Палестина мәселесі аймақтағы геосаяси өзгерістерден бастау алады

Жарты ғасырдан астам шешімі табылмай келе жатқан Израиль – Палестина арасындағы қақтығыс 2023 жылы 7 қазаннан бастап әлемдік саясаттағы басты мәселеге тағы да айналды. БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштің «Хамас шабуылдары өздігінен басталған жоқ» деп мәлімдеуі қайшылықтың терең тарихи тамырын айқындайды. Халықаралық қауіпсіздік архитектурасына үлкен ықпалы бар, діни, өркениеттік, аумақтық, этникалық қайшылықтардан тұратын қақтығыстың тарихи алғышарты Осман империясы билігі кезеңіндегі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы уақыт аралығынан туындайды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінде жеңіліс тапқан Осман империясы ыдырап, оның Таяу Шығыстағы иеліктері Ұлыбританияның мандаттық басқаруына өтті. 1920 жылы Сан-Ремодағы конференция нәтижесінде Палестинаны басқару мандаты Ұлыбританияға берілді және ол 1922-1948 жылдар аралығына дейін жалғасты. Осы кезеңде еврей мемлекетін құру туралы идеялар көтеріліп, оны жүзеге асырудың алғышарттары жасалынды. Палестина жеріндегі тарихи әділетсіздіктің алғашқы қадамдары 1917 жылы Ұлыбританияның 1916-1919 жылдары сыртқы істер министрі болған Артур Бальфурдың декларациясына сәйкес, Палестинада еврей халқының мемлекетін құру идеясынан бастау алады. Осы кезеңде Еуропа, Америка және Азия елдерінен еврей мигранттары Палестина жеріне қоныс аударып, нәтижесінде еврей қалалары пайда болды. Мандаттық басқаруға ие болған Ұлыбританияның Жоғарғы комиссарлары шексiз билiкке ие болып, арабтар заңды түрде өзiн-өзi билеу күшiнен айырылды, сонымен қатар сионистік ұйымдарға және қозғалысқа ағылшындар тарапынан барынша қолдау танытылды. 

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін аталмыш идея толықтай жүзеге асырылды. 1947 жылы 29 қазандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының Палестина аумағында Араб және Израиль мемлекеттерін құру туралы жоспары қабылданды. 1948 жылы 14 мамырда Бен-Гурион Израиль мемлекетінің тәуелсіздігі туралы Декларацияны жариялады. Дегенмен, Палестина жерінде тек қана бір мемлекет – Израиль мемлекеті қалыптасты. Осы кезеңнен бастап Палестина жері үшін талас Араб-Израиль арасындағы қақтығыстың себеп-салдарына айналды. 1947-1949 жылдары болған араб-израиль соғыстарының нәтижесінде Палестинаның басым бөлігі, ал 1967 жылғы «Алты күндік соғыс» салдарынан Газа секторы және Иордан өзенінің батыс жағалауы Израиль бақылауына өтті. 1967 жылы 1 қыркүйек күні Хартум қаласында өткен Араб мемлекеттері Лигасының саммитінде, Египет, Сирия, Ливан, Ирак, Алжир, Кувейт және Судан сияқты араб мемлекеттері Израильмен бейбіт келісімге отыру және бейбіт келісімдерді жүргізудің мүмкін еместігін жариялаған. Осыдан кейін араб елдері бірігіп Израильге қарсылық танытады және Палестинаның тәуелсіздігіне қол жеткізеді деген сенім қалыптасқанымен, 1978 жылы АҚШ президенті Джимми Картердің қатысуымен, Египет президенті Ануар Саадат және Израиль премьер-министрі Менахем Бегин арасындағы Израиль-Египеттік Кэмп-Дэвид келісімінен кейін бұл ұстаным өзінің өзектілігін жоғалтты. Осы келісім негізінде жасалынған «Таяу Шығыстағы бейбітшілік қағидаттары» атты құжат негізінде Египет және Израиль арасында дипломатиялық, экономикалық қатынастар орнады және А.Саадат араб елдерінің ішінде алғаш рет Израильді мемлекет ретінде таныған саяси көшбасшы болды. Сонымен қатар, 1982 жылы басталған Ливан-Израиль соғысы бойынша 1985 жылы Израиль мемлекеті Оңтүстік Ливанды оккупациялап, бұл аумақ 2000 жылға дейін Израиль армиясының бақылауына өтті. 

ХХ ғасырдың 90-жылдары АҚШ бастаған коалицияның Ирактағы «Шөлдегі дауыл» операциясының басталуы және араб елдерінің АҚШ ұстанымын қолдауы Палестинаға қатысты саясатқа өзгеріс енгізуге мүмкіндік берді. Осло келісімдерінің аясында 1993 жылы 13 қыркүйекте Вашингтонда өткен АҚШ президенті Билл Клинтон, Израиль премьер-министрі Ицхак Рабин, Палестинаны азат ету ұйымының төрағасы Ясир Арафат кездесуі нәтижесінде Палестина автономиясы құрылды. Дегенмен, «Хамас», «Фатх» түріндегі исламистік қозғалыстар тарапынан жасалынған террористік шабуылдар және Израиль тарапынан шартты толық орындамау Осло келісімдерінің нәтижелілігін жоққа шығарып отыр. Израильдік саяси қайраткер, Кнессеттің бұрынғы спикері Авррам Бург «Осло келісімдері негізінде екі мемлекет құру туралы шешім өміршеңдігін жоғалтты, бейбіт процесс тоқтады және әзірге жағдайдың реттелуіне үміт жоқ» деп мәлімдеді. 2023 жылы 7 қазаннан басталған қақтығыс осының жарқын көрінісі.

Осындай жағдайда «Израиль мен Палестина арасында болашақта бейбіт өмір орнауы мүмкін бе және қандай түрде жүзеге асыруға болады?» деген сұрақтар маңызды. Жалпы, халықаралық саясаттың басты мақсаты – бейбітшілікті нығайту және жалпыға бірдей қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Оған барлық халықтар өзінің тағдырын шешуге құқығын жүзеге асырғанда ғана қол жеткізуге болады. Мәселенің шешімін табуға бағытталған дәстүрлі ұсыныстардың ішінде екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруі немесе бір мемлекет аясында бірігу мәселелері қарастырылады. Еврей және араб ұлттары қатар өмір сүретін бір мемлекет құру және екі ұлттың демократиялық, зайырлы мемлекет шеңберінде құқығы тең түрде қатар өмір сүру идеясы қазіргі жағдайда утопиялық сипатта. Бір жағынан тарихи жадыны ұстанған палестиналықтар, ал екінші жағынан «ортақ мемлекеттегі араб халқының үлесі басым болса, еврейлік сипаттағы мемлекеттің болашағына балта шабылады» деп қауіптенетін израильдік саясат аталмыш идеяны жүзеге асырудағы басты кедергі.

Палестина жерінде екі дербес мемлекет құру идеясындағы негізгі түйткіл шекараға қатысты туындайды. 2011 жылы АҚШ президенті болған Барак Обама 1967 жылғы шекараға негізделген Израиль және Палестина мемлекеттерінің қатар өмір сүруін ұсынған. Екі мемлекеттің қатар өмір сүру идеясын Палестинадағы жетекші саяси фракция «Фатх» қолдағанымен, радикалдық ұстанымдағы «Хамас» тобы қарсы шығып отыр. «Хамас» ұстанымына сәйкес, қазіргі уақытта Израиль мемлекетінің бақылауындағы барлық аумақ болашақ Палестина мемлекетінің аумағына айналуы тиіс. 

Жерорта теңізінен Иордан өзеніне дейінгі аумақты иеленген еврейлер елі идеясын ұстанатын израильдік «Ликуд» саяси партиясы да Палестина мемлекетінің құрылуына қарсы. 2009 жылы премьер-министр Б.Нетаньяху Бар-Илан университетінде жасаған мәлімдемесінде, «Егер палестиналықтар Израильді еврей халқының мемлекеті деп танитын болса, онда болашақ бейбіт келісімде біз демилитаризацияланған Палестина мемлекетін құру туралы шешімге қол жеткізуге дайын боламыз» деп жариялаған. Дегенмен, Кнессет депутаты Ципи Хотовели Б.Нетаньяхудың мәлімдемесін «әлемдік қауымдастыққа арналған тактикалық мәлімдеме» деп айқындайды. Яғни екі мемлекет құру идеясы бойынша Израиль және Палестина ішінде де саяси ауызбіршілік жоқтығын аңғарамыз. Мұндай жағдайда қақтығыстың өз шешімін табуы күрделі мәселе. 

Екі мемлекетті құру туралы шешімге қол жеткізу мақсатымен соңғы жылдары Израиль мен Палестина әкімшіліктері арасында келіссөздер жүргізілді. 2013 жылдың тамызында басталған АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керридің араласуымен жүргізілген соңғы келіссөздер 2014 жылы Палестина басшысы Махмуд Аббастың, палестиналық «Фатх» және «Хамас» топтарының ымыраға келуін жариялағанына қарсылық танытқан Израильдің келіссөздер үрдісінен шығуына байланысты тоқтады. 

Жоғарыда келтірілген тарихи фактілер ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Израиль тарапынан Палестина жерінде өз мемлекетін құруы ғана емес, көршілес жатқан Иордания, Египет, Ливан, Сирия аумақтарын да басып алуға ұмтылғандығын көрсетеді. Сонымен қатар Израильдің еуропалық елдер мен Америка Құрама Штаттарының қолдауына ие болуы, сондай-ақ араб мемлекеттерінің арасында ынтымақтастықтың толыққанды қалыптаспауы және ауызбіршіліктің болмауы салдарынан, араб-еврей қақтығысы ХХІ ғасырдағы қауіп-қатерге толы мәселеге айналды. 

Израильдің Таяу Шығыстағы саясатының негізгі мәні – Инон жоспарынан көрініс табады. 1982 жылы Израильдің «Kivunim» журналында Ариэль Шаронның журналист Одед Инонның (Oded Yinon) «1980 жылдардағы Израиль стратегиясы» атты мақаласы жарияланды. Онда Израильдің мақсатының ең маңызды себептері сионистік идеялардың ықпалында тәуелсіз және күшті еврей мемлекетін құру, сонымен қатар қазіргі уақытта арабтар монополиялап отырған аймақтағы мұнай қорларына қол жеткізу және экономикалық күшке ие болу деп жазылған. Кейіннен бұл мақала негізінде араб елдерін бірнеше кішігірім квази мемлекеттерге бөлуді астарлаған «Инон жоспары» (Yinon Plan) қабылданды. Бұл мәселе төңірегінде әлеуметтанушы, Монреаль «Жаһандану проблемаларын зерттеу» Орталығының ғылыми қызметкері Махди Дариус Наземройя өзінің 2011 жылы жарияланған мақаласында: «Инон жоспары – бұл Израиль мемлекетінің аймақтық үстемдікке бағытталған стратегиялық жоспары. Ол бойынша араб мемлекеттерін фрагментарлы түрде кішігірім мемлекеттерге айналдыру арқылы Израильдің геосаяси жағдайын жақсарту көзделген. Жоспар бойынша Ирак шииттер, сунниттер, күрдтер түріндегі жекелеген 3 мемлекетке бөлінуі көзделген. Сонымен қатар, аталмыш стратегия бойынша Ливия, Египет, Сирияны, Иранды, Түркияны, Сомали және Пәкістанды кішігірім мемлекеттерге бөлу жоспарланған деген пікірлерді ұсынады.

Сонымен қатар 7 қазанда басталған Палестина мәселесінің қайта жандануы аймақтағы геосаяси өзгерістерден туындайды. 2022 жылы Украинадағы соғыстың басталуы, Тайвань мәселесінің көтерілуі, Қытай және Америка арасындағы бәсекелестік, Таяу Шығыс аймағындағы ұстанымы берік және ықпалы жоғары Америка Құрама Штаттары мен Еуропалық Одақ елдерінің аймаққа қатысты саясатын біршама бәсеңдетті. Керісінше, Шығыс-Батыс арасындағы сауда мен инвестицияны дамытуға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық «Бір белдеу – бір жол», «ХХІ ғасырдағы теңіз Жібек жолы» геосаяси жобаларын дамыту жолындағы стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін Қытай стратегияларында Таяу Шығыс аймағының маңызы артты. Сонымен қатар Таяу Шығыстың геосаяси құрылымының өзгеруіндегі басты мәселе ретінде Иран–Қытай–Ресей арасындағы ынтымақтастықтың артуын ерекшелеуге болады. 2023 жылы 16-17 наурыз аралығында Ресей–Қытай–Иран әскери күштерінің қатысуымен өткен әскери жаттығуларды, 2021 жылы 27 наурызда қол қойылған Иран және Қытай арасындағы 25 жылға арналған ынтымақтастық бағдарламасын, 2023 жылы 4 шілдедегі ШЫҰ 23 саммитінде Иранның ұйымға мүшелікке өтуін әріптестіктің маңызды қадамы ретінде бағалауға болады. 

Бұл өзгерістерге жауап ретінде Израиль мемлекеті Таяу Шығыста өзінің стратегияларын айқындап, аймақтағы негізгі күш орталығына айналуға ұмтылуы да қазіргі жағдайды туындатып отыр. Американдық тарихшы Хал Брэндс өзінің «АҚШ қазіргі жағдайда Қытай, Иран және Ресейге қарсы тұра алады ма?» атты мақаласында үш ел арасындағы әріптестіктің негізіне: қару-жарақ саудасын және бірлескен әскери жаттығуларды, қорғаныс технологиялары саласындағы байланыстардың кеңеюіне негізделген ынтымақтастықты жатқызады және Иран ядролық қаруды жетілдіру бойынша бағдарламаларын тоқтатпаса, АҚШ және Израиль қосымша күш әдістерін қарастыруы мүмкін деген тұжырымдар жасайды. Ал Израильдің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі болған, израильдік әскери барлаудың зерттеу бөлімінің басшысы Яаков Амидрор өз сұхбатында Таяу Шығыстағы АҚШ басымдықтарының өзгеруін қауіпсіздік жүйесіндегі басты қатер ретінде қабылдайтындығын, осыған байланысты Иранмен соғыстың ықтималдығы күн сайын артып келетіндігін және Израиль АҚШ көмегіне жүгінбей Иранға шабуыл жасауға дайындалу қажеттігін мәлімдеген.

Қазіргі таңда БҰҰ тарапынан халықаралық қауымдастықтың ауызбіршілігі негізінде қақтығысты реттеу және әскери істерді тоқтату, барлық кепілге алынғандарды босату, гуманитарлық көмекке қауіпсіз және кедергісіз қол жеткізу қажеттілігі жарияланып отыр. Бірақ, бұл жолдағы басты кедергі – қазіргі таңдағы қалыптасқан халықаралық тәртіптің дағдарысы. Әлемдік саясатта қос стандарт орын алып, БҰҰ және басқа да халықаралық, аймақтық ұйымдардың шешімдері жүзеге асырылмайтын жағдай орын алды. Сонымен қатар террористік қозғалыстар, ұлтшылдық, шовинизм ұшқындарын айыптау арқылы тәуелсіз мемлекеттің ішкі ісіне қол сұғу немесе аумағын аннексиялау жүзеге асырылуда. Палестина және Украинадағы жағдай осы тұрғыдағы саясаттың дәлелі. Бұл қақтығыстар траекториясының жаһандық деңгейге ауысып кетуінің қаупі ерекше. Халықаралық қатынастардың негізгі қатысушыларының ішінде ауызбіршілік жоқ. Израиль мемлекетіне қарсы тұратын араб мемлекеттерінің әлеуеті де жоғары емес. Ливия, Ливан, Ирак, Сирия жерлері «Араб көктемі» толқуынан кейін саяси хаосты бастан кешіріп отыр. Египет саяси және экономикалық дағдарысты еңсеруге барлық күш-жігерін жұмсауда, аумақтарының басым бөлігінде АҚШ әскери базалары орналасқан Парсы Шығанағы елдерінің қақтығысқа белсенді араласуға әлеуеті аз. Иорданияның да әскери күштері шектеулі. Таяу Шығыстағы белді мемлекет ретіндегі Иранның да бұл қақтығысты реттеуге қатысуға мүмкіндігі шектеулі. 

Израиль-Палестина қақтығыстарын шешудің жалғыз жолы – Израиль мен араб елдері арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру жөніндегі келіссөздер аясында тәуелсіз Палестина мемлекетін құру. Дегенмен Израиль мемлекеті палестиналықтарға нақты мемлекеттілік пен қауіпсіздікті, сондай-ақ тең экономикалық және саяси мүмкіндіктерді ұсынуға мүдделі емес. 

Жалпы, гуманитарлық дағдарыстың туындауына кінәлі басты тарап – «Хамас» тобы және трансұлттық қозғалысқа айналған террористік ұйымдардың қызметі. Терроризммен күрес мәселесі ХХІ ғасырда геосаяси мүдделермен ұштасып кетіп отыр. 2022 жылдан Ресей Федерациясы нацизммен күрес сылтауымен Украинаның аумақтарын өзіне қаратып алса, «Хамаспен» күрес деген желеумен Израиль Палестинаның бейбіт өмірін талқандаумен айналысып отыр. Исламистік қозғалыстармен күрес деген желеумен АҚШ және ЕО елдері араб елдерін бомбалауға ұшыратып, салдарынан Таяу Шығыста саяси тұрақсыздық орнады. Барлық жағдайда зәбір көретін – бейбіт тұрғындар, бейкүнә сәбилер. Осы жағдайдың алдын алу үшін мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау саясаты негізінде аймақ елдерімен бірлесе отырып, терроризм, экстремизм, сепаратизм ұшқындарына қарсы тұру және түрлі-түсті революциялардың, радикалдық идеялардың экспортталуына тосқауыл қою өте маңызды болып табылады. 


Түйін. Қазіргі таңда рухани қауіпсіздік мәселесі де алдыңғы қатарға шығып отыр. Қазіргі жағдайда негізінен әлеуметтік желілерден ғана ақпарат алатын, ғылыми әдебиеттерді оқуға құлқы жоқ жастардың қатары қалыптасты. Әлеуметтік желілерде 2022 жылдан бері Украина, ал қазіргі кезде Палестина мәселесі қызу талқылану үстінде. Ешқандай тарихи фактілер мен нақты саяси шынайылықтарға негізделмеген ақпараттар таратылуда. Жастардың жалған ақпараттар легіне тартылмауы және ұлтшыл-шовинистік-экстремистік идеяларға шырмалмауы үшін Түркістан облысы мен Шымкент қалаларындағы ЖОО аясында сараптамалық орталықтарды кеңінен ашу қажеттілігі айқындалады. Ресми бұқаралық ақпараттарға қарағанда, әлеуметтік желілер материалдарын жөн көретін жастар үшін әлемдік саясатта орын алып жатқан іргелі оқиғалар мен олардың мәнін, себебін және еліміз үшін қауіптерін айқындау мақсатында ішкі саясат органдары тарапынан әлеуметтік желілерде ғылыми негізделген ақпараттар таратумен айналысу қажеттілігі де айқындалады. Облыс деңгейінде қоғамның сан саласын қамтитын, ақпараттық қауіпсіздігімізді өте жоғары деңгейде қамтамасыз ететін, өз ісінің білікті мамандарынан құралған ақпараттық орталық құру да өзекті іс.

Жұлдыз ТӨРЕҚҰЛОВА,

PhD доктор, М. Әуезов атындағы ОҚУ доценті.



1 пікір

  • sonisvbmnm
    sonisvbmnm

    МЕНІҢ КУӘЛІМДІ ОҚЫҢЫЗ Менің атым Алия Ахмед, қазақстандық, жалғыз басты, күйеуім қайтыс болғанға дейін бізге сонша қарыз қалдырды, мен қатты қарызды қалай өтерімді білмей, абдырап қалдым. Бір күні интернетті ақтарып отырып, мен Мариямның Albaker несиелік фирмасының несие алуға қалай көмектескені туралы куәлігін көрдім. Сондықтан мен компанияның поштасы арқылы 5 жылға 85 000 доллар несие алуға өтініш бердім ( albakerloanfirm@gmail.com ). Мен үшін не істегенін әлем білсін, мені таң қалдырды, 48 сағаттан аз уақытта менің несием 2% пайыздық мөлшерлемемен бекітілді. Қазір күйеуімнің қарызын өтеп, жеке өмірімді, бизнесімді бастадым. Мен жай ғана уәдемді орындадым. Сонымен, кем дегенде 2% несиенің кез келген түрін алғыңыз келсе, Albaker несиелік фирмасына оның электрондық поштасы арқылы хабарласыңыз ( albakerloanfirm@gmail.com )

Пікір қалдырыңыз