Қойнауы құтқа толы мекен

Ордабасы ауданының құрылғанына биыл 55 жыл толып отыр. Жалпақ жұртқа бұл өңір ел басына күн туған сонау бір замандарда бар қазақты бірлік пен елдікке шақырып, үш жүздің басын қосқан Ордабасы тауымен танымал екенін айта кеткен жөн шығар.
«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға»
ұласқан «Елім-айлап» туған жерден үдере көшіп бара жатқанда ел ақсақалдары мен
билері, батырлары ес жиып, осы қасиетті
Ордабасы тауының басына жиналып, кеңесіп, анттасып, қас жауына қарсы шабуылға
шыққаны тарихтан аян. Үш жүздің басын қосқан Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің
батасын алған қазақ батырлары осыдан кейін талай қанды шайқастарда жеңіске жеткені
белгілі. Осындай тарихқа куә Ордабасы тауының баурайында 1964 жылы Бөген ауданы
құрылды. Жаңа ауданға Алғабас, Түркістан, Созақ аудандарынан бірнеше шағын
шаруашылық қосылып, ауылдық кеңестер ұйымдастырылды. 1973 жылы «Бөген», 1980
жылы «Мерей» құс фабрикалары жұмыс істей бастады. 1978 жылы Сыпатаев атындағы
кеңшардан «Көкарал» шаруашылығы енші алып шықты. 1980 жылы «Ордабасы» мал
бордақылау бірлестігі ұйымдастырылып, аудан шаруашылықтарының саны ұлғайды.
Сөйтіп, негізінен мал мен мақта өсіруден облыста алдыңғы қатардағы аудандардың
біріне айналды.
1988 жылы Бөген ауданы таратылып, Арыс
қаласына біріккені белгілі. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1989
жылғы13 қазандағы Жарлығына сәйкес Бөген ауданы қайта құрылды. Ауданға Ордабасы
атауы 1993 жылы 4 мамырда берілді. 2013 жылы аудан аумағынан 7068 гектар жер
телімі, оның ішінде Бадам ауылдық округіне қарасты Алтынтөбе мен Көкбұлақ
ауылдары Шымкент қаласының құрамына енгізілді.
Құрылғанына жарты ғасырдан асқан аудан
осындай түрлі өзгерістерге ұшырады. Әрине, мұның бәрін Үкіметіміздің ел
экономикасын дамытудың қолайлы жағын қарастырудың нәтижесінде болған өзгерістер
деп түсінген жөн. Ауданымыз облыс аумағының 4,3 пайызын құрайды, яғни 265,5 мың
шаршы метрді алып жатыр. Өңірде 121 336 тұрғын, яғни облыс халқының 6 пайызы
өмір сүріп, еңбек етуде. Қазіргі таңда 10 ауылдық округ әкімдіктері өздерінің
дербес бюджеті арқылы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, елді мекендерді
абаттандыру және көгалдандыру, автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп
ұстау, ауылдарды сумен қамтамасыз ету, тағы басқа бағыттар бойынша қаржыландыру
жұмыстарын жүргізуде. Бұл – аудан тұрғындарының жағдайы жақсарып келе
жатқанының бір көрінісі. Аудан көрсеткішін цифрмен дәйектесек, өңірдің
экономикалық дамуын анықтайтын басты бағыт – өнеркәсіп саласында 2019 жылдың
қаңтар-қыркүйек айларында 13 млрд. 313 млн. 132 мың теңгенiң өнімі өндіріліп,
2018 жылмен салыстырғанда өсім 3,5 пайызды құрады. Жалпы, аймақта өндірілген
өнеркәсіп өнімінің үлесі 24,1 пайыз болды.
Бүгінде елдің еңсесін көтеретін саланың
бірі – кәсіпкерлік. Бұл орайда жұмыс істеп тұрған шағын және орта
кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 666
бірлікті құрайды. Бұл салада қазіргі кезде 14 834 адам жұмыс істейді.
Ауданға 14 млрд. 955 млн. теңгенің
инвестициясы тартылды. Оның ішінде бюджеттік емес жеке қаражат көлемі 8 382,1
млн. теңге (56%), бұл көрсеткіш бойынша ауданымыз облыста 6-орында тұр.
Индустрияландырудың екінші бесжылдығы, яғни 2015-2018 жылдар аралығында 16,0
млрд. теңгенің 8 жобасы жүзеге асты. Биыл Бадам өндірістік аймақта орналасқан
«Green Technology industries» ЖШС-і («ABF INVEST» ЖШС) Шанхай, Гонконг
елдерінің инновациялық технологияларын пайдаланып, ІІ кезеңінде полиэтилен
бұйымдарын қайта өңдеу арқылы синтепон талшығын өндіретін зауыт ашылды. Бадам, Қазақ-Түрік
бірлескен индустриалды аймақтың жалпы алаңы 112,5 гектарды құрайды. Оның ішінде
52 гектары – мемлекеттік, 60,5 гектары – коммерциялық өндірістік мақсаттағы
жер.
Биыл және келесі жылдары ауданда
кәсіпкерлік, өнеркәсіп, туризм саласында инвестициялық құны 119 млрд. 395 млн.
теңгені құрайтын 7 жобаның құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарлануда.
Олардың қатарында Бадам елді мекеніндегі «StandardPetroleum&Co» ЖШС-нің
мұнай-химия зауыты, зәйтүн өнімін терең өңдеп сағатына 3 тонна сұйық май сығатын
«OLIVIES» ЖШС, «Оңтүстік газ» ЖШС-нің қойма, газ жинақтау бекетін салу жобасы,
«Standard resurs» ЖШС-нің көмір химия өңдеу жобасы, Түркия елінің ең озық
технологиясымен жабдықталып, жылына 20 мың тонна құс етін өңдейтін «Азия
бройлер» ЖШС-нің құс фабрикасы бар. Сондай-ақ, «Қайнар» емдеу сауықтыру
орталығын ұлғайту, Шұбар елді мекеніндегі «Береке» ЖШС демалыс аймағын құру
жобасы да күн тәртібінде тұр. Өндірісті цифрландыру аясында «Бөрте милка»
ЖШС-нің сүт зауыты Италияның заманауи озық цифрлық технологиялары мен «Ақылды
жоба» бағдарламасына енді.
Өндірісті индустрияландыру мақсатында
«Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы» іске асты. Қазақ-Түрік
бірлескен индустриалды аймағы ашылды. Индустриялық парктің жалпы ауданы 112,2
гектарды құрайды. Аймақта 4 жоба – «KAZKIOTI», «Karlskrona LB AC», «Green
Technology industries» іске қосылып, жұмыс жүргізуде. «GoldAluminum (Голд
Алюминиум)» ЖШС-нің құрылысы аяқталып, нысан мемлекеттік қабылдаудан өтті.
Ал, аудандағы білім мен денсаулық сақтау
салаларында да сапа жағынан іргелі өзгерістер бар. Бүгінде аймақта 30869
оқушыны қамтыған 64 мектеп бар. Оқушылар
ҰБТ тапсырудан жыл сайын жоғары
көрсеткішке жетіп келеді. Денсаулық сақтау мекемелері, атап айтқанда, 4
стационарлық, орталық аурухана, аудандық аурухананың құрамында аудандық емхана,
8 амбулаториялық емхана, 18 фельдшерлік-акушерлік пункт, 21 медициналық пункт
халық денсаулығы үшін қызмет етуде. Оларда өз ісінің мамандары жетерлік.
55 жылдық мерекемізде аудан даңқын
аспандатқан азаматтарымыз да сый-құрметке ие болады. Олардың бәрінің атын атап,
түсін түстейтін кез алда.
1993 жылы үш ел Президенті бас қосқан
Ордабасыдағы кездесуде Елбасы Н.Назарбаев «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі»
деп баға берсе, белгілі жазушы Ә.Кекілбаев «Ордабасы – қазақ рухының қағбасы»
дей келе, құт дарып, қасиет қонған өлке екенін ерекше атап өтті. Біздің
ордабасылықтар тарихта қатталып, жатталып қалған осы сөздерге лайықты қызмет
ететін болады. Бұл сөздер біздің алдағы жұмысымыздың маңызды бағдаршамы болып
қала бермек.
Аңсарбек ӘБДІҚҰЛОВ, Ордабасы ауданы
әкімінің орынбасары.