«Қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруі керек»

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Соңғы жылдары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін ішкі істер саласына жиі реформа жүргізіле бастады. Алайда, одан бұл салаға айтылатын сын да, мін де азаймай тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында полицияның жылдар бойы қордаланып қалған проблемаларын тағы да алдарына жайып салды. 

Бүгінде уақыт талабына сай полицейлердің жаңа тұрпаттағы бейнесін қалыптастыру жұмыстары қолға алынды. Әлбетте, көпшілік бүгінгі тәртіп сақшыларының  өресі биік, заңға адал, өзгелерге қорған болғанын қалайды. Кейбір түсінігі саяз біреулер қанша жерден ішкі істер органдарын «суық мекеме» деп күстәналаса да, осы бір қасаң түсінікті жоққа шығаратын, құқықтық және адамгершілік тұрғыдан өзгелерге үлгі бола білетін адам, ол – полиция қызметкері екені әмбеге аян. Олар кемшіліктердің ағынында кетпей, керісінше, әділетсіздікке қарсы тұра алатын, өздерінің қорғауындағы адамдарға көмектесуге дайын тұратын адам болуы шарт. Мемлекет басшысы алқа отырысында қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруге тиіс екендігін олардың қаперлеріне тағы да салды.
– Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кездері мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылардың мәселесін де қарау керек, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Шыны керек, полицияның сервистік моделі қолға алынғалы бері құқық қорғау органдарының қызметі де қолжетімді бола бастады. Өйткені, жоба басталғалы ауладағы дүкендерден, үйге кіреберістерден әлгі учаскелік тәртіп сақшымыздың суреті мен байланыс телефонын көретін болдық. Құқық қорғау органдарына қатысты қандай да бір мәселе туындай қалған жағдайда алдымен учаскелік полицияға хабарласу керек екенін түсіне бастадық. Алайда, суретін көріп, байланыс нөмірін білгенімізбен, бұл қадам инспекторлардың халық алдындағы беделін соншалықты көтере қойған жоқ. Мемлекет басшысының айтуынша, сервистік модельдің негізгі қағидаттарына сай полицейлер алдымен қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, шұғыл әрекет ете білуі керек.
– Халыққа ынтымақтастықтың өзара тиімді формасын ұсынып, кері байланыстың оңтайлы жолдарын реттеу маңызды. Бастамашыл және заңға қайшы әрекеттерге бей-жай қарамайтын азаматтарға арқа сүйеу құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатының іс жүзінде сақталуына мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өткір күйінде тұр. Бұл ашық айтыла бермейтін тақырыптардың бірі десек те болады. Ресми дерек бойынша елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұматындар саны 500 адамнан асады екен. Алайда, зорлық-зомбылық фактілері көбіне жабық күйінде қалады. Одан теперіш көретін де, негізінен әйелдер мен балалар. Президенттің айтуынша, алдын алу жұмыстарының маңызы жедел әрекет ету және әділ жазасын беру ісінен бір де кем емес. 
– Өздеріңізге мәлім, бұған дейін мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуді қолдайтынымды айтқан едім. Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер жақын арада қабылданады. Ішкі істер министрлігі өз қызметкерлерін жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын-ала дайындауы керек. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өте өзекті мәселе. Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарау керек, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бүгінгі таңда ересектердің балаларға зорлық-зомбылық көрсету оқиғалары да жиілеп барады. Тек былтырдың өзінде кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс саны 22 пайызға көбейген. 
– Жас ұрпақтың тағдыры, өмірі мен денсаулығы бәрінен маңызды. Үкіметке балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесін мұқият саралап, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Жасөспірімдер бос жүрмеуге тиіс. Олардың шығармашылыққа, спортқа қызығушылықтарын арттыру жағына көбірек көңіл бөлу қажет. Балаларды еңбекке баулып, волонтерлік қызметке жұмылдырған абзал. Көзбояушылық үшін жасалатын жұмысты доғару керек, – деді Мемлекет басшысы. Президент, сонымен қатар есірткінің таралуына батыл түрде тосқауыл қоюды, киберқылмыспен және интернет алаяқтықпен күрес шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді.
Президенттің орта буындағы басшылық құрамды кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы бастамасы қоғамда жағымды пікір қалыптастырды. Өйткені, полиция сапында жүрген әрбір қызметкердің біліктілігі, білімділігі, кәсіби шеберлігі ауадай қажет. 
– Министрлік осы сынақ кезінде табандылық танытуы тиіс. «Бармақ басты, көз қысты» болмауы керек. Басты мақсат – жеке құрамды біліксіз және жұмысына адал емес басшылардан тазарту, яғни кадр резервін жасақтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Қорыта айтқанда, қоғамның тыныштығын күзететін полицияға қатысты мәселелер алдағы уақытта да өзектілігін жоя қоймасы анық. Өйткені, Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінгі тәртіп сақшылары жұртқа жақын әрі беделді болуы үшін әлі талай іс тындырылуы тиіс.       
Пікір қалдырыңыз