Бұйрыққа сәйкес жүргiзiледi

Редакцияға еңбек қатынастары бойынша келіп түскен сұрақтарға Түркістан облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Қамбар АСЫЛБЕКОВ жауап береді.
–
Кітапханашылардың еңбек өтілі қалай есептеледі? Басқа жұмыстағы еңбек өтілі
қосылып төлене ме?
М.Қалжанова. Түркістан
қаласы.
– Жұмыскердің
кез келген саладағы еңбек өтілі оның жалпы еңбек өтілін құрайды. Ал,
жұмыскердің мамандығы бойынша атқарған еңбек өтіліне оның мамандығы бойынша
еңбек міндеттерін орындауға жұмсаған, күнтізбемен есептелген уақыты кіреді.
Кітапханашылардың
жалақысын есептегенде оның мамандығы бойынша еңбек өтілі есепке алынады.
Кітапханашының мамандығы мәдениет саласына сәйкес келгендіктен, оның мамандығы
бойынша жұмыс өтілін есептеу ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «ҚР Мәдениет
және спорт министрлігінің мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік
ұйымдардың, қазыналық кәсіпорындарының қызметкерлері, азаматтық қызметшілері
үшін мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу қағидалары мен шартын бекіту
туралы» 2016 жылғы 22 желтоқсандағы №342 бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Аталған
бұйрықта мәдениет саласы жұмыскерлерінің мамандығы бойынша еңбек өтілі қалай
есептелетіні толық көрсетілген. Жұмыскердің мамандығы бойынша оның еңбек өтілін
сол ұйымның басшысы бекітетін мамандығы бойынша еңбек өтілін есептеу комиссиясы
анықтайды.
– Менің
күйеуім 3-топтағы мүгедек. Жұмыс істеп жүрген мекемесі оны анда-санда түнгі ауысымдағы
жұмысқа тартады. Бұл қаншалықты заңды?
С.Мақашова. Шымкент
қаласы.
– Еңбек
заңнамасына сәйкес, мүгедек жұмыскерлерді түнгі уақыттағы жұмысқа тартуға
олардың жазбаша келісімімен ғана жол беріледі және оларды мұндай жұмысқа
тартуға медициналық қорытындыға сәйкес денсаулық жағдайына байланысты тыйым
салынбаған болуы шарт. Айта кетейін, түнгі уақыттағы жұмысқа он сегіз жасқа
толмаған жұмыскерлер мен жүкті әйелдер жіберілмейді.
– Менің ұлым жақында
әскерден оралады. Ол алдында бір үлкен фирмада заңгер болып істеген. Әскерден
келген соң бұрынғы жұмысын қайтадан істей ала ма?
К.Әбдікерімова.
Сайрам ауданы.
– ҚР Еңбек
кодексінің 124-бабында: «... мерзімді әскери қызметті өткерген адамдар оны өткергеннен
кейін екі ай ішінде мерзімді әскери қызметке шақырылғанға дейін жұмыс істеген
ұйымға жұмысқа қабылдау кезінде басым құқыққа ие болады» делінген. Сондықтан
ұлыңыз әскерден оралған кезде бұрынғы істеген мекемесінде бос жұмыс орны болса,
онда жұмысқа қабылдануға мүмкіндігі мол.
– Құрылыс
мекемесінде есепшімін. Жақында бір жұмыскеріміз еңбекке уақытша қабілетсіздігі
бойынша парақты өткізді. Алайда, ол бұл бюллетеньді жұмысқа спиртті ішімдік
ішіп келген кезде ұшыраған өндірістік жарақаттың салдарынан алған екен. Оның
осы еңбекке уақытша қабілетсіздік парағы төленуге жата ма?
Т.Әсетов. Сарыағаш
ауданы.
– Жұмыс беруші
тарапынан еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша жәрдемақы жұмыскер алкогольді
заттарды пайдалануы салдарынан туындаған аурудан не өндірістік жарақаттан
еңбекке уақытша қабілетсіз болған кезде төленбейді.
– Еңбек
заңнамасында еңбек шартын тоқтату негіздерінің бірі ретінде тараптардың еркінен
тыс мән-жайлар айтылған. Оларға не жатады?
Қ.Оспанов. Ордабасы
ауданы.
– Жұмыскер не жұмыс
беруші жеке тұлға еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігін болғызбайтын жазаға
сотталған кезде не қайтыс болған жағдайда, сот жұмыскерді әрекетке қабілетсіз
деп таныған жағдайда, бұрын осы жұмысты атқарған жұмыскер жұмысына қайта
алынған жағдайда, сондай-ақ жұмыскер келісімшарт бойынша әскери қызметке, құқық
қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарына қызметке кірген кезде еңбек шарты
тараптардың еркінен тыс мән-жайлар бойынша тоқтатылуға жатады.