Қоғамның құқықтық мәдениетін көтеру керек

Сыбайлас жемқорлықты мемлекеттің дамуына үлкен зиян келтіретін, мемлекеттік қызметтің тиімділігін төмендетіп, беделіне нұқсан келтіретін, ең бастысы, елдің экономикалық дамуын қиындататын қоғамдық дерттердің бірі дер едік. Оның асқынуы демократиялық құндылықтар мен әділеттілік қағидаттарының орнығуына, мемлекеттің тұрақты дамуы мен құқықтық тәртібіне нұқсан келтіреді. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық санасын өзгертіп, бәрін пара беру арқылы шешуге болады деген түсінік қалыптастырады. Сондықтан оның қоғам мен мемлекет үшін қауіптілігін ескеріп, психологиялық тамырына терең үңілген жөн.

Егер сіз біреуге пара берсеңіз немесе алсаңыз, пайда табу мақсатында өзіңіздің немесе басқа біреудің лауазымын заңсыз пайдалануға қатыссаңыз, әрине, жауапкершілікке тартыласыз. Ал, оған көз жұма қарасаңыз, оның одан әрі таралуына ықпал етесіз. Өкінішке қарай, көптеген адамдардың санасында парасыз ештеңе шешілмейді деген түсінік қалыптасып қалған. Оған дәлел ретінде сыбайлас жемқорлықтың қоғамның барлық саласында көрініс тапқанын айтуға болады.
Әрине, сыбайлас жемқорлықтың орын алуына түрткі болатын жағдайлар өте көп. Олардың қатарында заңнаманың жетілмегендігі, қарапайым азаматтардың түсінуі қиын көптеген заңға тәуелді актілердің болуы, азаматтардың құқықтық мәдениетінің төмендігі, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесіне деген сенімсіздік бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жаңа серпін беру қажеттігін атап өткені белгілі. Осыған орай Төлеби ауданында азаматтарға құқықтық көмек көрсету мақсатында «Халық заңгері» республикалық акциясы тұрақты өткізіліп келеді. Ауылдық округтерде, мемлекеттік мекемелерде, мектептерде және халық көп жиналатын орындарда ақпараттық-насихаттық бағыттағы 1000 парақша таратылып, олар 50 жарнамалық орынға, 15 мемлекеттік мекемеге ілінді.
Төлеби ауданы бойынша ауылдық округтерде және халыққа қызмет көрсету орталығында «Пара беру бостандықтан айырады және бұлыңғыр болашақ», «Өз елінің патриоты жемқорлыққа жол бермейді!», «Оңай олжа оңалтпас», «Егер сіз жемқорлыққа тап болсаңыз, 1424 телефонына хабарласыңыз» деген тақырыптарда 16 билборд орнатылған. Халықты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен хабардар ету үшін тұрақты түрде аудандық газеттерде, «Facebook» әлеуметтік желісінде және «Төлеби ауданы әкімдігінің» ресми сайтында ақпараттар жарияланып тұрады.            
Қорыта айтқанда, баршамыз да заңды басшылыққа ала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп күрескеніміз абзал. Ол үшін құқықтарымызды біліп, сыбайлас жемқорлықтың орын алуына жол бермеуіміз қажет. Бұл ретте азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын арттыру маңызды екенін естен шығармаған абзал. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сонда ғана нәтижелі болары анық.

Төлеген ТЕЛҒАРАЕВ,
Төлеби ауданының әкімі.
Пікір қалдырыңыз