ШЫМБАЙ ОРЫНБЕК – 70 ЖАСТА

1980 жылдан бері оның бастамасымен Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойларын әр бес жыл сайын өткізу дәстүрге айналды.
Орынбек Шымбай
1950
жылы 10 ақпанда Оңтүстік Қазақстан
облысында дүниеге келген. 1966 жылы мектепті алтын медальмен
бітірген талапты жас 1969 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің
философия-экономикалық факультетіне түсіп, 1974 жылы пәлсапа(философия)
мамандығын алып шығады. Студент кезінен-ақ өзінің Отанға, елге, жерге деген
ерекше сүйіспеншілігімен, айрықша патриоттығымен көзге түседі. Сол кездің
өзінде-ақ университетке Әбу-Насыр әл-Фараби есімін беру қажет деген бастама көтереді.
Алғашқы еңбек
жолын Жамбыл (Тараз)
гидромелиорация - құрылыс институтының "Философия және ғылыми
коммунизм" кафедрасында оқытушы болып бастайды. Оқытушылардың комсомол комитетінің хатшысы болады. 1975
жылы оны Мәскеудің К.А.Тимирязев атындағы академиясының философия кафедрасына
стажер-оқытушы ретінде жібереді. 1976 жылы Жамбылға (Тараз) оралып, жұмысын жалғастырады. 1977
жылы өзінің туған өлкесіне келіп, Шымкент қаласындағы педагогика институтында
жаңа ашылып жатқан философия кафедрасына оқытушы болып қабылданады. Осы
жылдардан бастап облыстың және республиканың қоғамдық-саяси өміріне араласа
бастайды. Алдымен, елімізде «Қазақ тілі» қоғамдарын құруға атсалысты.
1980 жылдан бері оның бастамасымен Әбу Насыр
әл-Фарабидің мерейтойларын әр бес жыл сайын өткізу дәстүрге айналды. Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылын
Фарабикент деп атау туралы да ұсыныс білдіріп, ондағы Әл-Фараби мұражайының
алдына оның мүсінін қоюға да өз
үлесін қосты. 1981 жылы ҚазМУ-дің аспирантурасына түсіп, 1984 жылы Шымкент
педагогикалық институтына қайта оралады. Институт газетінің редакторы, "Жас мамандар мен ғалымдар"
кеңесінің төрағасы болады. 1988 жылы облыстық партия комитетінің сырттай
университетін «әдіскер-лектор» мамандығы бойынша бітіріп, "жоғары
категориялы лектор", "халықаралық шолушы" ретінде Қазақстандағы
барлық облыстар мен көршілес республикаларда лекциялық насихат жүргізеді. 1990
жылы республикадағы алғашқы бес ресми саяси ұйымдарының бірі "Бетбұрысты"
құрады. Ұйымының атынан қалалық атқару комитеті басшыларының атына хаттар жазып,
түрлі қоғамдық-саяси іс-шаралар ұйымдастыруға түрткі болады. Атап айтар болсақ,
қуғын-сүргін құрбандарына байланысты митинг өткізу, Қабанбай батырдың 300 жылдығына байланысты
Юбилейный даңғылын батыр есімімен атау, Алматы тас жолының атын халықаралық
«Жібек жолы» акциясына байланысты солай етіп өзгерту туралы ұсыныстар жасалды.
Кейіннен ұйым «Азат» қозғалысына айналды. Ш.Орынбек осы қозғалыстың тең
төрағаларының бірі болды. "Азат" қозғалысы сол кездегі ең ірі саяси
ұйымға айналды. Ұйым (1990-1993 жж.) қазақ халқының ар-намысы, ұяты және
мақтанышы болды деп толық айта аламыз. Себебі, ол қазақ халқының шешілмей
жатқан ең көкейтесті мәселелерін көтеріп, халық жүрегіне жақын қабылдаған ұйым
болды. Ұйым жастармен тығыз бірлесе жұмыс жүргізгендіктен, олардың өмірлік
ұстанымдарын өзгертуге де үлкен ықпалын тигізді. Осы уақыттарда Орынбек Шымбай
өз атынан Вишневский көшесіне Қ.
Рысқұлбеков есімін және Т.Д.Ибаррури атындағы даңғылына Желтоқсан атын беру
туралы мәселе көтерді. Көп өтпей, ұсыныс қолдау тауып, аталған көше атаулары өзгерді.
1991 жылы Шымкент қалалық Кеңесінің атқару
комитетінің төрағасы Қ.Төлеметов Орынбек Шымбайды аппаратқа қызметке шақырады. Сол
кісінің пәрменімен "Әлеуметтік кешен, ұлтаралық қатынастар" бөлімінің
меңгерушісі болып тағайындалады. Ол Президенттік, парламенттік сайлауларда
насихат жұмысын жүргізетін үгіт поездін басқарды.
90 жылдардың бас
кезінде Алаштың ардақты ұлы, танымал жазушы, қазақтың тұңғыш психологы Ж.Аймауытовтың
Шымкентте педагогикалық техникумның директоры болғандығын ескеріп, оның атына
көше беру жөнінде ұсыныс жолдайды. Онымен тынбай, Шымкент қаласының атауын
орысша да Шымкент деп атау және жазу туралы, қаладағы Дзержинский ауданын Әл-Фараби
ауданы деп атау жөнінде калалық кеңеске ұсыныс-хат түсіреді. Мұны қалалық кеңес
төрағасы Қ.Төлеметов те, 1991 жылы 25 қарашадағы қалалық кеңестің сессиясында
депутаттар да қолдап шықты. Танымал композитор Л.Аманов Орынбек Шымбайдың
жазған «Қазақтың бабалары», «Сырдың сыры» атты өлеңдеріне ән де жазған еді. Бұл
өлеңдерінде де қазақтың тарихи тұлғаларына деген шексіз құрметі және еліне,
жеріне деген сүйіспеншілігі көрініс тапты.
1992
жылы облыс әкімдігінің идеология істері жөніндегі бас маманы қызметінде
жүргенінде де саяси-діни ұйымдар мен мәдени орталықтардың жұмысын үйлестіруді
қадағалады. Жастар ісі жөніндегі комитет бастығы, ішкі саясат бөлімінде
идеология жөніндегі бас маман қызметтерін атқарды. Облыстағы дін, саясат,
насихат жұмыстарына басшылық жасады. Халықаралық
қазақ-түрік университеті Шымкент бөлімшесінің «пәлсапа» кафедрасына меңгеруші
болып ауысады және кәсіподақ ұйымының вице-президенті ретінде мәдени іс-шаралар
өткізуді жалғастырады. «Қазақ жеріндегі қоғамдық пәлсапалық ойдың тарихы» атты
пәнді енгізеді. ҚР Журналистер одағына мүшелікке қабылданады. Шымкент
қаласындағы ХҚТУ-ға оралып, пәлсапа, мәдениеттану, мәдениеттану пәндерінен
дәріс жүргізді, ұлтымыздың ұлы қайраткерлерінің мерейтойларын, конференцияларын
өткізуді қайта қолға алып, көптеген мәдени іс-шаралар өткізді (Ғаббас әл-Жауhaри, Отырардан шыққан Әл-Фараби, «Айғаным қазақ
әйелдерінен шыққан хан», «Әлем
халықтарының ұлы ұстазы Заратуштра пайғамбар»,т.б.). 2004 жылы «Университет
доценті» ғылыми атағы берілді. 40 жылдық өмірін оқытушылық қызметке арнаған
Шымбай Орынбек өзінің жемісті еңбектері үшін Тұңғыш ҚР Президенті
Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен, бірнеше рет облыс, қала әкімдерінің Алғыс
хаттарымен марапатталған.
«Ағаш жемісімен мәуелі» дегендей, Орынбек Шымбай ұлағатты ұстаз, қоғам
қайраткері болуымен қатар, отбасында 3 ұл, 2 қыз және 13 немере тәрбиелеп отырған үлгілі әке, ардақты ата. Ұл-қыздарының
барлығы өмірден өз орнын тауып, түрлі салада қызмет атқарып жүрген сыйлы
азаматтар. Ал, оның жолын қуған тұңғышы Орынбеков Арман бүгінде Шымкен
қаласындағы аты республикаға танымал №90 жалпы орта білім беретін мектебінің
директоры, Қазақстанның «Үздік педагогы» атағының иегері, ҚР БҒМ Ы.Алтынсарин
төсбелгісінің иегері.
Оңтүстік Қазақстан облыстық
«Азамат-Оңтүстік» саяси-қоғамдық қозғалысы және Оңтүстік Қазақстан облыстық
«Ана тілі» қоғамдық қорының, Халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ ШФ қоғамының белсенді
мүшесі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ХҚТУ доценті Орынбек Шымбай биыл 70
жасқа толып отыр. Өзінің «қазақ» деп соққан кең жүрегінің, елі, жері үшін
атқарған сан алуан еңбегінің арқасында елдің ардақты ұлына айналған, отбасының
тірегі мен қамқоршысы болған Орынбек Шымбайды мерейтойымен шын жүректен
құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр, отбасына береке тілеп, елі
үшін атқарған еңбегінің жемісін көре беруіне тілектеспіз.
Д.ӨМІРЗАҚ.