Ардақты аналар, аяулы арулар!

  Сіздерді гүл көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

 

8 наурыз – халықаралық әйелдер күні – сүйіспеншілік пен нәзіктікке, мейірім мен ізгілікке толы мереке.

Батыр да, ақын да, алып та анадан туады. Сондықтан жер бетінде ана туралы тебіренбеген адам, жыр жазбаған ақын жоқ. Қазақта «Ана алақанының аясы, Ақ шынардың саясы» деген мақал бар. Әрбір перзенттің парызы – алдымен ана сүтін ақтау, оған құрмет көрсету.

Қазіргі таңда да қазақ әйелі ең алдымен саналы ұрпақ тәрбиелеу, отбасы бақытын сақтау сынды ұлы міндеттерді абыроймен орындап келеді. Адал жары мен перзенттеріне, туған-туыстарына, тұтас қоғамға мейірім нұрын төккен ақ жаулықты аналарымыз Отанды сүюдің асқақ үлгісін көрсетіп жүр.

Жуырда Астанада «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі өтті. Сол жиында Елбасымыз көпбалалы отбасылардың тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында бастама көтеріп, нақты тапсырмалар берді. Бұның бәрі – ең алдымен ақ жаулықты аналарымыз үшін үлкен қуаныш әрі көмек.

Елбасымыздың тікелей қолдауымен қолға алынатын жұмыстар біздің облысымыз үшін де аса маңызды. Себебі, Түркістан облысында 86 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Өңірімізде 3 мыңнан астам

Батыр ана, 14030 «Алтын алқа» иегері, 37476 «Күміс алқа» иегері ұрпақтарын тәрбиелеп отыр.

5,5 мыңнан астам ана «Ана даңқы» орденімен марапатталған. Алдағы уақытта өңірімізде ана мен баланың жағдайын жақсарту жұмыстары жанданып, көпбалалы аналарға қолдау көрсету жұмыстары күшейтіледі. Біз бұл бағытта жоспар түзіп, тиісті жұмыстарды атқарамыз.

Қазақ қыз баласын құрметтеп, аялап өсірген. Қазақ қызы әрдайым сұлулығымен, ақылдылығымен, еңбекқорлығымен, биязы мінезімен дараланған. Бүгінде ақ жаулықты аналарымыз, намысты аруларымыз қоғамның сан түрлі саласында елге адал қызмет етіп, бір отбасының ғана емес, Түркістан облысының өркендеуіне үлес қосып келеді.

Қымбатты аналар!

Әлемді, жерді жап-жарық етіп отыратын екі нәрсе бар. Біреуі – Күн, екіншісі – әйел. Осы қанатты сөз бүгінгі мерекенің ажарын ашып тұрғандай. Барша ақ жаулықты аналарымыз бен қыз-келіншектердің отбасына амандық, жұмыстарына береке тілейміз. Егер әр отбасыда ана бақытты болса, онда тұтас ел бақытты болады!

Мерекелеріңіз құтты болсын! Жүздеріңізден күлкі, жүректеріңізден махаббат, көңілдеріңізден шаттық пен қуаныш кетпесін!

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі.

Қайрат БАЛАБИЕВ, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы.

Пікір қалдырыңыз