«Биылғы жаз әдеттегіден ыстық болады»

Өткен жылы 116 мың гектардан астам орман қоры өртеніп кетті. Биыл да аптап ыстық пен құрғақшылық болжанып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында мәлім етті.
«Жыл сайын елімізде мыңға жуық табиғи өрт болады. Тілсіз жау адам өміріне, сол сияқты қоршаған ортаға да орасан қауіп төндіреді. Өткен жылы 116 мың гектардан астам орман қоры өртеніп кетті. Еліміздегі орман алқаптары онсыз да өте аз, олардың аумағы өрт салдарынан жыл сайын сиреп барады» деді Үкімет басшысы.
Экологияға келтірілген зиянды есептемегенде, материалдық шығын 160 млрд. теңгеден асып түсті.
«Қазгидрометтің болжамына сәйкес, биыл жаз айлары ыстық әрі құрғақшылық болады деп күтілуде. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде аптап ыстық ұзақ сақталуы мүмкін. Демек, өрт қаупі күшейе түседі. Биылдың өзінде 30-ға жуық орман өрті тіркелді. Мәселен, өткен жылы өрттен қатты зардап шеккен «Семей орманы» аумағы биыл тағы да отқа оранды. Абай облысының әкімдігі бақылауды күшейтуі керек» деді Премьер-министр.
Алматы облысында Іле-Балқаш табиғи резерватының аумағында да қамыс өртеніп, үлкен аумаққа жайылып кетті. Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қамыс пен қураған шөп жанып, өртке ұласты.
«Қазір мүдделі мемлекеттік органдар Табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асырып жатыр. Алайда, кейбір салаларда бұл жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Абай және Ұлытау облыстарында минералданған жолақтарды жасау енді ғана басталған, қажетті көлемнің үштен біріне әрең жетеді. Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарындағы аумақтар әлі күнге дейін қураған шөп пен қоқыстардан тазартылмаған» дейді Премьер-министр.
Осыған байланысты өңір әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, барлық проблемалық мәселелерді жеке бақылауға алу тапсырылды.

Өртті ерте анықтайтын жүйе бар 

Мемлекеттік орман қорының 2%-ы ғана орман өртін ерте анықтау жүйесімен қамтылған. Бұл мәселені ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов көтерді.
«Бурабай» ұлттық паркі аумағында қолданысқа енгізілген смарт-жүйенің арқасында соңғы жылдары ондағы өрт оқиғасы айтарлықтай қысқарды және өртке қарсы шұғыл әрекет ету жұмыстары күшейтілді. Бұл тәжірибені басқа да табиғи парктер мен резерваттарда қолдану керек», – деді ол.
Бүгінгі таңда орман және табиғатты қорғау мекемелерін өрт сөндіру техникаларымен жарақтандыру қарқыны мардымсыз.
«Біз бұған өткен жылы көз жеткіздік. Ұшқышсыз ұшатын аппараттардың тапшылығы орман қоры мен даланы әуеден толық тексеруге мүмкіндік бермей отыр. Қазақстанда мұндай аппараттарды жасап шығаратын кәсіпорындар бар. Заманауи техникалар мен табиғи өрттерді сөндіру құралдардың болмауы қызыл жалынмен күресте шұғыл шаралар қабылдауға кедергі келтіреді. Бұл мәселелердің барлығы кешенді шешімдерді, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын талап етеді» деді Үкімет басшысы.
Әкімдіктер елді мекендерде өрт сөндіру бекеттері мен өртке қарсы ерікті құрылымдарды ұйымдастыру жұмыстарын жалғастыруы қажет. Сонымен қатар, орман шаруашылығы мекемелері күнделікті өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуге тиіс.
«Экология министрлігі мен атқарушы органдар бұрын болған өрттердің тәжірибесін ескеріп, өрт қаупі жоғары жерлерде қосымша бақылау бекеттерін қойсын. Төтенше жағдайлар министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, су көздері мен өрт сөндіру тоғандарын дайындау қажет. Төтенше жағдайлар, Экология министрліктері мен әкімдіктерге табиғи өрттерге қарсы шұғыл әрекет ету бойынша көрші елдердің шекара маңындағы аумақтарының тиісті қызметтерімен өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырамын» деді Премьер-Министр.
Пікір қалдырыңыз