Жұмыс та көп, жұмыссыз да көп

немесе еңбек нарығындағы қайшылықтарды қалай жоямыз?
Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы – зор қуаныш. Дегенмен, бұл бос сөзді көпіртіп, жалаң ұраншылдыққа ұрынатын жыл емес, бүгінгі жастардың ең өзекті проблемалары қайсы, олардың қалауы, арман-аңсары мен мақсат-мұраты қандай екенін зерттеп, соған қарай оларға нақты қолдау көрсететін жыл болуы тиіс. Ал, бүгінгі заманның жастарға ұсынған мүмкіндіктерімен қатар, алдынан көлденең тосып тұрған тау-тау проблемалары да бар.
«Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан болсын?!» деген жақсы сөз бар ғой. «Оңтүстік Қазақстан» газеті жаңа айдарда ертең-ақ елдің иесі болар жастардың ең өзекті проблемаларын қозғап, шетін мәселелерге қоғамның назарын аударуды мақсат тұтып отыр. Сонымен оқырманға осы айдардың алғашқы мақаласын ұсынамыз.
Бүгінде әлемде 18 бен 30 жас аралығындағы 300 миллион (!) адам жұмыссыз жүр. Бұл туралы Жастар жылының ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Президенті Н.Назарбаев айтты. Күш-қуаты тасып тұрған жастардың екі қолға бір күрек таба алмауы – біздің елде де кездесетін жағдай. «Finfrom» зерттеу орталығының мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 84 мың жас жұмыссыз ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде жұмыссыз жастардың саны ресми статистикадағыдан әлдеқайда көп.
Жастар арасындағы жұмыссыздықтың себебі неде? Мұндай тығырықтан шығар жол қайсы? Әлеуметтанушы мамандардың айтуынша, жұмысқа орналаса алмаудың бірнеше негізгі себебі бар. Біріншіден, мектеп түлектері еңбек нарығын зерттемей, сұранысы жоқ мамандықтарды таңдайды. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, техникалық салалардағы сұранысқа ие мамандықтарды таңдауға құмбыл емес. Мектеп түлектерінің басым көпшілігі ертең жұмыс табу қиынға соғатынын біле тұра педагогикалық, заңгерлік мамандықтарды таңдап жатады.
Кәсіптік білімді менсінбейтіндер де бар...
Негізінде бұл жерде билікті біржақты кінәлауға болмайды. Өйткені, билік еңбек нарығын реттеуге барынша күш салып келеді. Соның бір дәлелі 2018 жылғы оқу жылында ЖОО-на қосымша 20 мың мемлекеттік грант бөлініп, оның 11 мыңнан астамы инженерлік-техникалық мамандықтарға бағытталуы дер едік.
Оның үстіне Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, 2017 жылдан бері Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім толықтай тегін беріліп жатыр. Бірақ, біздегі ата-аналардың көпшілігі баласын кәсіптік колледждер мен лицейлерге оқуға беруді ұят көреді. Көптеген ата-аналардың «балам жұрт қатарлы университет оқысын, ешкімнен кем болмасын» деген көзқарасы жас өрендердің үлкен өмірдегі алғашқы қадамдарында қателікке ұрынуына әкеп соқтыруда.
Нақты деректерге жүгінер болсақ, облыстық білім басқармасының мәліметтері бойынша өткен жылы Түркістан өңірінде 25 496 түлек мектеп бітірген. Соның 15 595-і, яғни 61,2 пайызы жоғары оқу орындарына оқуға түсіпті. Бар-жоғы 4 222-сі, яғни 16,5 пайызы ғана кәсіптік-техникалық колледждерге оқуға түскен. Қалған 5 600-ден астам түлек оқуға түспеген. Демек, олар не өзге өңірлерге жұмыс іздеп кетті немесе ауылда бос жүр деген сөз.
Негізінде бұл көрсеткіштер керісінше болуы тиіс еді. Дамыған және алдыңғы қатарлы дамушы елдерде мектеп бітірушілердің кемінде үштен екі бөлігі колледждерге, оның ішінде техникалық кәсіп түрлерін, жұмысшы мамандықтарын үйрететін колледждерге оқуға түседі. Өйткені, еңбек нарығында жоғары білімді мамандарға қарағанда, қарапайым жұмысшыларға, техникалық кәсіп иелеріне сұраныстың көп болатыны түсінікті. Қазақстандағы жағдай да сондай. Қос-қос дипломы бар соқталдай жігіттер жұмыс таппай қиналып жүр. Ал, сол кезде үй сала қалсаңыз кірпіш қалаушы мен сылақшы, үйдегі құбырыңыз жарыла қалса сантехник, көлігіңіз бұзылып қалғанда білікті автоэлектрик пен автослесарь табуыңыз өте қиын. Ал, бульдозер, автокран жүргізушілері, дәнекерлеуші, токарь секілді мамандарға жұмыс берушілер таласып жатады.
Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Президент 100/200 қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Жас маман» бағдарламасы қабылданатынын, сөйтіп, заманауи технологиялармен жабдықталған 10 үздік колледж жасақталатынын айтты. Мемлекет үш жыл ішінде 200 мың жас азаматқа нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беруді көздеп отыр. Бұл өте орынды бастама дер едік. Ендігі жерде ата-аналар мен мектеп түлектерінің психологиясын өзгертіп, оларды «жоғары білім алмаған адам қатарынан кем болады» деген ойдан арылту қажет. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, жұмыс берушілер университетті енді ғана тәмамдаған жас мамандардан бірнеше жылдық тәжірибе талап етеді. Дипломын енді ғана қолына алып отырған маманда қандай еңбек өтілі болуы мүмкін? Бұл мәселеге де екіжақты келуге болады. Бір жағынан біздегі жүйеқұраушы кәсіпорындардың қожайындары, ірі кәсіпкерлер өздеріне болашақта қажет болатын мамандарды даярлауға атсалысқысы келмейді. Жергілікті жас мамандар олардың талабына сәйкес келмей жатса, олар болашақ кадрларын өздері даярлап әуре болғанша, өзге өңірлерден немесе шет мемлекеттерден дайын мамандар тарта салуға құмбыл болып тұрады. Ал, сол кәсіпкерлер, инвесторлар мемлекеттен көп қолдау көріп отыр, жеңілдетілген несиелер мен салықтық жеңілдіктерді пайдалануда. Осы мемлекеттің қолдауына арқа сүйеді ме, демек, оларға осы елдің азаматтарын жұмысқа алу міндеттелуі керек! Егер талабына сәйкес келмей жатса, онда жергілікті университеттермен және колледждермен келісімшарт жасап, дуальді жүйе бойынша өздеріне қажет мамандарды даярлауы тиіс.
Осылай істеп жатқан кәсіпорындар бірен-саран болса да бар. Солардың қатарында Кентау трансформатор зауытын, «Бипекавто» компаниясын атап өтуге болады. Кейінгісі биылғы оқу жылынан бастап Шымкент жол-көлік колледжімен келісімшарт жасап, өздеріне қажетті мамандарды даярлауға күш салуда. Бизнесінің бір күндік емес екенін білетін, алысты ойлаған компаниялар осылай істейді. Енді олардың оң тәжірибесін барлық кәсіпорындарға, әсіресе, индустрияландыру бағдарламасы аясында ашылып жатқан зауыт-фабрикаларға тарату қажет.
Маңыздысы – диплом емес...
Екінші жағынан бұл жерде таяқтың бір ұшы біздегі оқу ордаларына да тиіп жатады. Өйткені, біздегі саны бар да сапасы жоқ университеттердің бірқатары диплом деп бір жапырақ қатырма қағаз берумен айналысып жүргені де шындық. Бұл мәселеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ерекше тоқталғаны белгілі.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жоғары оқу орны түлектерінің 35,4 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаспаған болса, 40 пайызы соңғы 12 айда мүлде жұмысқа тұрмаған. Мемлекет басшысы «Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы» деген еді. Демек, жастардың жұмыссыздығын азайту үшін мемлекет ЖОО-дағы білім беру сапасын арттыруы тиіс. Мәселе – дипломда емес, мәселе – білімде!
Үшінші және ең басты мәселе – мемлекет қабылдаған жұмыспен қамту бағдарламаларының ойдағыдай толық нәтиже бермей отырғандығы. Articlekz.com сайтының мәліметіне сүйенер болсақ, 2013 жылы еліміздегі жастардың жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайызды құраған екен. Ал, 2018 жылғы статистика бойынша Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайызға дейін қысқарған. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың қысқаруын жалдамалы жұмысшылар санының артуымен байланыстыруға болады. Бірақ, Түркістан облысында жастардың жұмыссыздығы жоғары күйінде қалып, 5,1 пайызды құрап отыр. Яғни, біздің өңірде жұмыссыз жастар республиканың өзге өңірлеріндегіден әлдеқайда көп.
Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алған мәліметтерге сүйенсек, өңірдің халықты жұмыспен қамту жөніндегі 2018 жылға арналған кешенді жоспарына сәйкес жалпы 65 087 адам (оның ішінде жұмыссыз жастар 17 218 адам) жұмыспен қамтылатыны жоспарланған. 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін 69 682 азамат (оның ішінде 27 749 жас) әлеуметтік қолдау шараларының игілігін көрді.
Қош делік, Түркістан облысында 15-29 жас аралығындағы жастардың жалпы саны 501 мың адамды құрайды. Басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, оның ішінде экономикалық белсенді жастар саны 218 100 екен. Ресми деректер бойынша оның 206 800-і жұмыспен қамтылған да, тек 11 200-і ғана жұмыссыз жүрген сияқты. Шынында солай болса, керемет болар еді-ау. Бірақ, әлгі 206 800 жастың 103 300-і ғана жалдамалы қызметкер де, 103 500-і өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам. Мейлі, нарықтық қатынастар жағдайында адамдардың өзін-өзі жұмыспен қамтуы қалыпты жағдай. Бірақ, біздің елде өзін-өзі жұмыспен қамтыды дейтіндердің көпшілігі шын мәнінде жұмыссыздар немесе тұрақты жұмыс таба алмай әр жерде бір жалданып, маусымдық жұмыстармен айналысып жүргендер.
Былайша айтқанда, басқармадағылардың өзін өзі жұмыспен қамтыды деп мақтанып айтып отырған 103 500 адамының ішінде кәсіпкерлікпен айналысып, мол табыс тауып жүргендермен қатар Астана мен Алматыға барып құрылыста еңбек ететіндер де, жұмыс таба алмай амалсыздан таксист болып жүргендер де, ауылда 2 сиыры мен 5 тауығына қарап, сүт пен жұмыртқа сатып күнелтетіндер де бар. Тек олар әлгі 11 200 адамға ұқсап, жұмыспен қамту орталықтарына барып ресми тіркелмеген. Егер облыста 11 200 ғана жұмыссыз жас болса, онда басқармадағылар әлеуметтік қолдау көрсеткен 27 749 жас қайдан шықты? Осының өзі көп нәрсенің бетін ашып отырған жоқ па? Демек, өзін өзі жұмыспен қамтығандардың көпшілігінде тұрақты табыс жоқ деген сөз.
Ал, жұмыссыз жастар ресми тіркелуге неге асықпайды десеңіз, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында жастарға ұсынылған бос жұмыс орындарындағы жалақы 30-40 мың теңгенің көлемінде. Мынау нарық заманында мұндай жалақыға жұмыс істеуге құлықты жастар табылмайды. Аз жалақымен күн көру өте қиын. Сондықтан, жастардың көпшілігі бағдарлама бойынша қызмет етуден бас тартып, өздігінше жұмыс іздеуге тырысады.
Жастарды жұмыспен қамту үшін қаншама мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылса да нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Олардың қатарында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы да бар. Дегенмен, ауылды жерлерге баруға ниеттілер саны өте аз. Мәселен, өткен жылы облыста аталған бағдарлама аясында 913 жас маман ауылдарға барыпты.
Айта кету керек, Елбасы биыл Жастар жылының салтанатты ашылуында сөйлеген сөзінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керектігіне тоқталып өтті. Елбасы өз сөзінде «Осыған орай «Дипломмен – ауылға» деген бағдарлама бар. Осының тізімін кеңейтуді ұсынамын. Ауылға көшіп барғаны үшін жастардың жәрдемақысы бұрын 70 айлық есептік көрсеткіш болса, соны 100 айлық есептік көрсеткішке дейін көтеру керек» деді. Демек, жергілікті билік осы бағдарламаға қатысушы жастардың санын көбейте түсуі тиіс.
Ендігі үміт – «Серпінде»
Мемлекеттің тағы бір үміті – «Серпін–2050» бағдарламасында. Жастарға арналған бағдарлама өңірлердегі жұмыссыздық мәселесін ішкі көші-қон есебінен азайтуды көздейді. Жастардың жаңа өндірістер мен жұмыс орындары бар аймақтарға баруына жол көрсететін осы бағдарламаға сәйкес халық тығыз орналасқан оңтүстік өңір түлектері Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарында жоғары білім алуда. Грант пен мамандық сандарын көбейту арқылы солтүстік өңірдегі кадрлар жеткіліксіздігі мәселесін шешу жоспарланған.
Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар істері басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы осы бағдарламаға 9 313 жас тартылды. Яғни, осы бағдарлама бойынша бөлінген мемлекеттік гранттардың жартысынан астамы біздің өңірдің үлесінде болып отыр. Өткен жылы аталған бағдарлама аясында солтүстіктегі оқу орындарын 440 жас бітірген. Бірақ, олардың 63,3 пайызы ғана тұрақты жұмысқа орналасқан, 440 түлектің 160-ы әлі күнге жұмыс таба алмай жүр.
Қалай десек те, бойында күш-қуаты тасып тұрған, тепсе темір үзетін жастардың жұмыссыз жүргені өте өзекті проблема. Бұған бір жағынан еңбек нарығының сұранысын ескермейтін, өзін кәсіби тұрғыда шыңдай алмай жүрген, ауыр бейнеттен қашатын жастардың өздері кінәлі екені де рас. Дегенмен, өмір жолын енді бастаған жасты «бәріне өзің кінәлісің» деп тұқырту адамгершіліктің ешқандай нормасына сыймайды. Демек, бізге, үлкендерге осы мәселеде шындап ойлану керек болып тұр. Расында да, ойланайық.