Шегірткеге қарсы күрес:
Облыстың кейбір аймақтарында шегірткеге қарсы қосымша өңдеу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Бұл бағытта қажетті жұмыстар күшейтіліп, техниканың мол күші жұмылдырылды.
Залалсыздандыруға бірнеше арнайы көлік пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан
2 ұшақ бөлінген болатын. Химиялық өңдеуді күшейту үшін тағы да қосымша ұшақтар жұмылдырылатын болды. Өңдеу жұмыстары таңғы сағат 4.00-ден күн ысығанша және кешке салқында басталып, түнгі уақытта да жүргізілуде.
Өңірге Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Кенжеханұлы, АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Д.Әбдікәрімов келді. Олар облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге зиянкестерге қарсы қосымша күрес жұмыстарымен танысып, аудан әкімдерімен, жауапты сала басшыларымен жиналыс өткізді.
Арыс қаласы, Қожатоғай ауылдық округінде шегіртке тектестердің ұшуы байқалды. Олардан дақылдарға келетін зиянның алдын алу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігі тарапынан шегірткеге қарсы қосымша өңдеу жұмыстарын жүргізу мәселесі келісілді. Тиісті жұмыстың ерте басталып, дер кезінде жүргізілуінің арқасында үлкен шығындарға жол берілмеді.
Биыл ауа райының салқын, жаңбырлы, желді болуына байланысты шегірткенің таралуы бір айға созылды. Қазір залалсыздандырудан аман қалған шағын көлемінің қанаттанып, үйірленуі байқалуда. Сондықтан қосымша өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Қосымша өңдеу Арыс қаласында, Сарыағаш, Келес, Ордабасы және Шардара аудандарында жүргізіледі.
Өткен сенбі күні шегірткенің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі орталықтың жедел штаб отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин өңірлердегі жағдай туралы баяндамаларды тыңдады.
Түркістан облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, қосымша өңдеу 70 техниканың көмегімен жүргізілуде, оған қосымша 4 ұшақ бөлінді. Қазіргі уақытта барлық қажетті техника көкөніс-бақша дақылдары алқаптарының айналасында шоғырланған. Егістік әзірге шегіртке басудан аман.