ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІ КЕШІКПЕЙДІ

Шұғыл көмекті қажет етітіндерге жедел жәрдем қызметкерлері дер кезінде барып, медициналық көмек көрсететін болады.

Бұдан былай  Шымкентте жедел жәрдем көлігі шақыртуларға кешікпей баратын болады. Естеріңізде болса Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қала әкімі Е.Айтаханов салтанатты жағдайда жедел жәрдем станцасына жаңадан алынған  100 көліктің кілтін салтанатты жағдайда тарту еткен болатын. Сол көліктер шақыртулар бойынша жолға шыға бастады.





Жаңадан алынған жедел жәрдем көліктері инновациялық технологиялармен жабдықталған. Ішінде заманауи қондырғылар бар. Атап айтқанда, сыртқы кардиостимулятор мүмкіндігі бар дефибриллятор, өкпені жасанды желдендіру, реанимациялық портативті рюкзактар, 12 каналды электрокардиографтар (ЭКГ), стационарлық және портативті оттегі беру жүйесі, 4 реанимациялық бригадаларға жүрек массажына арналған автопульс, педиатриялық бригадаларға жаңа туған нәрестелерді тасымалдауға арналған 4 инкубатормен жарақталған.




Сонымен қатар, жедел жәрдем қызметінің  сall-орталығы да әлемдік стандарттар бойынша жаңғыртылмақ. Бұл жерде болашақта  жас мамандарға кез-келген жағдайда алғашқы көмекті қалай көрсетуге болатынын үйрету қолға алынбақ.





 Жасыратыны жоқ, шымкенттіктер тарапынан бүгінге дейін жедел жәрдем қызметінің уақтылы келмеуіне байланысты көптеген сын-ескертпелер де аз айтылмайтын.  Сондықтан, бүгінде жолға шыққан  жаңа жедел жәрдем көліктері бұл олқылықтың орнын толтырары сөзсіз.

-- Жедел медициналық жәрдем станциясында жедел жәрдем қызметін көрсететін 87 көлік болса, оның жартысынан көбі бүгінде тозығы жеткен еді. Бұл да науқасқа дер кезінде жетуімізге аяққа тұсау болып жүрді. Шымкент еліміздегі миллион тұрғыны бар үшінші қала мәртебесін алғандықтан ең алдымен медицина саласының жұмысын жандандыру, жақсарту міндеті күн тәртібінде тұрғанын сала мамандары жақсы түсінеміз. Сондықтан да әрбір науқасқа көрсетілер қызметіміз мінсіз болғанын қалаймыз, - дейді қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Гүлнар Құрманбекова.

 

Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ.

Пікір қалдырыңыз