Көмір қышқыл газымен улану

Қыс суығы түсті дегенше жылыту кезеңі басталары сөзсіз. Мұндайда жер теліміне салынған жеке сектордағы үйлердің көбісі көмір жағады. Ендеше, көмір қышқыл газымен уланудың алдын алу шаралары жайлы тұрғындарға жиі ескерткеніміз жөн.
Көмір қышқыл газымен улану – жылыту мерзімі кезінде жиі кездесетін жағдай. Сондықтан оның алдын алу шаралары – өзекті мәселелердің бірі. Мұндай қауіпті жағдай, ең алдымен пештің немесе және пеш құбырларының жарылып кетуінен болып жататыны мәлім. Кей кезде құбырлардың бітеліп қалу жағдайлары да кездеседі. Ендеше, көмір жағар алдында пешті және оның құбырын мұқият жөндеуден өткізген жөн. Сондай-ақ, құбырларды тазалау жұмысы жүргізілуі қажет.
Тағы бір ескеретін нәрсе – автокөлік ішінде ұйықтап қалу мәселесі. Оталып тұрған көліктің ішін жылытамын деп, сонда ұйықтап қалу қайғылы жағдайға ұшыратуы мүмкін. Сондай-ақ, газ құрылғысы бар кісілердің оны өзі жөндеп, газ баллондарын орнатып, қосу ісін өздері жүргізуінің салдары да ауыр жағдайға апарып соғуы мүмкін. Әсіресе, жанып тұрған оттыққа су құйылып немесе жел өшіріп кетуіне аса сақ болған жөн.
Сақтық мәселесін жалғастырсақ, уланудың ең бірінші белгілері – бас ауырып, бастың айналуы. Жүрек көтеріліп, құсқысы келу, құсу, құрғақ жөтелдің пайда болуы. Әсіресе, аяқтың бұлшық еттерінде әлсіздіктің пайда болуы. Уланған адам алғашында есін білгенімен, орнынан тұра алмай қалады да бірте-бірте нашарлап, есінен танады.
Мұндайдағы барлық жағдайларда қажетті алғашқы көмек – зардап шегушіні таза ауаға алып шығу. Егер ол есін білетін болса, ыңғайлап жатқызып, таза ауамен демалуын қамтамасыз ету қажет. Есінен танып қалған жағдайда дереу «Жедел жәрдемнің» көмегіне жүгінген жөн.
Жылыту кезеңінде өзіңізге және үйдегі балаларға аса сақ болыңыздар!
К.ӘКІМБАЕВА, А.ИСМАЙЛОВА, Шымкент қаласындағы №7 бекеттің дәрігерлері.