Оңтүстіккореялық инвесторларды Түркістан қызықтырады

Түркістанға Корея халықаралық сауда қауымдастығының басқарма төрағасы Юн Джин Сик жұмыс сапарымен келді. Кореяның ең алпауыт компанияларының басын біріктіріп отырған KITA қауымдастығының төрағасымен облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы кездесіп, келіссөз жүргізді. 

– Біздің елдің Корея халқына деген ілтипаты, көзқарасы өте жақсы. Өйткені, бұрыннан тарихи байланыс орнаған. Сіздер жақтан келетін инвестицияны жылы қарсы алады әрі қолдайды. Облысымыз еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық әлеуетке ие. Қазіргі уақытта облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан, бизнесті ынталандыру мен дамытуға жағдай жасалған. Аймақта 10 индустриалды аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы бар. Аталған алаңдар инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынады. Корея Республикасының инвесторларымен фармацевтика, өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларында әріптестік орнатып, 
кәсіпорындар ашуға дайынбыз. Білім саласында да әріптестік орнатылды. Облыста алдағы уақытта кореялықтардың қатысуымен оқу орны ашылады. Сондай-ақ,  бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстар мен шешімдерді бірлесіп әзірлейміз. Біз өз тарапымыздан KITA қауымдастығының құрамындағы компаниялардың Түркістан облысында бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді өңір басшысы. 
Өз кезегінде Корея халықаралық сауда қауымдастығының басқарма төрағасы Юн Джин Сик қонақжайлылық танытқан облыс әкіміне алғысын білдірді. 
– KITA қауымдастығы – Оңтүстік Кореядағы ең таңдаулы әрі алпауыт кәсіпорындар мен бизнес құрылымдардың басын біріктіріп отырған қауымдастық. Шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлер де бізге тіркелген. Біз оларға Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті туралы мағлұмат береміз. Алдағы уақытта Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасының Президенттері кездеседі. Сол іссапарда елімізден ірі кәсіпкерлер келеді. Инвесторлардың қазақстандық бизнес өкілдерімен, өңірлермен әріптестік орнатуына тікелей атсалысатын боламыз. Оның ішінде Түркістан облысы басты назарда. Тиімді келісімдер жасалып, жаңа жобаларды жүзеге асырамыз деген ойдамын, – деді KITA қауымдастығының төрағасы.
Кездесу барысында Түркістан облысында жүзеге асырылуы мүмкін жобалар талқыланып, әріптестікті нығайта түсу жөнінде келісім жасалды. 

Пікір қалдырыңыз