасқа дейін жақсы өсіп келеді де, одан кейін түрлі ауру белгілері байқала бастайды екен. Бүгінде екі үлкен перзентін емдетіп жүрген Фариза есейгенде үш кішкентайының да бойынан белгісіз дерттердің дерегі пайда бола ма деп қорқады.

Асарлатып үй салып беретін болды
Мүгедектігіне байланысты берілетін азын- аулақ жердемақымен күнелтіп отырған отбасының бұл жағдайынан жергілікті әкімшілік хабарсыз емес. Бадам ауылдық округі әкімінің орынбасары Әділбек Шагиров қал-қадерінше азық-түліктен және басқа да әлеуметтік көмектен қарасып тұратындарын айтты. Бірақ, жаны ауырып жатқан науқастар үшін азық-түліктен басқа да маңызды мәселелер бар. Ол – жылы үй, жайлы төсек, қолжетімді дәрі-дәрмек. Әрине, мүмкіндік болса бір үйдегі бес мұңлықтың қас-қабағын бағып, жағдайын жасап отырған жалғыз келінге қолғабыс етер көмекші тағайындалып жатса, тіпті жақсы. Бір қуанарлығы, біздің бұл ұсыныстарымыз аудан басшылары тарапынан қолдау табатын болды. Аудан әкімі Азат Оралбаевтың қабылдауында болып, мәселенің мән-жайын түсіндіргенімізде әр нәрсені әріден ойлап, тереңінен пайымдай білетін басшы өз ойын былай жеткізді: «Біз оларды тұрғын үй кезегіне қойсақ, оны ұзақ уақыт күтуге тура келеді. Ал, шұғыл шешіп бере қоятындай мүмкіндік жоқ. Сол үшін мұндай сауапты іске көпшілікті жұмылдырып, асарлатып үй салып бергеніміз жөн шығар. Оған өзім бастап үлес қосамын және қайырымдылық іске басқаларды да шақырамын». Мұндай жағдайға бей-жай қарай алмайтын Азат Әбдіғалиұлы аудан орталығынан жер бөлу мен оның құжаттарын шұғыл рәсімдеу үшін тиісті мамандарға тапсырма берді.
Иә, «Көп түкірсе – көл» дегендей, қалауын тауып қайырымды іске көпшілікті жұмылдыра білсек, көп өтпей-ақ асар әдісімен қолға алынған шаруаны еңсеріп тастауға болады. Ол үшін жәрдемге мұқтаж жандарды жылатып қоймайтын басшы мен оны қолдайтын қалың елдің ынтымақ-бірлігі керек. Әрине, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып әрекет ете білсек, бірлігі бекем ел үшін алынбайтын асу, бағынбайтын қамал жоқ екеніне біз де сенеміз.

***
«Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының ұжымы егер Ордабасы ауданының әкімдігі Балтамұрат ағаның отбасына асарлатып үй салып беруге кіріссе көмек қолын созуға әзір екендігін мәлімдейді.

3 пікір

  • Jerry Cam
    Jerry Cam

    Hire A Guaranteed Crypto Recovery Hacker // Lost Recovery Masters My name is Jerry, here’s my recommendation. One of the best hackers out there are Recovery Masters Learn more ( https://lostrecoverymasters.com/) They can fix your low credit scores, Recover Your Lost or stolen cryptocurrency, spy on your spouses to know if they are cheating, clear a bad criminal record (database)…Just name it any kind of hack you can think of. They can break the code and get it done. You can also contact them via their email at ( Support@lostrecoverymasters.com ) or whatsapp them at +44(7537)-105921) They are reliable, trustworthy and they deliver right on time, the job they carried out for me was perfectly done and the best part of it all is your secrets are safe.

  • polkmn cop
    polkmn cop

    Несиені қалай алуға болатындығы туралы мәлімдемені оқыңыз. Сізге, Карен Линч, жалған несие берушіге бірнеше рет алданғаннан кейін бизнесіңізде несие алуға көмектескеніңіз үшін рахмет. Менің атым Алексдре Асылым. Мен бір күні досым мені сенімді несие компаниясымен таныстырды. Ол алдымен компаниядан несие алды, мен оған күмәндандым, бірақ мен көп ойланғаннан кейін мен тырыстым және көрдім, мен 75 000 еуро несиемді 24 сағат ішінде және өтініш бергеннен кейін алдым және мен сізге жақсы қызмет көрсету үшін келдім. сенімді несие компаниясы маған берді. Егер сіз жылдам және сенімді несиелік компанияны іздесеңіз, қосымша ақпарат алу үшін сенімді несие компаниясына хабарласыңыз: trustedloanfirm0@gmail.com. Рақмет сізге.

  • polkmn cop
    polkmn cop

    Несиені қалай алуға болатындығы туралы мәлімдемені оқыңыз. Сізге, Карен Линч, жалған несие берушіге бірнеше рет алданғаннан кейін бизнесіңізде несие алуға көмектескеніңіз үшін рахмет. Менің атым Алексдре Асылым. Мен бір күні досым мені сенімді несие компаниясымен таныстырды. Ол алдымен компаниядан несие алды, мен оған күмәндандым, бірақ мен көп ойланғаннан кейін мен тырыстым және көрдім, мен 75 000 еуро несиемді 24 сағат ішінде және өтініш бергеннен кейін алдым және мен сізге жақсы қызмет көрсету үшін келдім. сенімді несие компаниясы маған берді. Егер сіз жылдам және сенімді несиелік компанияны іздесеңіз, қосымша ақпарат алу үшін сенімді несие компаниясына хабарласыңыз: trustedloanfirm0@gmail.com. Рақмет сізге.

Пікір қалдырыңыз