ОБАЛ мен САУАП

Ес біле бастағаннан ата-анамыздан «обал» мен «сауап» деген сөздерді жиі естіп өстік. «Нанды жерге тастама», «көк шөпті таптама», «дәмді ысырап етпе», «ақты төкпе», «малды теппе, обал болады» деуші еді жарықтықтар.

Осы бір тосындау ұғымды құлағымызға күнде құйып бағушы еді. Ал, «сауап» жөнінде айтатындары да әлгіндегіден кем болмайтын. «Адамға қандай да бір жақсылық жасасаң, сауап дегенің сол» дейтін. Кезінде осы сөздердің парқына жете мән бердік пе, бермедік пе, қазір есте жоқ.

Осы жолдардың жазылуына ойламаған жерден мына бір жайдың түрткі болғаны. Иманды сеніміне серік еткен, өзіміз жақсы көретін бір баламыз болушы еді. Соның аузынан жақында естіген әңгімеміз еді бұл.

Зәуімен Алматы қаласына жол жүріп бара жатып кейіпкеріміз жолай базарға соғып, өзіне қыстық аяқ киім сатып алады. Асығып-үсігіп жүріп, оның үстіне алдын-ала уәделесіп қойған таксист жігіт телефон шалып асықтырып, күтіп қалғанын айтып, мазасын ала берген соң баламыз асып-сасып жүріп алған заты үшін оның иесіне төлем жасауды ұмытып кетсе керек. Былай шыға бере заттың теңгесін төлемегені есіне түседі. Алайда, бәрі кеш еді. Кері қайтуға болмайды, алыс сапарға шығып кеткен. Содан демалыс күні шаруаларын бітіріп, дүйсенбіде Шымкентке қайтып оралады. Барғаннан қайтқанша «қап, сатушыға обал жасадым-ау» деген бір ғана ой ойлаған ол ертесіне базарға келеді.

Міне, қызық, сатушы басқа жігіт. Өз көзіне өзі сенбеген баламыз одан «алдыңғы күні осында тұрған сатушының қайда екенін айтпайсыз ба?» деп сұрайды. Сөйтсе, мұның сұрап тұрғаны әлгінің ағасы екен, сәлден кейін оның өзі де келіп қалады. «Абыр-сабырмен ақшаны алмағанымды мен де кеш біліп қалдым. Мына інім «аға, ол жігіт жүзі жылы еді, мен білсем, ақшаңызды ертең-ақ әкеліп береді, көресіз» деді. Бейнебақылау камерасынан түріңізді қайта-қайта қарап көріп, асығып жүріп ұмытып кеткен шығар деп ойладық. Үмітіміз алдамапты. Рахмет, сізге!» деп алғысын білдірді. Осылайша, асығып-үсігіп жүріп байқаусызда бір жанға обал жасадым-ау деп уайымдап келген баламыз ендігі жерде көңілі жайланып, үйіне марқайып қайтады. Иманды жандар қашан да обал мен сауапты қатар ойлап жүреді. Онсыз адами қасиеттер өркен жайып, жүректерге ұя салмасы анық.

Әлі есімде, ауылымызда Жүніс деген молда кісі болды. Нағыз тақуа жан-тұғын. Қариялар бас қосқан жерде шариғаттан айтып отыратын. «Адамның екі иығында екі періште болады. Бірі обал істерді, екіншісі сауапты істерді жазып отырады» дейтін. Ақсақалдар болса үнсіз бас изеп, ойға шоматын. Иә, жүрегіне иман ұйыған адамның обал мен сауапты ойламауы мүмкін емес қой. Осыны ескерген ата-анамыз бен ортамыз бізді жас кезімізден-ақ имандылыққа тәрбиелеген екен ғой.

Бұл – менің жеке ойым. Оны әркім әрқалай ұғынуы мүмкін. Қалай дегенде де обал мен сауапты ойлай жүргеніміз абзал-ау...

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ, зейнеткер.

 

3 пікір

  • Уалихан Нұрсулу
    Уалихан Нұрсулу

    Қазақ тіліненен деректорлық бақылау жуиысы тақырыпты біліп алдым

  • Момо
    Момо

    Рақмет

  • Моля
    Моля

    Өте нашар сәлем қалайсың бірақ ашпай жатр

Пікір қалдырыңыз