Темірден түйін түйген

Бүгінде әлеуметтік желіден небір қажетті ақпараттарды алып, күнделікті өміріңізге пайдалануға мүмкіндік мол. Ауыл шаруашылығы техникаларын өздері жасап алып жатқандардың тірлігін көріп, әуесің кетеді. Созақ ауданындағы Сызған ауылында да сондай темірден түйін түйетін азаматтың қолдан жасаған дүниелерін көріп, ел ішінде таланттардың көп екендігіне әбден көзіміз жеткендей болды.

Нияз Сқақов керемет дәнекерлеуші ретінде елге танылған жігіт. Ол – ауыл үйлеріне су, жылу жүйесін жүргізіп, ел алғысын алып жүрген азамат. Көршілес Созақ, Қайнар, Таукент ауылдарынан да тапсырыстар түсіп жатады. Қолы бос уақытта қақпалар, түрлі пештер, арбалар, астаулар жасап, ел игілігіне ұсынуда. Оның жасаған қоларбалары жеңіл әрі төзімді. Сызғандықтардың өздері айтпақшы, «дүкендерде қатарласып тұрған тәшкілерден өлсе, өлігі артық». Үйінде жеңіл көлікке тіркеуге болатын тіркемеден жел үрмелі арба жасап қойыпты. Бұл дүниені жасауға ютуб желісінің көп көмегі тиіпті. Мал суаруға арналған темір астаулар, шөп турайтын қондырғылар, түрлі тачкалар көздің жауын алады.

Енді Нияз жанармаймен жұмыс істейтін шөп оратын агрегаттың моторын велосипедке орнатып, ноу хау жасап көрмекші. Ниетіне жетсін. Сонымен бірге, отынды аз мөлшерде қажет етіп, үйді тез жылытатын пеш жасап шығу да ойында бар екен. Алла берген дарынды тұншықтырмай іске асырып, елге пайдасы тисе, қанеки!

Осыдан кейін қазақты қалай ғана «жалқау, қолынан түк келмейтін халық» деп айтарсың?!

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

 

 

Пікір қалдырыңыз