Бала құқығы – бәрiнен қымбат!

  Үлкен адамдар өз құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ете алады. Ал, білім-білігі төмен, оң-солын танып үлгермеген балалар құқығын кім қорғайды? Әрине, бұл ата-ана алдындағы абыройлы міндет. Десек те, кейде ата-аналардың өздері бала құқығының бұзылуына жол беріп жатады.

 

Осындай олқылықтарға жол бермеу үшін 1989 жылдың 20 қарашасында БҰҰ-да Бала құқықтары туралы конвенция қабылданып, 1995 жылдың желтоқсан айында Елбасы Н.Назарбаев «Бала құқығы туралы конвенцияға» қол қойды. 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау, 20 қараша дүниежүзілік балалар күні болып белгіленді.

Иә, зайырлы мемлекеттерде адам өмірге келгеннен кейін оның өмірін, денсаулығын, тыныштығын заң қорғайды. Сол сияқты бала құқығына байланысты да бірнеше заңдар, шешімдер, қаулылар қабылданған. Мысалы, 1959 жылы «Бала құқығы декларациясы» қабылданып, кейіннен 1989 жылы 61 ел қол қойған «Балалар құқығы туралы конвенция» қабылданды. Бүгінде бұл конвенцияға 191 мемлекет кірген. Конвенция дегеніміз – арнаулы мәселелер жөніндегі келісімшарт. Осы конвенция негізінде 2002 жылы тамызда Қазақстанда «Балалар құқығы туралы» заң қабылданды. Бұл заң 9-тарау, 53-баптан тұрады. Осы ережелерді бұлжытпай орындау – біздің Отан алдындағы парызымыз.

Бүгінгі таңда республикада сәби кезден кәмелетке дейінгі жас аралығында 5 миллионға жуық бала өмір сүреді. Оның ішінде: 1 млн. 508 мыңы – мектеп жасына дейінгі балалар, 3 миллионға жуығы – мектеп жасындағы балалар. Елімізде балалармен жұмыс істейтін 9 министрлік пен ведомство, әртүрлі үкіметтік емес ұйымдар бар. Бұл жүйенің үйлестіруші органы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті болып табылады.

Жалпы, ата-ана өздерінің балаларын тәрбиелей отырып, оны қорғауға міндетті. Әлі жасы жетпегендіктен, сондай-ақ қабілеті толық қалыптаспағандықтан балалар өз мүдделерін өздері қорғай алмайды. Ата-анасының қамқорлығынан айрылған баланы тәрбиелеп, мәпелеу – мемлекеттің, қоғамның қасиетті борышы. Жетімдерге қамқор болу – кез келген халықтың қалыптасқан дәстүрі. Қалай айтқанда да, бала құқығы – бәрінен қымбат!

Г.МӘДЕНОВ, Сайрам ауданындағы №37 жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Пікір қалдырыңыз