Әлеуметтік дүкендер көбейіп келеді

Түркістан қаласындағы 30 әлеуметтік дүкенде және 4 ірі сауда үйі мен 25 сауда орнында ұйымдастырылған әлеуметтік бұрыштарда 19 түрлі азық-түлік тауарлары арзан бағамен сатылады. Бұл жайында «Түркістан» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева мәлімдеді. 

Департамент директоры 2024 жылғы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 
– Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы тұрақтандыру қорында жалпы құны 4 млрд. 275,9 млн. теңгенің 15 314,7 тонна азық-түлігі және 2 911 мың дана жұмыртқа бар. Сондай-ақ, Түркістан қаласында әлеуметтік дүкендер санын көбейту мақсатында қазіргі таңда «Жаңа қала» шағынауданынан қосымша 6 әлеуметтік дүкен салынып жатыр. Тұрақтандыру қорына 2015 жылы облыстық бюджеттен 1,8 млрд. теңге, 2022 жылы 1 млрд. теңге, 2023 жылы 4,4 млрд. теңге, барлығы 7,240 млрд. теңге бөлінді, – деді Лаура Сақтағанқызы.
Сонымен қатар, облыс көлемінде бағаны негізсіз өсірмеу, сауда үстемесін асырмау, өндірушіден сауда нүктесіне дейінгі баға тізбегін қарау бойынша, делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Жыл басынан бері комиссияның 10 отырысы өтіп, 18 нысанға қатысты бағаның өсуіне және бәсекелестікке қарсы іс-қимылдарға байланысты шаралар қабылданған. Бұл жайында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы сауда бөлімінің басшысы Абай Шеңгелбаев айтты. 
Айта кетерлігі, әлеуметтік дүкендер қазіргі таңда Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Шардара, Сарығаш, Жетісай аудандарында жұмыс істейді. Алдағы уақытта өзге де аудандарда әлеуметтік дүкендер ашу жоспарланып отыр. 
Пікір қалдырыңыз