«Аңсаған сәби»: 6 мыңнан астам бала дүние есігін ашты. Сіз де өз мүмкіндігіңізді өткізіп алмаңыз

Айдар Құлжанов,
«Оңтүстік Қазақстан».

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша әлемдегі барлық ерлі-зайыптылардың 8 пайызы бедеулік пен белсіздіктен зардап шегеді. Халықаралық ұйымның сарапшылары зерттеу кезінде кемінде 5 жылдан бері бала сүйе алмаған жұптарды ғана есепке алған.
Ал, елімізге белгілі маман Салтанат Байқошқарованың айтуынша, Қазақстанда бұл көрсеткіш 15 пайыздан кем емес. Яғни Қазақ-станда бедеулік пен белсіздік әлемдік орташа көрсеткіштен 2 есе жоғары. Сондай-ақ, қазақстандықтар арасында 2023 жылы жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың деректері де елімізде әрбір алтыншы жұп сәби сүйе алмай жүргенін,  ал, ажырасушылардың 20 пайызы ортақ перзеттерінің болмауынан некесін бұзуға мәжбүр болғандарын көрсеткен. Бірақ, бұл отандастарымыздың бәрі баланың қадірін біледі деген сөз емес...

Өкінішке қарай, Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, еліміздегі 15-49 жас аралығындағы әйелдердің 20 пайызы өмірінде бір рет болсын жасанды түсік жасатқан. Әрбір бесінші әйел жасының ұлғайғанын, әлеуметтік жағдайының нашарлығын, денсаулығындағы кінәратты, баласының онсыз да көптігін сылтауратып, құрсағындағы шаранасын көзі қиып, өз қолымен өлтіретін қатыгез қоғамда өмір сүріп жатырмыз. 
Жасанды түсік жасататындардың 70 пайызға жуығы өмірлік тәжірибесі аз жас келіншектер емес, керісінше, жасы 40-тан асқан салиқалы әйелдер екені де ойландырады. Дүние-ай десеңші, біреулер сәбидің тырнағына зар болып, перзент сүйе алмай жүрсе, өзге бір әйелдер жатырында пайда болған жаңа өмірді қыршынынан қиып, түсік жасатады... 
Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде бедеулік пен белсіздікті емдеудің ең тиімді тәсілі – экстракорпоральды ұрықтандыру. Жұртшылық ЭКО деп атайтын бұл ем түрін Еуропа елдері 40 жылдан бері қолданып келеді. Ал, Қазақстанға ЭКО бағдарламаларының ене бастағанына 20 жылға жақындады. Елімізде емнің бұл түріне мемлекеттік бюджет есебінен квота бөлу 2010 жылдан басталған. Бірақ, алғашқы 10 жылда бөлінген квотаның саны тым аз болып келді. Олай дейтініміз, айталық, 2019 жылы республика бойынша 950 квота бөлінген екен. 
Егер елімізде репродуктивті жастағы ерлі-зайыптылардың жалпы саны 2 миллионнан асатынын, оның 15 пайызы бедеулік пен белсіздіктің түрлі деңгейлерінен зардап шегетінін ескерсек, 300 мың ата-ана перзент сүйе алмай қиналып жүр деген сөз. Оның ішінде жыл сайын кемінде 10 мың жұп емнің осы тәсілін қолданғысы келеді екен.
Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастап, экстракорпоральді ұрықтандыруға квота санын жеті есеге көбейтуді тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Үкімет 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосты. 
Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, 2022 жылы 9 467 әйел бедеулік бойынша есепте тұрса, өткен 2023 жылы бұл есептегі әйелдердің саны 12 030-ға жеткен. Ал, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сүйенсек, өңірде фертильді жастағы 432 675 әйел бар екен. Соның 693-і бедеулікпен есепте тұрады.
– Түркістан облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асып келеді. Осы бағдарлама аясында 2022 жылға 550 квота, ал, 2023 жылға 556 квота бөлініп, оның барлығы толық игерілді. Ал, 2024 жылға 663 квота бөлініп отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған бұл бағдарлама перзентті болуды қалайтын отбасыларға үміт пен мүмкіндік сыйлады, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев. 
Республика бойынша бүгінде 26 ЭКҰ орталығы жұмыс істейді. Оның 21-і жекеменшік емдеу мекемесі екен. «Аңсаған сәби» бағдарламасының артықшылығы сонда, мемлекеттен бөлінген квотаны алған пациент емдеуді қайсы орталықта жүргізетінін өзі шешеді.  Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сүйенсек, мемлекеттен бөлінген квотаға ие болған өңір тұрғындарының 72 пайызы экстрокорпоральді ұрықтандыру бағдарламасын жүргізу үшін «Экомед Шымкент», «ИРМ Шымкент» және «ЭКО-Центр доктора Тарарака» клиникаларын таңдаған. Қалған 28 пайызы Алматы және Астана қалаларында емделгенді дұрыс көріпті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының деректері бойынша, қазіргі кезде Түркістан қаласында «Экомед  Шымкент» клиникасының филиалы жұмыс атқаруда. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев алдағы уақытта облыста «ИРМ» және «Персона» эко-клиникаларының филиалдарын ашу бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтады. 
Иә, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 2021-2023 жылдар аралығында республика бойынша 20 мыңнан астам экстракорпоральді ұрықтандыру жасалған. Қазақстан репродуктологиялық медицина қауымдастығының деректері бойынша, оның ішінде 8 мыңнан аса әйел жүктілікпен есепке алынса, 6 мыңға жуық бала дүниеге келген. 
Ұзақ жылдар бойы перзентті бола алмай, сәбидің тырнағына зар болған 6 мың отбасының қуанышқа кенелуі – керемет нәтиже.  Дегенмен, «Аңсаған сәби» бағдарламасының қабылданғанына 3 жылдан асып бара жатса да ауыл-ауылдарда ол жайында естімеген адамдар кездесіп жатады. Көптеген әйелдер ЭКҰ бағдарламасын жүргізуге квотаны қалай алудың жолын білмейді. 
Сонымен, бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады? Мамандардың айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен құжат рәсімдеу алгоритмі бар. Ең бастысы, экстракорпоральді ұрықтандыру квотасын алу талаптарына сай келсеңіз болғаны.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, емделгісі келетін адам тұрғылықты мекенжайы бойынша бейінді мамандардың диспансерлік есебіне тұруы керек. Квотамен ЭКҰ жасататындардың тізімі осы есеп бойынша анықталады. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Пациент Қазақстанның азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Яғни репродуктивті жас – 18-49 жас аралығындағы, соматикалық және эндокриндік көрсеткіштері қалыпты, жоғары фолликулярлық резерві бар азаматтар болуы тиіс.
18-49 жас аралығындағы кез келген әйел жергілікті тәжірибелік дәрігерге жүгінеді. Ол бейіндік дәрігерге, яғни гинекологқа бағыттайды. Ары қарай эндокриндік көрсеткіштер мен фолликулярлық резервті анықтау үшін гинеколог тағайындаған анализдерді тапсырады. Осы сараптамалардың қорытындысына қарап, бейіндік дәрігер ұйғарым жасап, жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді.
Мамандардың айтуынша, комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емдеу шарасына дайындық басталады. Пациент экстракорпоральді ұрықтандыру клиникасын өзі таңдайды. Емдік шараға дайындық барысында жасанды ұрықтандыру процесін жүргізуге қажетті талдамалар тізімі ұсынылады. Онда ері мен әйелі қатар тапсыратын 40-қа жуық сараптама бар. Бұл сараптамалар жергілікті тәжірибелік және бейіндік мамандардың жолдамасымен МӘМС негізінде тегін (Кейбір сирек талдамалар ақылы болуы да мүмкін) тапсырылады. Сондай-ақ, ЭКҰ сәтсіз аяқталса, пациент келесі жылы қайтадан квота кезегіне тұра алады. 
Дәрігер-репродуктолог Гүлжан Рысқұлбекованың айтуынша, ЭКҰ бағдарламасының сәтті жүзеге асуы, жалпы «Аңсаған сәби» бағдарламасының нәтижелі болуы жергілікті жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен гинекологтардың біліктілігі мен жауапкершілігіне байланысты екен. 
– Қазіргі уақытта учаскелік гинекологтар ана мен бала өмірін сақтау мақсатында жүкті әйелдермен көбірек жұмыс істейді. Ал, бала көтере алмай жүрген әйелдердің мәселесі екінші кезекте қалып кетеді. Олар бедеуліктің белгілері бар әйелдерге тиісті деңгейде назар аударып, ем жүргізіп, қажет болған жағдайда ЭКҰ бағдарламасына жолдау жағы кемшіндеу түсіп жатады. Соның салдарынан еліміздегі экстракорпоральді ұрықтандыру қызметіне мұқтаж отбасылар саны нақты емес. Яғни іс жүзінде бедеулікке ұшыраған әйелдердің саны медициналық есепке алынғандардан әлдеқайда көп болуы ықтимал, – дейді Гүлжан Садықбекқызы. 
Оның айтуынша, кей жағдайда мұның әсері ЭКҰ процесінің нәтижесіз аяқталуына әкеледі. Мәселен, біріншіден, олар әйелдің эндокриндік, фолликулярлық анализдерін қарап, тиісті ем қолданса, кейбір отбасылар ЭКҰ әдісінсіз-ақ сәбилі болуы мүмкін. Екіншіден, бедеулік деңгейі анықталған жұпты уақытында тізімге алса және гормондарды қалыпты деңгейге келтіретін ем-дом жасалса, әйелдің ағзасы ЭКҰ процесіне 70-80 пайыз дайын болып келеді де, ем өз нәтижесін береді екен. 
Дәрігерлер елімізде ерлі-зайыптылар ЭКҰ қызметіне өте кеш, көбіне 35 жастан асқан соң ғана жүгініп жататынын айтады. Жастар көп жылдарын консервативті ем тәсілдерін қолданумен өткізіп алады. Сондай-ақ, тәуіптерге барып, қасиетті жерлерді аралап уақыттарын зая кетіріп алады екен. Ал, ЭКҰ қызметіне 80 пайыз жағдайда 35-40 жастағы, тіпті, одан асқан ерлі-зайыптылар жүгінеді. Иә, теория бойынша қазір жасанды ұрықтандыруды 45 жастан кейін де іске асыруға болады. Бірақ, мамандар іс жүзінде жұбайлардың жасы ұлғайған сайын нәтижеге қол жеткізу қиындай беретінін де айтады. 
Иә, ұрпақ – әр адамның өмірге келгенде артында қалдыратын ізі. Ал, «Аңсаған сәби» бағдарламасы – сәби иісін сағынған әрбір отбасы үшін берілген тамаша мүмкіндік. Енді бала сүюді аңсап жүрген отбасылар уақытын босқа өткізіп алмай, осы мүмкіндікті пайдаланып қалса игі. 

1 пікір

  • Passports, Visas, Driver's License, ID CARDS
    Passports, Visas, Driver's License, ID CARDS

    Government Database System..Email ( lifiben@gmail.com ) We Produce Passports,Drivers Licenses,ID Cards,Birth Certificates,Diplomas,Visas,SSN,Marriage Certificates,Divorce Papers,US Green Cards,University Degrees,Counterfeit Money,SSD Chemical Solution And Activation Banknotes dollar / euro Pounds Powder Used For Cleaning Coated Black Money, And Other Documents Cloned cards, Resident fullz and dumps For A Number Of Countries Email ( lifiben@gmail.com ) TEXT/CALL/WHATSAPP: 951-254-2452 https://clean-documents.com

Пікір қалдырыңыз