Қыз тәрбиесі – баршаға ортақ
Бірде қаладағы көлікте мынадай оқиға болды. Алғашқыда автобуста орындықтарында жолаушылар аз болғандықтан, үлкеніміз де, кішіміз да отырғанбыз. Біртіндеп аялдама сайын жолаушы көбейе берді. Жастар үлкендерге орын беріп, өздері тұра бастады. Шамасы үшінші-төртінші сыныпта оқитын қыз телефонын шұқылап, ішіндегі бейнетаспаларды көріп отырған. «Соңғы жақта жастар бар, сол жаққа өтіңіз, орын береді» дегенді естіген үлкен жастағы ананың бірі біз жаққа қарай жылжыды. Әлгі қыз орнынан тұратын шығар десем, телефонын қалтасына салып, міз бақпай отыр. «Балам-ай, тұр, мен отырайын» деді ана кісі. Сол кезде «Ол отыра берсін, біз алыс жолдан келе жатырмыз. Келіңіз, отырыңыз» деп жастау әйел шекесін тырыстыра орын берді. «Қыздың кімі боласыз?» деп сұрадым. «Анасымын» деді ол. «Баланың денсаулығы жақсы болса, анасы отырып, баласы орын беруі керек қой» дедім қызға қарап. Ол құралпы үш-төрт бала да тұрғанын бәріміз көріп отырмыз. Бірақ, ол орнынан тұрайын деген ниет білдірмеді. Осы оқиға маған қатты ой салды. Анасы қайта үлкендерге орын бергізу орнына оның сол қылығын қоштап тұр. Шынымды айтсам, мүмкін баланың бір жері ауыратын шығар деген оймен «Қызыңыздың еш жері ауырмай ма?» деп сұрадым. «Құдай сақтасын, жоқ» деді ол. Сонда көрдіңіз бе, ананың өзі қызына үлкендерді сыйламауды үйретуде. Сөйтеміз де, кесір әйел, кесепат келін, кекірейген қыз қайдан шығып жатыр деп айран-асыр боламыз.
Қазақтың «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды
тәрбиеле» деген әдемі тәмсіл бар. Қыз тәрбиесі бәрімізді бей-жай қалдырмаған.
Болашақта өзге шаңырақтың ақ босағасын аттап адал жар, ибалы келін, сол
әулеттің асыл да ардақты анасы атану өзі өскен шаңырақта алған білімі мен
тәрбиесіне байланысты. Сондықтан да ертеңгі ана атты қасиетті есімді алып жүру үшін,
бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеуіміз
керек. Бұл бір ғана отбасының емес, қоғамның, оның ішінде мектептің де міндеті.
Халқымыз «Қызға қырық үйден тиым, қала берді қара күңнен тиым» деп бекер
айтпаған. Бұрындары бала тәрбиесімен
шаңырақтың үлкендерімен қатар
бүкіл ауыл, ру болып айналысқан. «Итің ұры» десе намыстанатын қазақ ұлының
бұзықтығын, қызының шайпаулығын байқаса, азаматтары ұлға, ақ жаулықты аналары
қызға «тәйт» деп ақыл айтып отырған. Одан ешкім жаман болмады. Жасыратыны жоқ,
бүгінде біз осы үрдістен айрылып қалдық.
Қазақ қыздары
ғасырлар бойы осындай отбасылық тәрбиемен өсті. Қазіргі технология дамыған ХХІ
ғасырда жеке тұлға болатын жастарды тәрбиелей білу қажет. Оның бойында білімге
құштарлық, ұлттық салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдарын жақсы білетін қасиеттер
болғаны жөн. Сонда ғана қазақ елі ұлттық қасиеттерімен алға қарыштап дамитын
болады. Осы тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрін жоғалтпай, ұлттық қасиетінен
айрылмау қажет. Әр ата-ана балаға мейірімін төксе, ертең онан өзі де сондай
мейірім көреді. Олай болмаған жағдайда ол тәрбиені теледидар мен компьютерден
алады да, ата-анасы мен бауырларына, айналасына суық жан болып өседі. Сондықтан
да кей жастарымыздың адасып, түрлі жаман жолға түсуінің бір себебі осында.
Ұлттық психологиядан ауытқушылық орын алған жерде жастардың бұзылуы орын алады.
Осыдан барынша сақ болайық.
Г.ТАЙТЕЛИЕВА, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, Ордабасы
ауданы.