Қызылкөлдiң бiр байлығы – қарабалшық

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».
Созақтың сайын
даласындағы жолаушыдан түсіп қалған жалғыз моншақтай алыстан менмұндалап
жарқырап жататын Қызылкөлдің жағалауында бір замандарда Абылай хан ақ шаңқан
үйлер тіктіріп жатқан деген әңгіме осы күнге дейін жыр болып айтылады. Одан
беріде көл жағалауында Кенесары хан ордасы бой тіктеген деген әңгімені бүгінде
Қызылкөл ауылында тұратын төре-төлеңгіттер жаңғыртады.
Қалай дегенде де
Қызылкөлдің тағдыр-талайы бөлек бітімде түрленеді. Қызылкөлге төніп тұрған
қызыл жартас айдын бетін қызылқошқылдатып тұрғандықтан да осы атқа ие болған
деседі көнекөздер. Ал, аңыз бойынша, ертеректе бір бай Қызылкөлге құяр бұлақ
басында отырған көрінеді. Сол байдың Қызылгүл деген үлпершектей үлбіреген сұлу
қызы болыпты. Күндердің бір күнінде сол қызды су перісі алып кетеді. Міне,
содан кейін айдын Қызылкөл атаныпты. Мұны енді аңыз делік. Бірақ, мынадай да
әңгіме бар. Бір кездері қазіргі көл табаны тек тұздан тұрады екен. Жұртшылық
бұл жерді Қызыл кен деп атапты. Есте жоқ бір замандарда адамдар Үшбас суын
Қызыл кенге аударады да, содан былай Қызылкөл атанады. 1936-1937 жылдардағы
ашаршылықта көл суы тартылады. Көл астынан тұз шыққан. Бұлақ басына үйректер
топтана қонып, қанаттарын тұзға батырғандықтан ұша алмай қалған көрінеді. Сол
үйректерді маңайдағы ауыл тұрғындары ұстап алып, қорек еткен. Бір дерек бойынша
көл тартылғанда балықтар дәрменсіз күй кешіп, шоршып, тулап шалшық суда қалады.
Аш адамдар балыққа қарық болып, төтеннен келген нәубеттен осылай аман қалыпты.
Қалай дегенде де
қасиетті көлдің адамдарға тигізіп келе жатқан пайдасы ұшан-теңіз. Соның бірі
таудай тулаған балығы десек, екіншіден, шипалы қарабалшығы көп ауруға шипа, саф
ауасы бойға қуат. Көл суына бальнеологиялық зерттеу жүргізгенде шипалы
қарабалшығы мен суы тірек буындарына, тыныс алу жолдарына, сүйектің қақсауына,
гинекологиялық ауруларға, белсіздікке ем екені анықталған. Көлдің суы мен
сазында 16 түрлі шипалы элемент бар десіпті
зерттеушілер. Шетелдерден келген қонақтар айдынды Израильдегі Өлі теңізбен,
Чехиядағы атақты Карловы-Варына, тіпті Қара теңізге балама деп жатады.
Қалыпты жылдары
121 миллион текше метр су жиналатын айдында аққу қонып, қаз ұшып жататын. Көлде
қайық ойнап, балық ауланып, жағажай демалушылардан бір арылмайтын. Жағасындағы
тұзды көлшіктің емдік қарабалшығына республикамыздың түкпір-түкпірінен, тіпті,
алыс-жақын шетелдерден белінде жел-құзы бар және тері ауруымен сырқаттанатындар
ағылып келуші еді. Біздің бала кезімізде ата-әжелеріміз осы көлшіктен
шықпайтын. Көлдің шипалы қасиетін естіп, алыстан келген туыстарымызға арнап
самаурынға шай қоямыз деп әуреленіп жатушы едік. Талай сырқат таяқ сүйеніп
келіп, аттай шауып кеткенін көзіміз көрді. Көлшіктегі жылы да жұмсақ
қарабалшықты денеге түгелдей жағып, маужырап отыратын үлкендер кейде «қор» етіп
ұйықтап та кететін. Бір ерекшелігі, балшықтан шыққан сол кісілер самаурынның
шайына жүдә қанбайтын. Терлеп-тепшіп отырып бес-алты самаурын шай ішетін.
Сөйтсек, суық пен дерт термен де шығады екен ғой.
Көл жағалауында
Ащысай полиметалл және Қаратау кен шығару комбинатының, Кентау экскаватор және
трансформатор зауыттарының, «Қазақстан атом өнеркәсібі» АҚ Таукент кен өндіру
басқармасының, Созақ аудандық тұтынушылар басқармасының, көршілес Жамбыл облысы
Жаңатас кен өндіру комбинаттарының, басқа да мекемелердің демалыс орындары
салынып, ала жаздай бұл жер адамдардан, көл беті үйрек-қаздан көрінбей жататын.
Думанды дүбір кім-кімнің де делебесін қоздыратын. Сол тұста арнасынан
асып-тасып жататын айдын суы кері шегініп, үйрек, қаз қашып, адамдар алыстап,
базарлы мекеннің ажары таяды дегенге кім сенуші еді?
Кейінгі он
бес-жиырма жылдай уақытта Арқаның өмірден қоштасқалы жатқан соңғы ақбөкенінің
жанарына тұнған қос тамшы жастай Қызылкөлдің ақтаңдақ-ақтаңдақ, ноқат-ноқат
шалшығы шырыл қағып жатты.
Білетіндер
кесірдің басы карьерлерден келді десті. Алыстағы Аралдың кебін киген Қызылкөл
мұндай халге қалай ұшырады? Бірнеше жыл қатарынан орын алған құрғақшылық көл
таңдайының кеуіп кетуіне басты себепші болды. Әрине, Алла салғанға амал жоқ.
Алайда, мамандар көл табанының тартылып бара жатуы ойсыздықтан, түрлі
оспадарсыз іс-әрекеттерден деп есептеді. Мәселен, Жаңатас кен өндіру
комбинатының Үшбас өзені бойынан терең карьерлер қазуы судың жерасты үңгірлерге
сіңіп кетуіне себепші болған. Демек, көлге нәр беріп, өзегін жалғап тұрған
өзендердің өзі «өмір сүруін» тоқтата бастаған. Өн бойындағы қан тамырлары
үзілсе өмір жалғаса ма? Сол сияқты өзендер «өлген» соң Қызылкөлдің бабы бола
қоя ма? Бұған қосымша Жамбыл облысы аумағынан ағып келіп Ақжар, Досан, Зеренді,
Исабай, басқа да көлдерге құятын Талас өзені соңғы 30-35 жыл бойына нәр
татырмай тұр. Өзенді жолынан бөгеп, түрлі тоғандарға, егістік алқаптарға бұрып
жіберген. Міне, осыдан соң Қызылкөл қаңсымағанда қайтеді?
Сол жылдары 450
гектар егістік алқапты тұз басты. Көл жағалауы шегіне-шегіне, соңында шөміштей
ғана су шылдырап алыстан ағараңдап қана көрінетін болды. Судағы тұз
концентрациясы шамадан тыс көтерілді. Соның салдарынан балық қырылып қалды. Көл
іргесіндегі тұзды көлшіктің суы буға айналды. Емдік қарабалшық алынатын орын
аумағы тарылды. Көл деңгейінің төмен түсуінен жер сорланып, тұз көтерілді.
Желмен ұшқан тұз егіншілік мақсатта пайдаланып келген жерге зиянды әсерін
тигізбей қалған жоқ.
Үшбас өзенінен
шылдырап келетін аз ғана суды шағын шаруашылық субъектілері пайдаланды.
Сондықтан көлге құйылатын су деңгейі
айдыннан буланып ұшатын көлемге де жетпеді.
Көлді құтқару үшін
қаншама амал жасалды.1992 жылы Үкімет тарапынан арнайы комиссия шығып, кешенді
зерттеулер жүргізді. Оған «Қазгипраристің» Шымкент жобалау институты тартылды.
Көлді сақтап қалудың бірнеше жолдары қарастырылып, ғылыми негізделген
техникалық-экономикалық есептер жасалынды. Осының негізінде Бабата су қоймасы
салынып, оның суын лотокпен Қызылкөлге құю жоспарланды. Десек те, осы тұста
бірталай шалағайлықтарға жол берілді. Темір-бетон лотоктың көп жері тесілді.
Содан барып су тастаққа сіңіп жоғалып жатты. Бабата су қоймасы «Оңтүстіксушар»
РМКС-ына қарады да, көл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды
реттеу департаментінің құзырына берілді. Бірі көлді құтқарғысы келсе, екіншісі
егіншілікке су керек деп кері тартты. Осылай екі «дәу» аңдысып отырғанда көлдің
тынысы тарыла бастады. Көл мүлдем тартылып кетті. Жел тұрғанда көл табанындағы
тұз ұшып халықтың тынысын тарылта бастаған күндер де болды.
2003 жылы облыстық
бюджеттен 20 миллион теңге қаралып, Бабата өзенінен Қызылкөлге канал тартылды.
Ұзындығы 14 шақырым болатын бұл темір-бетон
каналының қауқары тым жеткіліксіз болды.
2008 жылғы «Көл суын
қалпына келтіру туралы кешенді іс-шара жоспары» да құмға сіңгендей жоғалды.
2011 жылы аудан әкімдігінің тапсырмасына орай су шаруашылығы мамандары тағы да
бір жоба жасады.
Дегенмен,
табиғаттың тылсым күшін кім түсініп, таныған дейсіз. Көпшіліктің көз жасын
көрді ме екен, табиғат ана иіп, 2015
жылы көл өздігінен тола бастады. Қазір көл деңгейі бұрынғы қалпына келмегенмен,
мамандар 90 пайыз су жиналды деп отыр. Міне, содан бері ала жаздай көлді
жағалаушылар жыл сайын молайып келеді. Бірде Құмкент ауылдық округінің әкімі
Абай Көбенов көлдің бүгінгі келбетін көру үшін келеді. Сонда көлді айналып
жүрген бір автокөлікті көріпті. Қонақтардан жөн сұрасқанда олардың Ресейден
арнайы келгендерін біліпті. Сөйтсе сонау кеңес үкіметі кезінде ол Ащысай
полиметалл комбинатында жұмыс істеген екен. Үсті-басын жара басып, аяғы
сырқырайтын болған соң осы көлге арнайы келіп, ем алған. Енді, міне, араға
талай жылдар салып, дертіне шипа болған қасиетті көлді арнайы іздеп келген беті
екен. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруімізге болады. Көл суы мен сазының емдік
қасиеті болмаса сонау Ресейден, Кореядан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан,
өзіміздің Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан жанына шипа іздегендер шұбырып келер
ме еді?
Қызылкөл қалпына
келгелі мұнда келушілермен қатар демалыс орындарын салуға ниет етушілер де
көбейген. Әйткенмен, көл аудан балансында емес. Жоғарыда жазғанымыздай, 2002
жылы ерекше қорғалатын аймақ ретінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат
пайдалануды реттеу департаментінің (бүгінде басқарма) құзырына берілген. Сондықтан
аудан басшылары көл жағалауына демалыс орындарын салғысы келгендерге шешіліп
ештеңе айта алмайды. Қазір жасалынып жатқан түрлі жобалар қызығушылық
танытқанымен, нақты шешім айту кімнің құзырында екенін білмей дал болып
жүргендер де бар. Тіпті, сонау Кореядан да қызығушылық танытқан инвесторлар
арнайы келгенін ауыл әкімі Абай Көбеновтен естідік. Оның да басы тасқа тиген
сыңайлы.
Әйткенмен, аудан
басшылары өз территориясында болғандықтан да көлді хал-қадірінше күтіп ұстап
келеді. Сенбі, жексенбі күндері Шолаққорған, Құмкент, Қызылкөл ауылындағы
мекеме қызметкерлері көл жағалауын тазалап отыруды дәстүрге айналдырған. Көлге
Тараз қаласындағы балық шаруашылығынан 30 мың шабақ жіберіліпті. Демек,
болашақта мұнда балық шаруашылығын немесе балық зауытын ашуға мүмкіндік туып
тұр.
Десек те, мұның
өзі аздық етеді. Көлдің батыс жағында кезінде Ащысай мен Кентау кеншілерінің
демалыс орындары жаз түсті дегенше думан-шуға бөленіп жатушы еді. Көлде кеме,
қайық жүзіп жүретін. Бүгінде олардың қаңқасы қалған. Демалыс орындарын түйелер
мен жылқылар паналап жүр. Ал, көлдің шығыс жағындағы үйлерді тоқырау жылдары
ауыл тұрғындары жым-жылас етіп тонап кетті. Қазір олардың опырылған орындары әр-әр
жерден шошайып көрінеді. Демалушылар мен ем алушылар көлеңкелейтін ағаш жоқтың
қасы. Бірен-саран кәсіпкерлер шатыр тігіп, аз уақыт көл жағасын думанға бөлеп
кеткенімен, баяғыдай базарлы шағын әлі толық тапқан жоқ.
Қызылкөл қайта
толып, көпшіліктің көңіліне үміт отын жақты. Ендігі жерде Қызылкөлде
Жаңақорған, Арыс, Манкент, Сарыағаштағыдай шипажай салудың орайы келіп-ақ тұр.
Өйткені, мұнда шипалы қарабалшықтың мол қоры бар. Оны алыс-жақын қалалардағы
шипажай қызметкерлері тасып кетіп те жатыр. Осы балшыққа Алматыдағы
У.Ахметсарин атындағы гидрогеология және геоэкология институтының талдау
зертханасы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық
университетінің сынақ орталығы және «Ұлттық сараптама орталығы» арқылы сынама
жасатып, емдеу-сауықтыру мекемелеріне ұсынсақ, қаншама сырқаттың сауабына қалар
едік.
Жалпы, Созақ ауданында
емдік-медициналық, мәдени-танымдық және жағажай туризмін дамытудың мол
мүмкіндігі бар. Міне, қараңыз. Көл жағалауынан онша алыс емес, Жылыбұлақ
басында күллі түркі әлеміне белгілі Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі тұр. Оның
жанында Едіге батырдың қабірі бар. «Едігенің майлы жұрты» деп аталатын жер де
осында. Ал, Қаратаудың күнгей бетінде, Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесінен бес
шақырымдай төмен алтыншы-жетінші ғасырларда бой көтерген көне Құмкент шаһарының
орны жатыр. Ол Батыс түріктің Жібек жолы бойындағы сауда қаласы болған. Сегізінші
ғасырда осында Баба Түкті Шашты Әзіз өмір сүрген деседі көне шежіре. Хан
Жәнібектің бас биі Жиренше шешен осы Құмкентте туып-өскен. Құмкент 1218 жылы
Шыңғыс хан жорығында, 1723-1735 жылдары жоңғар шапқыншылығында қиратылған.
Құмкентті әулие бабамыздың әкесі Құттықия басқарған. Ол атақты Әмір Темірмен
көңілі тату дос-жаран болыпты деген де дерек бар. Жәдігер қаланың іргесінде
Саудакент қаласы жатыр. Одан беріде от қала Бабата, қазақ хандығының алғашқы
уығы шаншылған Созақ, әрегіректе, Қаратаудың батыс сілімдері түгесілер
тұсындағы бір төбеде бүкіл Дешті Қыпшақтың көзіндей Ақбикеш мұнарасы
менмұндалап тұр. Нұра бойындағы Таңбалы тас та талай сыр айтады. Келіншектау,
Мыңжылқы, Көсегенің Көк Жоны, Шолаққорған (Ұрасоған), Тарсатөбе, Бетпақдала
тыңдаймын деген құлаққа талай аңыз-әпсана, жыр-дастан құяры сөзсіз. Сырлы,
сырбаз Созақ – тарихтың айтары түгесілмейді.
Қызылкөлдің шипалы
қарабалшығы, суы талайларға дәруін сыйлай берері күмәнсіз. Тарихқа тұнып тұрған
ауданда емдік-медициналық, мәдени-танымдық және жағажай туризімін
қалыптастырсақ, Созақтың даңқы одан әрі ұзай түспек. Айтайын дегеніміз де осы
еді.
Айтпақшы, биыл
Қызылкөлге бірқазандар келіпті. Көл бетінен шабақ іліп, сайран салып жүр. Аққу
ұшып, қаз қонып жатқан көлдің сұлулығын айтып жеткізу мүмкін бе? Бұрынғылар
«құсы жоқ көл жетім» деп текке айтты ғой деймісіз? Ендеше, базарлы шағын қайта
тапқан, құсы ұшып-қонып жатқан көл жетім қалмаса екен дейміз?!
Ермек
Жаңатас тумасынан сәлем! Айтылғанның бәрі еске балалық шақты еске түсірді.
Нурлыбаев Әйнекбай Ібіжанүлы
Өте үлкен маңызы бар тарих екен. Керемет. Осы жазылған еңбегіңізді бағалап Қызылкөлдің тағдыры шешілсе екен.