47 тонна дизель отыны тәркіленді
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының мұнай өнімдерінің заңсыз тасымалына тосқауыл қою туралы тапсырмасына сәйкес өңірде рейдтік іс-шара өтті. Басты мақсат – жанар-жағармай бекеттерінде мұнай өнімдерінің жасанды тапшылығының алдын алу, алыпсатарлыққа және дизель отынына қолдан тапшылық жасауға жол бермеу.
Үш тәулікке жалғасқан шарада 2 хаттама толтырылып, 683 020 теңге айыппұл салынды, 47 тонна дизель отыны тәркіленді.
Ал, арнайы жасақталған жұмыс тобында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, облыстық полиция департаменті, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті, Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті, Түркістан облысы бойынша көлік инспекциясы, табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті мамандары бірлесе жұмыс істеді.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Абдразақованың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасады. Жанар-жағармайдың заңсыз тасымалы қатаң бақылауға алынған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.