Темекінің жақсысы жоқ

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».

Темекінің зиян екенін білмейтін адам кемде-кем. Тіпті, жоқ десе де болғандай. Сөйте тұра шылым шегушілердің қатарының селдірейтін түрі байқалмайды. Қайта қазір темекінің түр-түрі шығарылуда. Солардың арасында электронды темекілер сұранысқа ие. Мұның бәрі – бірінші кезекте кәсіпкерлердің жасап отырған маркетингтік жүйесі. Ал, мамандар электронды темекінің зияндылығын айтып дабыл қағуда.

Мәселен, италиялық бір топ ғалым өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА) бар науқастар арасында электронды темекінің денсаулыққа әсері туралы ұзақ мерзімді зерттеу жүргізді.

Өкпенің созылмалы обструктивті ауруымен көбіне егде жастағы ер кісілер ауырады. Бұл – өкпенің созылмалы қабынуы. Бұл ауру өлім себептерінің арасында әлемде төртінші орынға ие болған. Аурудың негізгі себептері ауаның ластануы және темекі шегу болып табылады. Қазақстанда ӨСОА ауруы ресми статистикаға сәйкес, 100 мың ересек адамға шаққанда 360 бен 500-дің аралығын құрайды. 2013-2015 жылдары ТМД елдерінде Chronic Obstructive Respiratory diseases тәуелсіз эпидемиологиялық зерттеуі жүргізілді. Нәтижесінде Қазақстанда ӨСОА ауруы ресми деректерден 17 есе артық екені дәлелденді. Яғни Қазақстанда ӨСОА-мен ауыратын науқастардың саны 1,3-1,5 млн. адамды құрауы мүмкін.

Зерттеу көрсеткендей, ӨСОА-мен ауыратын науқастарда өкпенің нашарлауы байқалмады. Науқастар дәстүрлі темекіден электронды темекіге ауысқаннан кейін тыныс алу белгілерінің жақсарғаны туралы хабарлады.

Зерттеу барысында пациенттер екі топқа бөлінді – олардың бірі темекі шегуді жалғастырды, екіншісі электронды темекі өнімдерін пайдалануға көшті. Өз кезегінде, электронды темекіге өткендер темекіден және «аралас» тұтынушылардан толығымен бас тартқандарға бөлінді. Ғалымдар зерттеудің басында және 12, 24 және 36 айдан кейін науқастардың жағдайын салыстырды. Олар спирометриялық көрсеткіштерді өлшеп, ӨСОА бағалау тестін қолданды. Сонымен қатар, физикалық белсенділік пен күніне шегілетін темекілер саны ескерілді.

Темекіні қыздыру жүйесіне толығымен немесе ішінара көшкендерде өкпенің нашарлауы байқалмады, өршу аз болды, CAT көрсеткіштері және физикалық белсенділік тесті жақсарды. Шылым шегуден бас тарту және қыздырылатын темекі өнімдерін пайдалануға көшу көптеген пациенттерге ауру ағымының ауырлығына сәйкес ауырдан жеңілге өзгертуге мүмкіндік берді. Бұл ретте, тіпті «аралас» топта да күн сайын шегілетін темекі көлемі кем дегенде 70%-ға қысқарды. Мұндай науқастарда тыныс алу параметрлерінің дәйекті жақсаруы және өмір сүру сапасының жоғарылауы байқалды.

Итальяндық ғалымдардың зерттеуіне түсініктеме бере отырып, «Аман-Саулық» қоғамдық қорының басшысы Бақыт Түменова шылым шегуден бас тарту ӨСОА-ның өршуінің алдын алатынын атап өтті. Бірақ, темекі тұтынатындардың барлығы шылым шегуді жалғастырудың қауіпті салдарын біле тұра, зиянды әдеттен бас тартуға дайын емес екендігін де ескеру қажет. Сондықтан кәдуілгі темекіні электронды темекіге ауыстыру туралы осы зерттеу темекі шегушілер арасында аурудың өршуінің алдын алуда перспективалы маңызға ие.

«Темекінің жану өнімдері бірқатар аурулардың, соның ішінде өкпе қатерлі ісігі, ӨСОА сияқты қауіпті аурулардың туындауына себеп бола отырып, денсаулыққа орасан зор зиян келтіреді. Дәстүрлі темекіні қолданған кезде темекі шегуші никотинді ғана емес, темекіні жағу кезінде пайда болатын шамамен 6-8 мың түрлі химиялық қосылыстарды, оның ішінде денсаулыққа өте қауіпті қосылыстардың 100-ден астам түрін жұтады. Бұл зерттеу адамның өкпесіне зиян келтіретін негізгі фактор жану кезінде пайда болатын темекі түтіні екенін тағы бір рет растады. Ал, электронды темекіге өткен пациенттер никотин алуды жалғастырса да, біраз зиянды әрекеттерден айналып өтті» дейді Бақыт Түменова.

Ал, біз өз тарапымыздан қандай темекі болса да адам баласына зиян екендігін ескерткіміз келеді. Темекінің жақсысы болушы ма еді?!

 

 

Пікір қалдырыңыз