Тыңғылықты іске тиянақты жауап

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістан облысында аудан, қала әкімдерінің әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып, тұрғындарды мазалаған сауалдарға жауап беру бастамасы көпшіліктің көңілінен шықты. «Егер осылайша тікелей эфир жанды, ашық өтетін болса және онда көтерілген мәселелер шешімін тауып жатса, жұрт өздерінің алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіреді» деп жазды әлеуметтік желі қолданушыларының бірі өзінің парақшасында.

Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев 23 шілдеде өткен тікелей эфирде пандемияға қарсы күрес және дәрі-дәрмек мәселесі бойынша баяндады. Сонымен қатар тұрғындарды мазалаған түрлі сауалдарға жауап қайтарды. Бүгінгі таңда халқының саны 108 мыңға жетіп отырған аудан негізінен аграрлы аудан болып есептеледі. Жалпы, өңірлік өнім көлемінің 30 пайыздан астамы осы ауыл шаруашылығы саласының үлесінде. Кәсіпкерлік саласының үлесі де жылдан-жылға артып келеді.

«Ауданда егіншілікпен қатар мал шаруашылығы саласын жан-жақты дамыту үшін нендей шаралар атқарылуда?» деген тұрғын сауалына әкім жан-жақты жауап берді.

– Ауданның басты бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы саласы екенін жоғарыда айтып өттім. Оның жалпы үлесі биылғы жартыжылдықта 15 млрд. теңгеге жетіп отыр. Соның ішінде мал шаруашылығының үлесі 13 млрд. теңгеден астам. Сала өте қарқынды дамып келеді. Жылдан-жылға жаңа инновациялық технологиялар қолданылуда. Жуырда Қызылқия елді мекеніндегі жаңбырлатып суару әдісін пайдаланып жатқан шаруалардың жұмысымен танысып қайттық. Олар итальяндық үш қондырғыны 24 миллион теңгеге өз қаражаттарына сатып алған. Тәулігіне 7 гектар алқапты жаңбырлатып суарады. Сондай-ақ, егін шаруашылығында да нөлдік технология әдісі кеңінен қолданылып келеді. Қазіргі таңда көптеген шаруалар жерді жыртпастан, бірден инновациялық сеялкаларды пайдалану арқылы егіншілікпен айналысуда. Осы арқылы олар әр гектардан 15-20 мың теңгеден үнемдеуде. «Сапа – 2002» шаруашылығындағы 1500 гектарға егін осы жаңа әдіспен егілген. Яғни олар осынша гектардан 30 миллионға жуық теңге үнемдеп отыр.

Кейбір тұрғындарды жол мәселесі алаңдатады. Бұл тұрғыда аудан басшысының айтуынша, жылда инфрақұрылымға бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отырады. Аудандық маңызы бар жол 361 шақырымды құраса, солардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 47 пайызды құрайды. Бұл жол жөндеу саласында атқарылатын жұмыстардың әлі де көп екендігін көрсетеді. Сонымен қатар былтыр және биыл Қазығұртта «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында да аудандық маңызы бар жолдарды және ішкі жолдарды жөндеу қарқынды жүргізілді. Жалпы ішкі жолдың көлемі 812 шақырымды құрайды. Оның 53 пайызы қанағаттанарлық жағдайда, 47 пайызы жөндеуді қажет етеді.

Мұнан бөлек, аудан әкіміне тұрғындар тарапынан қашықтан оқыту бағдарламасына сәйкес интернет желісін тарту, карантин кезінде талап бұзушылықтарға қолданылған шаралар және тағы басқа сұрақтар қойылып, оларға нақты жауаптар берілді. Жыл соңына дейін 30 елді мекенге, оның ішінде бірінші кезекте білім мекемелеріне, әлеуметтік нысандарға интернет желісін тарту жоспарланып отыр. Ал, «Майлыошақ ауылына газ қашан келеді?» деген сауалға аудан басшысы бұл тұрғыда жұмыстар жоспарлы түрде жүріп жатқанын, барлық құжаттар дайындалып, бүгінгі таңда облыстық бюджеттен қаражат сұралып сұралғанын жеткізді. Қазіргі таңда бұл ауылда су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде.

«Пандемия кезінде ауданда жұмыссыздар саны өсуде. Бұл проблемаларды шешу үшін әкімдік қандай шараларды қолға алды?» деген сауал да бүгінгі күннің өзекті мәселесіне арналды. Аудан әкімі осыған орай берген жауабында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отырғанын айтты. Бұл тұрғыда мемлекет қабылдап отырған арнайы бағдарламалар, соның ішінде «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы аясында да қолға алынып жатқан тірліктер барын алға тартты. Осы бағдарлама аясында биыл ауданға 471 млн. теңге бөлініпті. Осы қаражаттың есебінен орталық саябақтың, дендросаябақтың және аудандағы 7 мектептің күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған тартылған жергілікті азаматтарға 85 мың теңгеден айлық жалақы төленіп отыр. Мұнан бөлек, өз кәсібін ашамын дегендер үшін де барлық жағдайлар жасалғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Т.Телғараев аудандағы жаз кезінде қатты байқалатын ауыз су тапшылығы мәселесін де қозғады. Сондай-ақ, қазіргідей карантин шаралары кезінде аудан базарларында тиісті талаптардың сақталуы, елді мекендерде дезинфекциялық жұмыстардың жүргізілуі тәрізді мәліметтермен бөлісті. Тікелей эфир соңында әкімнің жұмысына көңілдері толатынын білдірген тұрғындар алдағы атқарылар істерге сәттілік тілеп, ізгі ниеттерін білдірді.

 

 

Пікір қалдырыңыз