Мейірім мен нысап

Осынау екі ауыз сөздің астарына тереңірек үңіле білсек, онда қаншама мән-мағына, тәлім-тәрбие, терең пәлсапалық ой жатқандығын аңғарар едік-ау. Әттең, соның байыбына бара бермейтініміз өкінішті-ақ.

Өткенде бір танысымыз «байқайсың ба, соңғы кездері кейбір жастарымыздың арасында мейірім мен шапағат азайып, ынсапсыздық пен қанағатсыздық белең алып бара жатқан сияқты көрінеді» деген ой айтып қалды. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, расында да бұл көпшілігіміздің көкейімізде жүрген ой екеніне келісетін шығарсыз.

...Бізбен бір көшеде жасы сексеннен асса да әлі бақуат, өмірде көргені мен түйгені мол, елге сыйлы қария тұрады. Сол Сұлтекең орталықтағы кеңседе әлдебір шаруасы болып, көлік күтеді. Аялдамаға қарай келе жатқан көршісінің жеңіл автокөлігін көріп, қолын көтереді. Алайда, әлгі жігіт қартты көрсе де көрмегендей сыңай танытып, қасынан зу етіп өте шығады. «Салоны бос кетіп барады, ала кетсе қайтер екен, жолақысын төлер едім ғой. Оның үстіне «көрші ақысы» деген бар емес пе? Жас емес, соқталдай азаматтың соны білмегені ме?» деді қария ренішін жасыра алмай.

Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен, кейбір жастарымыз ұлтымыздың «алтын алма, алғыс ал» деген тәмсілін естен шығарып алғандай. Қартын сыйлап, жасы кішіні маңдайынан сипаған мейірімді халықтың ұрпағы емес пе едік? Әлде капитализмнің өкпек желі біздің санамызға шабуыл жасады ма? Бір қарағанда заман орнында, күн уақтылы шығып, ай да өз ұясына мерзімінде батады. Олай болса, кемшілікті өзімізден іздегеніміз жөн-ау.

Дана халқымыз «Нысап сайын береке» дегенді текке айтпаған. Адамнан нысап кеткен кезде дүниеге деген ашкөздік пайда болады. Нарықтық қатынастар кезінде ақшаға деген құмарлық алға шығып кеткен тәрізді. Мүмкін, біреулер мұнымен келіспес, бұл менің жеке пікірім.

Байқап та, сезіп де жүреміз, кейбір пысықайлар «ойбай, несін айтасың, бензин мен электр энергиясы қымбаттап жатыр» деп тауарының құнын әп-сәтте көтеріп жіберетін болды. Оған мұның не деп жатқан тағы ешкім жоқ. Жарайды, азық-түлік секілді күнделікті тұтыну тауарларының бағасы көтерілуін мақұл делік, ал, халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін монша, шаштараз, тағы басқа да осы секілді мекемелерге не жорық? Келесі жолы бас сұққаныңда егесі көрсетілетін қызмет құнына 50-100 теңге қосып қойып, түк білмегендей тұра береді. Әрине, бұған мұның бәрі күнкөрістің қамы ғой деп уәж айтатындар табылар. Алайда, бір мезгіл хакім Абайдың «қанағат, рахымын» да ойлап қойғанымыз абзал-ау.

Қалай десек те, мейірім мен нысаптың адамдықтың асыл қасиеті екенін ұмытпайық.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ, зейнеткер.

 

 

Пікір қалдырыңыз