Әке – тірек, бала – жүрек

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Біздің қазақта «Әкенің жақсылығы жездедей-ақ» деген сөз бар. Оқырмандар кешірсін, қанша қабылдайын десем де осы сөзді қабылдай алмай-ақ қойдым. Осы сөзді малданып жүрген көптеген әкені білеміз. Әзәзілдің жетегіне еріп, ащы судың соңында кеткендер, тұрмыс тауқыметін алға тартып, қарақан басын алып жүре алмағандар, отбасы жылуынан қашып, жан тыныштығын іздеп кеткендер, дөңайбат, дөкір мінездерімен жарына, бауыр еті – балаларына жеккөрінішті болғандар арамызда аз емес.

Отбасының құлдырауы, түптеп келгенде, ұлттың, қоғамның өркендеуіне зиянын тигізеді. Отбасын сақтай алмаған ер-азаматтар қоғамда түрлі кедергілерге тап болады. Әке мейіріміне мұқтаж балалар өз ортасында орындарын таба алмайды. Олар жалтақ, біреудің көмегінсіз ештеңе істей алмайтын бойкүйез болып қалыптасады. Ер-азаматтың мысы болмағандықтан да мінез-құлқында ауытқушылықтар аңғарылады. Көрген-баққаны анасы ғана болғандықтан, соған – әйел адамға еліктейді. Өз бетінше шешім қабылдай алмайды.

Бүгінде отбасында еркек пен әйелдің орындары ауысып кеткендей. Еркек – бас та, әйел – мойын. Демек, мойын басты қалай қарай бұрамын десе де еркінде. Осыдан соң еркектің беделі қала ма? Бұған жетпіс жыл бойы үстемдік еткен Кеңес Одағының идеологиясы да себеп болған сияқты. Сол кезеңде ерлі-зайыптылар ажырасатын болса, балаларын анасының бауырында қалдыратын заң әлі күшінде. Ал, еркек баласы он сегіз жасқа толғанша алимент төлеуі тиіс. Осының өзі әке беделін төмендету емес пе? Ұл-қызға қашан да әке мейірімі керек.

Әке – асқар тау. Баласы үшін таутұлға. Бала әкесіне қарап өседі. Сондықтан әр әке арнайы уақыт бөліп, баласымен сырласып, кеңесіп, ақылдасып отыруы керек. Сонда баланың ой-өрісі қалыптасып, көңіл көкжиегі кеңейіп, кез келген мәселеге байыппен қарауға ұмтылады. Әкесі сенім артып, ақыл қосып отырған соң өзіне деген сенімділігі артады. Есейе келе өзі де бір шаңырақтың иесі болатынын сезініп, болашақтағы орнын айқындайды. Түзу ағаштың көлеңкесі қисық болмайды. Әке дұрыс тәрбие берсе, қоғам да дұрыс дамиды.

Осы ретте әкелер, біріншіден, баласының ішкі дүниесін тануға ұмтылғаны жөн. Балаға таңдау берген дұрыс. Әр баланың өзіндік ішкі жоспар-бастамасы болады. Мұндай жағдайда баланы кез келген дүниеге қызықтыра білулері керек. Жас кезінде баланың өмірге көзқарасы, түсінігі, пайымы қалыптасып үлгермейді. Оны қалыптастыру, дамыту – әр ата-ананың міндеті.

Әке баласының қабілеті мен неге бейімі бар екенін, нені ойлайтынын, нені сүйеді, нені жақсы көреді, неге қызығады, не нәрсені көргенде көзі жайнап кетеді, қандай күйде жан сарайы ашылады, міне, осының барлығын қадағалап, бақылап жүргенде ұрпағының шамын жаға алады. Айталық, Батыс психологтары осы ретте баланы екі бағытта үйірмеге беруді ұсынады. Біріншіден, міндетті түрде спортпен шұғылдануы тиіс. Өйткені, жасынан спортты серік еткен бала жерде қалмайды. Екіншіден, өзін қызықтыратын дүниені меңгеруі тиіс. Балаңыз, мейлі, робототехникаға, мейлі, өнер саласына қызықсын, қолынан қақпаңыз. Жалпы, баланың бос уақытын тиімді пайдалануына үнемі көңіл бөліңіз.

Облыс әкімдігінің тапсырмасымен барлық аудан, қалалардағы орта мектепте Әкелер мектебі құрылды. Мектеп құрамына ауыл-аймақтың айтулы ақсақалдары, түрлі ұйым мүшелері енген. Олар жасөспірімдер тәрбиесіне оң ықпал жасап, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды насихаттаумен айналысады.

Қорыта келгенде, отбасында әкенің орны қашан да бөлек. Ол тек бір отбасының ғана емес, тұтас ауылдың, аймақтың қамқоршысы. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» депті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз. Ал, сахабалардың хадистерінде: «Баланың ізгі болуы – Алла тағаладан, ал, әдептілік – әкеден» делінеді. Біздің қазақ «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді. Демек, өнеге өрісі әке мен түпкі негізге қатысты. Бұл жерде ананың рөлін төмендеткелі отырған жоқпыз. Ананың аты қашанда, Ана ғой, шіркін! Әңгіме – Әкелер мектебі жайлы болғандықтан, отағалары жөнінде ой тастап отырмыз. Айтқымыз келгені, әкесіз өскен бала жартыкеш болып қалады. Отбасылық береке толыққанды ұрпақ тәрбиелейді. Бұл жерде әке тірек болса, бала жүрек екенін естен шығармау керек.

 

Пікір қалдырыңыз