«Пейілдің азуынан қорқу керек» дейді қос қария

Альвира ПАЙЫСХАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Жан дүниесі сұлу, бітім-болмысы бөлек, ойы зерек, талғамы терең ата-апаларымыз аз емес. Осындай сүйегі асыл аналарымыздың бірі Нарша әже Айдарова Түлкібас ауданы, Түлкібас стансасында тұрады. Құдай қосқан қосағы Қыдырбай ата екеуі 12 перзент өсіріп тәрбиеледі.

Жаратқаннан мейір, ағайын-туыстан пейіл сұрап, ұрпағының тілеушісі болып отырған қос қария әулеттің ғана емес, тұтас бір ауылдың батагөйі, ақылгөйі. Тектілік ұялаған шаңырақта бой жеткен Нарша апамыз ата-ана ақылын құлағына құйып өскендіктен болар, ақ босаға аттап, келін атанған күннен бастап бүгінге дейін төркін жұртына жаман-атын естіртпепті. Айдаровтар әулетінің түпқазығы, ұйытқысы бола білген Нарша апа қандай іс болсын отағасымен ақылдасып барып кірісетін. «Әке-шешеміздің әрбір істерінде, айтқан ақылдарында үлкен мән бар. Олар қазақы салт-дәстүрді сақтаудың қыр-сырын біздерге үйретіп қана қоймай, әрқайсысына жөн-жоралғысын айтып, ақ батасын беріп, шығарып салатын қасиеттерін қатты бағалаймыз. Қос қариямыз қос шынарымыз секілді. Олардың балажандылығы, мейірімділігі, қамқорлығы құрсағынан тараған ұл-қыздарына өнеге» дейді тұңғыш қызы Сағила апа.

Қыдырбай ата талай жыл механизатор болып жұмыс істесе, Нарша әже сол кездегі кеңшардың бағбаны болып жұмыс істеген. Кетпен-күрегін қолынан тастамаған алтын құрсақты ана бала тәрбиесіне де бей-жай қарамапты. Еңбексүйгіштігінің арқасында ерлі-зайыптылар мақтаулы маман, өнегелі ата-ана атанды. Өмірдің талай қиын-қыстау кезеңдерінде бір-біріне сүйеу болып, сынақтардан сүрінбей өтті. Бүгінде ынтымақ-бірлігі жарасқан, ырыс-берекесі тасыған, балалары ел азаматы атанған, тәтті-тәтті немере-шөбере өрбіткен салиқалы әулеттердің бірі болды. Тәубесінен жаңылмаған, тәуекелінен танбаған шаңырақ қара ормандай бір қауым елге айналған. Сөзіміздің дәлеліндей қос қарияның кіндігінен тараған 4 қыз, 8 ұлдан 53 немере, 67 шөбере бүгінде ұлт демографиясына өлшеусіз үлес қосуда.

Сексен үш жастағы Қыдырбай ата мен жетпіс сегіз жастағы Нарша әженің отбасын ауылдастары «үлкен үй» деп атайды. Тамырын тереңге жіберіп, саялы жапырағын кеңге жайған алып бәйтерек секілді қос қария «берекелі-бақытты өмір сүріп отырғанымыз ең әуелі Алланың, содан кейін Елбасының арқасында» екенін айтудан танған емес.

– Адам ұрпағымен мәңгі жасайды. Отбасындағы ұл-қыздың тәрбиесі ата-ананың мойнына артылар үлкен жауапкершілік. Туу бар да оларды тәрбиелеу бар. Мамыражай бейбіт елде тұрып, мемлекетке алақан жайып, одан қалса туған баласын міндетсіну біздің қанымызда жоқ қасиет. Жас аналарға айтарым, көп балалы болудан қорықпау керек, пейілдің азуынан қорқу керек, – дейді алтын алқалы Нарша әже.

Үйдің ырысы, шаңырағының шаттығы болған осындай аналарымыздан қыз-келіншектердің үйренері әлі де көп. Қос қарияның ерекше сыйластыққа құрылған, жас буынға ой саларлық тағлымды өмір жолы өзгелерге үлгі болғандай.

 

Пікір қалдырыңыз