Алаш үшiн туған азамат

Сұлтанбек Қожановтың туғанына – 125 жыл
Желдің өтінде,
жардың шетінде жүріп, қазағы үшін бүкіл саналы ғұмырын күреспен өткізген Сұлтанбек Қожанов 1894 жылы қазіргі
Түркістан облысы, Созақ ауданына қарасты Ақсүмбе елді мекенінде дүниеге келген.
Жастайынан ілім-білімге құштар болып өскен Сұлтанбекті әкесі Қожан Түркістан
қаласындағы орыс-қазақ түзем мектебіне береді. Өзінің зеректігімен оқуды үздік
бітірген ол үш сыныптық қалалық училишеде оқып жүріп, Сыр бойындағы ағартушылық
мектептің белді өкілдері Қалжан Қоңыратбайұлы, Садық Өтегенұлы, Ералы Қасымұлы,
Серікбай Ақайұлынан сабақ алады. 1912 жылы Міржақып Дулатұлымен кездесіп,
әңгіме барысында саяси таным-түсінігі кеңейе түседі. Осы кезде Сыр бойында
ұстаздық етіп жүрген Иван Михайлович Яковлевпен танысады. Сұлтанбектің
зеректігін байқаған Яковлев оны Ташкенттегі мұғалімдер даярлайтын семинарға
кіргізуге жәрдем береді. Осында жүріп саяси істерге де араласа бастайды.
Деректерге
сүйенсек, Сұлтанбек Қожанұлы 1915 жылы жастардың «Кеңес» атты жасырын ұйымын
құрған. Бұл іске Мұстафа Шоқай мен Санжар Асфендияров төрағалық еткен. Осы
ұйымның баспасөз органы ретінде «Бірлік туы» газеті шығады. Оның редакторы
Мұстафа Шоқай, орынбасары С.Қожанов болып, сол кезенде артта қалған ауыл
шаруашылығын көтеру жөнінде көптеген мақалалар жазады. Тек ауыл шаруашылығымен
шектеліп қалмай, Орта Азия мен Қазақстанның саяси ахуалы, мәдени өмірі және
қазақ әдебиетіне байланысты мазмұнды дүниелері жарық көреді.
Сұлтанбек Қожанов
уақытша үкімет билік құрып тұрған кезеңде Түркістан аймағындағы саяси
қозғалыстардың қайнаған ортасында жүрді. Ұлт тағдыры сынға түскен шақта
жергілікті халықтың көшбасшылары топ-топқа бөлініп кеткен болатын. Олардың
басын біріктіру қиын еді, өйткені тап күресі күшейіп тұрған. Сондықтан да
олардың басы бірікпеді, жұлдызы жараспады. Ал, Сұлтанбек Қожанов пен Санжар
Асфендияров бастаған топ зайырлы жолды ұстанды. Жұртшылық мүддесін жоқтаған
Сұлтанбек 1917 жылы Орынбор қаласында өткен жалпы қазақ съезіне делегат ретінде
қатысып, артынша Бүкілресейлік құрылтай жиналысына өкілдікке сайланады.
Осылайша ол Түркістан өлкелік аштықпен күресу комиссиясының мүшесі, Сырдария
уездік революциялық комитеті төрағасының орынбасары, Түркістан уездік атқару
комитетінің төрағасы, Түркістан Республикасы ішкі істер комиссариатының
комиссары, Түркістан Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін
атқарды. 1921 жылы Түркістан Республикасы халық ағарту халық комиссары, 1922 жылы Жер шаруашылығы халық комиссары,
1922-1924 жылдары Түркістан КП комитетінің хатшысы, атқару комитеті төрағасының
орынбасары, РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды. Яғни билік басындағы
маңызды қызметтердің тұтқасын ұстап, таразы басын туған халқының мұң-мұқтажына
аудара білді. Мұнан арғы қайраткерлігі Хасен Оралтайдың «Алаш» атты еңбегінде
жазылғандай, Сұлтанбек Қожанов Қоқан автономиясы үкіметінің негізін
қалаушыларының бірі болды. Бір жағы осы саяси құрылымның жаршысы болған «Бірлік
туы» газетінің хатшысы болып, ол қызметті газет жабылғанша атқарды. Қоқан
автономиясы тарағаннан кейін ұстаздық жолға түсіп, біраз уақыт Ташкенттегі
педагогикалық училищеде сабақ береді. 1919 жылы Түркістан уездік атқару
комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады. 1920 жылы партия қатарына
өтіп, Сырдария облыстық революциялық комитетінің төрағалығына бекітіледі.
Осылайша кеңестік кеңістікте ірі саяси тұлға ретінде қалыптасады.
Осыдан кейін
Сұлтанбек Қожанов ұлт тағдырына бей-жай қарай алмай, қырғыз-қазақ халқының
ахуалы жайлы съезд жиындарында, «Ақ жол» газетінде Қазақстанды ұлттық мемлекет
ету жөніндегі мәселелерді жиі көтере бастайды. Сол уақытта Қазақстан астанасын
Орынбордан қазақ ұлты көп тұратын Шымкентке көшіру жөнінде үкіметте қаулы
қабылданғанымен, ол орындалмай қалады. Өйткені, астана Орта Азия темір жолының
бойында болу керек деп шешіледі. Осылайша Қазақстан астанасы Ақмешіт болсын
деген ұйғарым жасалады. «Астананы көшіруді тездету керек, өйтпейінше, ұлттық
мемлекеттен айырылып қалу қаупі туындайды» дейді Сұлтанбек
Қожанов.
Ұлт қайраткерінің
сол кездегі ең үлкен еңбегі астананы Ақмешітке көшіруге мұрындық болғаны.
Алайда, Қазақстан мемлекеті артта қалған ұлт екенін, олардың ұлттық мемлекет
ретінде орнығуы қиын екенін сол кездегі билік жақсы түсінеді. Өйткені, тап
тартысы аяқтан шалып, бірігіп жұмыс істеудің өзі өте қиынға соққан тұс еді.
С.Қожанов
Түркістан Республикасының басшылығында жүрген кезде төңірегіне ұлтын сүйген
азаматтарды жинап, алашордашылармен тығыз қарым-қатынаста болды. Олар қуғынға
түскенде, қорғау шараларын ұйымдастырып, кейбіріне қызмет беріп, шығармаларын
бастыруға ықпал етті. Еш жерден кітабын шығара алмаған Мағжан Жұмабаевтың
кітабына алғысөз жазып баспадан шығарып берді. Осы бір әрекеті кейін өзіне таяқ
болып тиді. Сұлтанбектің мұндай іс-әрекеттері большевиктердің негізгі саяси
бағытына сай келе бермейтін. Мұны аңғарған қызыл коммунистер
Сұлтанбектің бұл ісін «антипартиялық іс-әрекеттер» деп бағалап, жоғарыға
арыздар жіберіп жатты.
Большевиктер 1924
жылы біртұтас Түркістан өлкесі болып келген Орта Азия халықтарын ұлттық
республикаларға бөліп, біртұтас түркі халықтарын бөлшектеуге кірісті. Түркі
халықтарын бұлай бөлшектеу экономикалық аймақтың бұзылуына алып келеді деген С.Қожановтың ескертуі елеусіз қалды.
Десек те, мұрағат
құжаттарында оның жергілікті жерлерде кеңес өкіметі алға қойған міндеттерді
халық тұрмысына лайықтап шешу, ауыл шаруашылығы кооперацияларын тиімді
ұйымдастыру, оқу-ағарту жұмысын жолға қою, қаржылық-материалдық жағдайын
ойластыру, мұғалімдер даярлау, аймақтық баспасөзді дамыту, елдің әлеуметтік
жағдайын сауықтыру, жер-су мәселелерін шешу, салық саясатын жүзеге асыру
секілді маңызды жұмыстармен айналысқанын көруге болады. Сонымен қатар Түркістан
Республикасындағы шиеленісті ұлт мәселесінен де тыс қалған
жоқ.
Ол лениндік ұлт
саясатында сөз бен істің қабыспай жататынына қынжылысын жасырмаған.
Қожанов Қазақстан
басшылығында қызмет атқарған жылдары халыққа қызмет етудің асқан үлгісін
көрсетіп, ел есінде қаларлықтай талай тарихи оқиғалардың басы-қасында жүрді.
Жаңадан құрылған мемлекет шекарасын межелеп, ел экономикасын өркендету, әдебиет
пен мәдениетті көтеру, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін сақтап қалу
жөнінде көптеген жұмыстар атқарған. Соның бірі – Наурыз мейрамы.
Жер мәселесі аса
маңызды мәселе ретінде қашан да күн тәртібінен түспеген. 1917 жылғы ақпан
төңкерісінен кейін орыс отаршылдығынан құтылып, тәуелсіздік аламыз, жерімізге
иелік етеміз деген халықтың үміті ақталмады, керісінше билік басына келген
большевиктер қазақтың жерін тартып алуды бұрынғыдан бетер үдете түсті.
Әділеттілікті талап еткендер қуғынға ұшырады. Мұндай әділетсіздікке шыдай
алмаған Сұлтанбек Қожанов өз көзқарасын ашықтан-ашық білдіріп, мақалалар жазды.
«Бүкіл Қазақстанда екі миллионнан аса қазақ бар екен. Бүкіл Қазақстанның 47 проценті ғана қазақ, қалғаны басқа
ұлттар. Басқа халықтар қазақтарға қарағанда саясатқа жетіктеу, кейбір қазақтан
шыққан оқымыстылар өздерін орысқа теңегендей болып жүр. Ташкенттен өз алдына
енші алып шыққан қазақтар мемлекет болып қалыптасуға асығар емес» деп «Ақ жол»
газетіне бірнеше рет мақала жазды.
Осылайша Қазақстан
ұлттық мемлекетінің қалыптасу кезеңі басталды. Қазақстанды жеке ұлттық мемлекет
етіп, оның мемлекеттік тілі қазақ тілі болады деп алғаш мәселе көтерген де
Сұлтанбек Қожанов болатын.
1925 жылы сәуірдің
ортасында Қазақ кеңестерінің V съезіне төрағалық еткен Сұлтанбек
Қожанұлы съездің күн тәртібіне екі мәселені енгізді.
Бірінші «қазақ»
деген атау қайтарылды. Екінші, Ақмешіт қаласының атауы Қызыл- орда болып
өзгертілді. Бұл атау саясатқа байланысты өзгертілген болатын. Алыс Қазақстанда
болып жатқан саяси оқиғалар Кремльдің назарын аудармай қоймады, Сталин мен оның
төңірегіндегілер алашордашыларды ауыздықтауға Голощекинді аттандырды. Ол келе
салысымен Сұлтанбек секілді өзіне ұнамағандарды қуғынға ұшырата бастады. Ақыр
аяғында Сталиннің пәрменімен 1938 жылы ақпан айында Қожанов ату жазасына
кесілді.
Сұлтанбек Қожанов
ұлттық мемлекет құру жолында басын бәйгеге тіге жүріп, Ахмет
Байтұрсынұлы бастаған ұлт жанашырларымен бірге қазақ балаларын оқытатын мектеп,
оларға сабақ беретін мұғалімдер даярлау, оқулықтар шығару, көшпелі мектептер
ұйымдастыру, қазақ тілінде білім беру мәселесін қолға алған. Десек те, базбір
орашолақ ойлайтындар «әр заманның өзіне тән пролетариаттық әдебиеті болады,
бұрынғы байлар заманындағы әдебиет бүгінге жүрмейді» деп сол кезеңде өмір
сүрген ақын-жазушылардың шығармаларының соңына шырақ алып түседі, руханият
үйрететін ұстаздарды қудалай бастайды. Қудаланған қаламгерлерге С.Қожанов пен
Н.Төреқұлов барынша көмектесіп бақты. Сол кезеңде Ташкентте шығып тұрған «Ақ
жол» газеті қазақтың шығармашылық зиялылары топтасқан орталыққа айналды.
Олардың арасында Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ілияс
Жансүгіров секілді қаламгерлер бар еді. Қожанов қудалауға түскен М.Әуезовке,
А.Байтұрсыновқа пана болды. Тіптен, «қазіргі революционерлердің барлығы да Абай
мен Ахмет Байтұрсыновтың шәкірттері» деп жазды «Ақ жол» газетіне. Ал, Мағжанға
«қазақ әдебиетінде Абайдан кейін өзіндік орны бар әдебиеттанушы, ірі тұлға,
өлеңдері тілге бай әрі көркем, жатық, оқушыларға берер тағлымы мол» деп баға
берді. Бір сөзбен айтқанда, Мағжантану ғылымына негіз салып берді.
Сұлтанбек
Қожанұлының әдеби мұрасына зер салсақ, оның көбіне саяси лирика мен сатиралық
бағытта қалам тербегенін көруге болады.
Мен-дағы өлең
айтсам ұнамай ма?
Ақын да жоқтан бар
ғып құрамай ма?
Өлең ғып, ұйқастырып
тізіп қойсам,
Бір надан
білгішсініп сынамай ма?
Немесе
Жұрт ісі еріккенге
ермек болды,
Бақ қайтып, ескі
арамға жөндеп қонды.
Қара күш,
пайдакүнем жұрт дұшпаны,
Андап жүр, алдап
ұрып онды-солды, – деп уақыт шындығын өте терең философиялық иіріммен айта білді.
Өлеңдегі барлық
оқиғаның мезгілі мен іс-әрекеті бастан-аяқ рет-ретімен баяндалып, нақтылы
деректерге ерекше мән берілген. Осылайша қазақ поэзиясына өзгеше үн, өлшем
кіргізіп, өрісін кеңейткен.
Тілін безеп, басын
изеп,
Көңілі қорқақ,
қолы бос.
Тегін тегі сөзді
көздеп
Кімдер не ысырап
етпеген.
Бай пайдадан,
сұмдар жемнен,
Қас дегенге бола
ма?
Ынсап күтіп
қасқырлардан
Мал жиып жұрт оңа
ма?
Терең парасатқа
тартатын мұндай жырларды жасынан руханиятқа қанып өскен ұлан ғана жаза алса
керек. Десек те оның шығармашылықпен айналысуға қолы тие бермеген. Содан болар,
ортағасырлық ақындардан, халық ақындарынан келе жатқан поэзияны әлеуметтік
мінбердің құралы ету дәстүрін берік ұстанған.
Сұлтанбек
Қожанұлының орыс классиктерінен аударған өлеңдерінен оның суреткерлік әлеуетін
толық тани аламыз. Оның публицистикалық шығармаларындағы оқиғалар шынайы
өмірден алынған. Жазуы жинақы, жатық және жүйелі. Мақалаларындағы ұстанымы да,
дүниетанымы да айқын, ал, сатиралық туындылары өзектілігімен және
өміршеңдігімен құнды.
Сұлтанбек
Қожановтың шығармашылық, ағартушылық қырларын бір мақала көлемінде айтып шығу
мүмкін емес.
Алайда, айтпай
кетуге болмайтын негізгі мәселенің бірі, сонау ХХ ғасырдың басында Қазақ
мемлекетін ұлттық дербес мемлекет етіп құру жолында ашық айқасқа түсіп, өз
басын қатерге тіккен қазақтың біртуар перзентіне қандай құрмет көрсетсе де
лайық деп есептейміз. Ауданның зиялы азаматтары екі жылдан бері Қаратау ауылын
Сұлтанбек Қожанов ауылы деп атау жөнінде жоғары басшылықтарға құлаққағыс етіп
келеді. Бүкіл саналы ғұмырын елінің көркеюіне арнаған Тұлғаның есімін есте
қалдыру мәселесі түбінде оң шешім табады деген сенімдеміз.
Мыңжасар АСҚАРҰЛЫ, ақын, ҚР мәдениет
қайраткері, Созақ ауданының құрметті азаматы.