Екі бірдей ғимарат – ел игілігіне
Түркістан қаласында екі бірдей ғимарат ел игілігіне берілді. Облыстық полиция департаментінің Қызмет орталығы мен Ұлттық ұлан ғимаратының ашылу рәсіміне ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Еркін Ботақанов пен облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
– Қылмысқа қарсы күресуде және алдын алуда полиция қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсету – маңызды мәселе. Былтыр облыс орталығында полиция департаменті мен Жедел басқару орталығы ғимараты пайдалануға берілді. Ал, биыл Қызмет орталығы мен Ұлттық ұлан ғимаратының ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Биыл өңірдегі полиция қызметін жандандыру үшін жергілікті бюджеттен 19,3 млрд. теңге бөлінді. Өткен жылы тәртіп сақшыларына 30 автокөлік тапсырылды. Облыс әкімдігі тарапынан сіздерге тұрақты қолдау көрсетілетінін айтқым келеді. Жаңа ғимарат құтты болсын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! – деді Дархан Амангелдіұлы.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің айтуынша, екі қабатты ғимарат бейнебақылау камераларымен,заманауи құрал-жабдықтармен және кеңсе жиһаздарымен жабдықталған.
– Мұнда анықтама бөлімі, күту залы мен полицияның қызмет көрсету орындары бар.
Күту залында келушілердің теледидар қарауына, газет-журнал оқуына және ыстық кофе мен сусын ішуіне болады. Бір мезетте 50 адамға қызмет көрсете алатын орталықта 10-нан астам полиция қызметкері, яғни көші-қон, әкімшілік, жергілікті полиция қызметі мен басқа да мамандар жұмысты ұйымдастырумен қатар кеңестер береді, – деді Мұрат Талапұлы.
Орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысып шыққан Еркін Ботақанов халыққа сапалы қызмет көрсету, азаматтардың ұсыныстары мен түрлі сауалдарына жедел жауап беру, облыс тұрғындары мен қонақтарына құқықтық көмек көрсету бүгінгі таңда полиция қызметкерлеріне жүктелген ең басты міндет екендігін атап өтті.
Ал, Ұлттық ұланның жаңа ғимаратында №6506 әскери бөлімінің арнайы мақсаттағы 3-жедел батальонының жеке құрамы орналасқан. Облыстың қоғамдық тәртібін қадағалайтын сарбаздарға мұнда барлық жағдай жасалған. Ондағы асхана, дене шынықтыру залы, казарма, қару-жарақ қоймасы, дәрігерлік пункт, тир бөлмелері сарбаздардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.