«Денсаулық жолы» акциясы өтуде
Шымкент қаласында 1-21 тамыз аралығында «Денсаулық жолы» акциясы өтуде. Акция аясында қала тұрғындарын дәрігерлер жолдамасыз әрі тегін қабылдайды. Дәрігерлік тексерудің алғашқы күнінде Пахтакор елді мекеніндегі «Қара жол» дәрігерлік амбулаториясында кардиолог, терапевт, эндокринолог сияқты бейінді мамандар халыққа қызмет көрсетті.
Білікті
дәрігерлер келушілердің артериялық қан қысымын, холестерин мен глюкоза,
физикалық параметрлер деңгейін анықтап, ақыл-кеңестерін берді. Шараның мақсаты
– медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарын тарту арқылы тұрғындардың
денсаулығына жауапкершілікпен қарауға бейімдеу, аурудың алдын алу және
салауатты өмір салтын ұстануға үйрету. Мұндай «Ашық есік» күндерi алдағы
уақытта шаһардың барлық жерінде өткізілетін болады. Мәселен, 5-21 тамыз күндері
Жыланбұзған, Темірші әулие, Жаңаталап, Игілік, Жиделі, Асар – 2, Қайнарбұлақ,
Ақжар, Құрсай, Шапырашты, Тұрдыабад, Сайрам, Өтеміс елді мекендерінде
қабылдаулар жүреді. Сондай-ақ, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының
хабарлауынша, тұрғындар медициналық тексерулерден өтіп қана қоймай,
денсаулығына қатысты сұрақтарға жауаптар ала алады. Толық мәліметті қалалық
емханалардан алуға болады.
А.ЖАХИЯҚЫЗЫ.