Қоршаған ортаны ластағандар айыппұл төледі

Республика бойынша «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында атқарылған жұмыстарға апта сайын талдау жүргізіліп келеді. Түркістан облысында аталған акция аясында абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық, қоқыс шығару және полигондарды күтіп ұстау бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен аппарат мәжілісінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов аталған акция аясында бір апта көлемінде атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Облысқа қарасты 807 елді мекенде сенбілік жұмыстары кестеге сәйкес тұрақты жүргізіліп келеді. Өткен аптада 64 елді мекенде санитарлық тазалық жұмыстары атқарылды. Оған 181 632 тұрғын қатысып, 132 техника жұмылдырылды. Сол күні жалпы 717 тонна қоқыс шығарылды. Нәтижесінде 199,7 шақырым ауылішілік көшелер, іргелес аумақтар тазаланды. Көше бойындағы 12 404 түп ағаш қырқылып, әктелсе, 96 аялдама ретке келтірілді. Жалпы, санитарлық тазалық жұмыстарына 932 коммуналдық қызметші мен 102 техника қызмет көрсетті.

Облыс басшысы Дархан Сатыбалды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын үздіксіз жүргізуді, тазалық сақтау бойынша насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Тазалық жұмыстарынан бөлек, құқық қорғау органдары тарапынан табиғатқа және облыс тазалығына зиян келтірген азаматтарды анықтап, тәртіпті шара қолдану бағытындағы жұмыстар күшейтілген.

Түркістан облыстық полиция департаменті облыс аумағын абаттандыру қағидалары мен ортақ пайдалану орындарын ластау фактілерін анықтау бағытында кешенді шаралар атқаруда. Жыл басынан бері әкімшілік кодексінің 505-бабы «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ, қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша 4728 адам анықталып, 4175 ескерту жасалды, 147 азаматқа әкімшілік айыппұл салынды. Әкімшілік кодексінің 434-2-бабы «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» бойынша 12 259 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, оларға
171 млн. теңге айыппұл салынған.

Облыс аумағында тазалық және абаттандыру жұмыстары жалғасады. Қоршаған ортаны ластаған, заңды бұзған азаматтарға қатысты тәртіптік шаралар да тоқтамайды. Жұмыс барысы өңір басшысының қатаң бақылауында тұр.

Пікір қалдырыңыз