Мұқтаждық пен масылдықты ажырату үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама беріледі

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) төлеудің жаңа тәсілі енгізілді. Көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті нақтылай түсу үшін мұқтаждық пен масылдықты ажыратуға тура келді. Мұндағы ең басты принцип, мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе, балалар мен көп балалы отбасыларға көмектеседі.
Мемлекеттік көмекке 4 немесе одан да көп
кәмелетке толмаған балалы немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын
студенттері бар барлық көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы енгізу
арқылы оларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету
және кірісі аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет
кіреді.
Аз қамтылған отбасылардағы балаларды
мемлекеттің кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуі жаңа бастама
болып табылады. Кепілдендірілген әлеуметтік топтама 1 жастан 6 жасқа дейінгі
балаларға жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері арқылы, 6
жастан 18 жасқа дейінгі балаларға білім органдары арқылы босатылады.
Жасы 1-ден 6-ға дейінгі балаларға арналған
кепілдендірілген әлеуметтік топтама азық-түлік және тұрмыстық химия тауарларының
жиынтықтарынан тұрады. Өз кезегінде азық-түлік жиынтығы жасы 1-ден 3-ке дейінгі
және жасы 3-тен 6-ға дейінгі балалардың жас мөлшеріне байланысты әртүрлі
болады. ҚР ДСМ ұсынымдарына сәйкес азық-түлік жиынтықтары физиологиялық
ерекшеліктерді, азық-түліктің тағамдық және энергетикалық қуаты мен баланың
жасына сәйкес оларды пайдалану нормаларын ескере отырып қалыптастырылған. Бұл
жиынтық АӘК-пен қатар айына бір рет берілетін болады.
Сонымен, 1 жастан 3 жасқа дейінгі
балаларға арналған тамақ өнімдерінің жиынтығына (ультра пастерленген 2,5%-дық
1,95 литр сүт, 180 грамм балалар печеньесі (5 айдан бастап балаларға арналған),
700 грамм ұнтақ жармасы, 320 грамм балаларға арналған гипоаллергенді ботқалар
ассортименті (5 айдан асқан балаларға арналған), 1150 грамм балалар пюресінің
гипоаллергенді ассортименті, 400 грамм жүгері жармасы, 800 грамм буып-түйілген
сұлы үлпектері) кіреді. Ал, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға
арналған азық-түлік жиынтығына (2,5%-дық 1,95 литр ультра пастерленген сүт, 800
грамм бидайдың қатты сорттарынан жасалған макарондар, буып-түйілген сұлы
үлпектері, 0,8 литр күнбағыс майы, 240 грамм классикалық гематоген, 250 грамм
құрамында ұнтақталмаған дәндері бар таңғы асқа арналған сүт үлпектері, 360
грамм темірге, С және В дәрумендеріне бай балалар печеньесі (5 айдан бастап
балаларға арналған), 1 келі арпа жармасы, 1600 грамм қарақұмық жармасы, 800
грамм жарылған бұршақ, 700 грамм ұнтақ жармасы, 200 грамм табиғи бал) кіреді.
Бұл жинақтар баланың күндізгі тамақтану
рационын қамтамасыз етуге арналмағанын, олардың мақсаты өсіп-жетіліп келе
жатқан ағзадағы дәрумендердің жетіспеушілігінің орнын толтыру екендігін атап
өткен жөн.
1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға
арналған тұрмыстық химия тауарлары жиынтығының құрамын да ҚР ДСМ анықтады. Оған
жеке гигиена заттары (бірінші қажеттілік): балалар кремі, крем-сабын, кір
сабын, тіс пастасы, балалар сусабыны, тіс щеткасы, кір жуатын ұнтақ кіреді.
Мұндай жиынтықпен табысы аз отбасылардан шыққан балалар АӘК тағайындау
кезеңінде тоқсанына бір рет қамтамасыз етіледі.
6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға
арналған кепілді пакет 4 бөліктен тұрады. Оған оқу орны бойынша бір реттік
мектепте тамақтану, мектеп формасымен және мектеп жабдықтарымен қамтамасыз ету,
қалалық автокөлікте жол жүрудің 50%-ын өтеу кіреді. Мектеп формасының,
сондай-ақ мектеп керек-жарақтарының жиынтықтарымен балалар жылына бір рет
қамтамасыз етіледі. Оларды сатып алуға арналған сертификаттар оқу жылы басталар
алдында, тамыз айында беріледі деп жоспарланып отыр.
Ұлдарға арналған мектеп формасының
жиынтығына пиджак, жилет, шалбар, мерекелік көйлек, күнделікті көйлек, қысқы уақытта
– трикотаж кеудешесі кіреді. Қыздар үшін – пиджак, жилет, юбка, классикалық
жейде. Қысқы уақыт үшін трикотаж кеудеше мен сарафан беріледі. Бастауыш, орта
және жоғары сынып балаларына арналған мектеп керек-жарақтарының жиынтығы өз
құрамы бойынша ерекшеленетін болады деп болжануда.
Бастауыш мектеп оқушыларына арналған
жиынтыққа рюкзак, күнделік, 20 дана жұқа дәптер, қаламсауыт, сурет альбомы, 5
дана шарикті қалам, 10 дана жай қарындаш, 15 дана мұқаба, пластилин, акварельді
бояулар, сызғыш және өшіргіш кіреді.
Орта мектеп оқушылары үшін жиынтықта
рюкзак, күнделік, 20 жұқа дәптер, 10 жалпы дәптер, пенал, сурет салу альбомы, 5
шарикті қалам, 10 жай қарындаш, 15 мұқаба, сызғыш және өшіргіш болады.
Жоғары мектеп оқушыларына арналған
жиынтыққа рюкзак, күнделік, 20 жұқа дәптер, 10 жалпы дәптер, қаламсауыт, 5
шарикті қалам, 10 қарапайым қарындаш кіреді.
Мектептерде
тамақтану белгіленген нормалар бойынша жүзеге асырылады. Жеңілдетілген жол
жүруге келетін болсақ, ҚР «Көлік туралы» Заңның 13-бабы 7-ден 15 жасқа дейінгі
балаларға қоғамдық көлікте билет бағасынан 50% жеңілдік түрінде жол жүруге
кепілдік береді.
Сонымен бірге,
медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек және жалпы медициналық
сақтандырудың кепілдендірілген көлемі бойынша 1 жастан 18 жасқа дейінгі барлық
балаларға, олардың аз қамтылғанына немесе аз қамтылмағанына қарамастан тегін
беріледі.
Жаңартылған
атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге өтініштерді қабылдау 2020 жылдың 1 қаңтарынан
басталды. Ол үшін тұрғындар тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына
жүгінуі қажет. Егер отбасы ауылдық жерде тұрса – кент, ауыл, ауылдық
округтердің әкімдеріне барады. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін өтініш
пен сәйкестендіру үшін жеке куәлікті ұсыну қажет.
Бұл ретте
өтініш беруші өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжат (Қазақстан
Республикасы азаматының жеке куәлігі (төлқұжаты), Қазақстан Республикасында
тұрақты тұратын шетелдіктің тұруға ыхтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі,
босқын куәлігі), ал, оралмандар үшін оралман куәлігі болуы тиіс.
Аз қамтылған
отбасылардың құжаттары ақпараттық жүйеге енгізіліп, автоматтандырылған
деректері жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне ұсынылады.
Осы деректердің негізінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
бөлімдері балалардың тізімін қалыптастырып, кепілдендірілген әлеуметтік
топтамасын жеткізушіге ұсынады. Әрі қарай жеткізуші өтініште көрсетілген
телефонға СМС хабарлама жіберіп, аз қамтылған отбасының мүшелері 1-6 жасқа
дейінгі әр балаға арналған тиісті топтамаларды «Қазпошта» арқылы алатын болады.
Жалпы, облыс
бойынша 157 мыңнан астам аз қамтылған отбасылардың балалары 11,2 млрд. теңге
көлемінде кепілдендірілген әлеуметтік топтамасымен қамтылатыны жоспарлануда.
Нәзира
СЕЙДУЛЛАЕВА, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы.