Cозақта жаңа кен орны табылды

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».
Ата-бабаларымыз «Дарақ бір жерден көгереді» дейді. Бұл cөз көбіне бір салаға саналы ғұмырын арнап, соның қызығы мен шыжығына көніп, түбінде содан рахат тапқан адамдарға қарата айтылатын секілді. Осындай жандардың бірі – 28 жылдан астам өмірін еліміздің уран өндірісіне арнаған әрі әлі де сол бағытта еңбек етіп жүрген – Төлеген Зинулин.
Төкеңмен жол үстінде таныстық. Алпысты алқымдаған ел ағасы «Катко» қазақ-француз біріккен кәсіпорнында вахталық әдіспен көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді екен. 1960 жылы Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданына қарасты Қияқты ауылында дүниеге келген ол сондағы мектепте орта білім алып, Тараз мемлекеттік университетін инженер-механик мамандығы бойынша бітіріпті. Бірақ, инженер болып мүлде жұмыс істемепті. 1995 жылы «Катко» (компания ол кезде «Кожема» деп аталатын) Ақтөбеге алғаш рет алтын өндіруге келгенде, Төкең ойда-жоқта оларға көлік жүргізушісі болып жұмысқа орналасады.
«Адамның басы – Алланың добы» демекші, Созақта тұрақтап қаламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті, – дейді Төлеген ағамыз. – Міне, содан беріде 25 жыл өте шығыпты. 1997 жылы компания ауданнан уран өндіруді бастағанда, басшылық қарапайым көлік жүргізушісі болып жұмыс істейтін мені Ақтөбеден Созаққа ауыстырып алды. Келісімен Таукент қалашығынан үй әперді. Қатардағы көлік жүргізушісіне дейін қолайлы жағдай жасайтын осындай кәсіпорынды көріп пе едіңіз? Осыдан-ақ компанияның мамандарды қаншалықты жоғары бағалайтынын пайымдай беріңіз. Әйтпесе, мен секілді көлік жүргізушісі Созақтан да табылар еді ғой. Бұрын-соңды бұл өңірге ат ізін салмаған екенмін, теріскей жұрты мені ә дегенде-ақ өз баласындай қарсы алып, құшағына басты. Осы жылдары ағайын арттырып, көптеген жора-жолдас таптым. Ұл-қыздарым осында білім алып, барлығы жоғары оқу орнын бітірді. Ұлым қазір Польша елінде заңгерлік білімін жетілдіріп жүр. Міне, мұның барлығына өзім ширек ғасыр еңбек еткен «Катко» компаниясының арқасында қол жеткіздім. Бұйыртса, келесі жылы зейнеткерлікке шығамын. Өзім секілді 20 жылдан аса жұмыс істеген мамандарды компания күні кеше арнайы құттықтап, сый-сияпат жасады. Бұл қарапайым еңбек адамына деген құрметтің жарқын көрінісі дер едім».
Сөз басында айтқанымыздай, «Катко» қазақ-француз біріккен компаниясының құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Кеншілер ширек ғасырлық мерейтойын күні кеше құм ішінде орналасқан «Жұлдызды қалашықта» дүркіретіп атап өтті. Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, «Катко» БК ЖШС-нің бас директоры Паскаль Бастьен, «Орано Майнинг» компаниясының президенті Николас Мас, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құқықтық қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Қазбек Шаймердинов, «Орано Майнинг» компаниясының коммуникация, жауапкершілік және өзара әрекеттесу бойынша вице-президенті Жиль Рикоше және басқа да тұлғалар қатысты.
«Өткенсіз – бүгін жоқ, бүгін-
сіз – келешек жоқ» дегендей, кәсіпорынның ширек ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты шара тарихи бейнебаяннан басталды. Онда кен орындарының ашылу сәті, кейінгі қол жеткізген толағай табыстарына шолу жасалып, алдағы жоба-жоспарлары көрсетілді. Өткенге шегініс жасасақ, «Катконың» құрылу тарихы 1996 жылдан бастау алады. Сол жылы «Орано» және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-сы бірлесіп серіктестік құру туралы ортақ мәмілеге келіп, Созақ ауданында кен орнының алғашқы қазығы қағылды. Бүгінгі таңда компанияның «Мойынқұм» және «Төртқұдық» кен орындарында 1200 адам жұмыс істейді. Оның 73 пайызын Түркістан облысының тұрғындары құрайды. Компания құрылғалы бері 45 мың тонна уран өндіруге қол жеткізген. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл 100 млн. тонна мұнай, 140 млн. тонна өндірілген көмірдің үлесіне тең көрсеткіш. Яғни бұл Қазақстанда өндірілетін уранның 7 пайызы «Катконың» үлесінде.
– Ширек ғасырда Қазақстан Үкіметі мен серіктестеріміздің үлкен қолдауының әрі мыңдаған қызметкеріміздің қажырлы еңбегі арқасында орасан зор жетістіктерге жеттік. Қазақстанның экономикасы мен Түркістан облысы жұртшылығының әлеуметтік жағдайын жақсартуға да қосқан үлесіміз қомақты. Атап айтар болсақ, осы 25 жыл ішінде компания тарапынан ел экономикасын ілгерілетуге 500 млн. еуро шамасында инвестиция салынды. Ол қаржыға қаншама әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Біз мұндай игілікті істерді әрі қарай жалғастыра береміз, – деді серіктестіктің бас директоры Николя Бастьен.
Шынында да, компанияның басты қағидаларының бірі – әлеуметтік жауапкершілік. Жұмысшыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, аймақтың тыныс-тіршілігіне де белсенді түрде атсалысады.
Ал, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің айтуынша, «Катконың» аудан үшін орны ерекше.
– Себебі, қаншама азаматты жұмыспен қамтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізіп келеді. Компанияның демеушілігімен бүгінге дейін мектеп, балабақша салынып, 15 спорт алаңшасы ел игілігіне ұсынылды. 12 мектептің мультимедия кабинеттерін, химия, физика және биология зертханаларын жабдықтап берді. Жақында аудан орталығынан ашылған ардагерлердің «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығына да қол ұшын созды, – деді Мұхит Сексенбайұлы.
Салтанатты шарада компания басшылығы жаңа кен орнының табылғанын көпшілікке жария етті. «Оңтүстік Төртқұдық» деп аталатын жаңа кен орнының өндіріс жұмыстары 2024 жылға қарай басталмақ. Жоба аясында уранмен байытылған ертіндіні құбыр арқылы Төртқұдықтағы өңдеу зауытына жеткізетін гидравликалық желі салынады. Ал, жаңадан бой көтеретін зауытта десорбат (жер астынан шаймалау әдісі арқылы алынатын өнім) шығарылып, оны одан әрі өңдеу үшін Төртқұдық учаскесіндегі өңдеу зауытына жеткізеді. Бұл жоба Созақ ауданы мен Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша инвестиция әкелмек. Салтанатты шарада компания басшылығының жаңа кен орны жайлы жазылған жолдауы болашақ инфрақұрылымның іргетасы қаланатын арнайы капсулаға салынды.
Осындай ортақ істе «Каткомен» иық тіресе қызмет етіп келе жатқан басқа серіктестіктер мен компания қызметкерлері сахна төріне шақырылып, оларға сый-сияпат жасалды. Шара соңы өнер жұлдыздарының концертіне ұласты.