«Не сұрайды мына бала, сұрағанын берсейші...»

Дилара БИМЕНОВА, «Оңтүстік Қазақстан». Кішкентай кезде баланың барлық талабын орындау ата-анаға міндет. Не ішемін, не жеймін демей өссін деп, бар тапқан-таянғанын соның аузына тосады. Әдетте психологтар мұның дұрыс емес екенін айтады. Баланың қалаған, сұраған затының бәрін сатып алып бере берсек, ол мұның қадірін, қандай маңдай термен келгенін білмей өсетін болады дейді. Ол да рас шығар. Бірақ, біздің айтпағымыз бұл емес.
Еуропа елдерінің бірқатарында баланың күнделікті қажетін өтеу үшін олардың жас ерекшеліктеріне қарай ата-анасына мемлекет тарапынан қаржылай көмек беріліп отыратын көрінеді. Біздің елімізде әзірге қолданыстағы заңға мұндай өзгерістер енгізілген жоқ. Соған қарамай балаларымызды қатарынан қалдырмауға тырысып бағудамыз.
Дүкенге ертіп апарсақ, қол созғанының бәрін алып беруге бармыз, шүкір. Жалпы, біз балаға барлық қажеттілігін өтеу үшін күніне қанша қаржы жұмсаймыз? Осыны есептеп көрейікші...
Мәселен, сіздің бір-бірімен қатарласа өсіп келе жатқан үш ұлыңыз бар дейік. Оларға бірінші кезекте күнделікті ас-ауқаты, ағарған, яғни айран-сүт керек. Бұған кем дегенде 1000 теңге кетеді. Алдыңыздан жүгіріп шыққанда қолдарына ұстата қоятын «Барни» секілді тәтті күлше де алғыңыз келеді. Одан бір емес, үш данасын, «Агуша» шырынынан да үшеуін, үш «Toffіx» кәмпитін сатып алуыңыз үшін де 1000 теңге жұмсайсыз. Қарап отырсаңыз, отыз күнде осы майда-шүйдеге
60 мың теңге шығындайды екенсіз.
Бұл сіздің бір ай бойы таңнан кешке дейін жұмыс істеп тапқан айлығыңыз немесе соның жартысы болуы мүмкін ғой. Осыдан-ақ баланың қажеттілігіне қанша қаржымызды сарп ететінімізді өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз...
Әсіресе бала дәрумендерге бай жеміс-жидектерді де тойып жесінші дейсіз. Содан кейін сенбі, жексенбі күндері саябақтарға, түрлі аквапарктерге апарасыз. Бүлдіршіндердің демалысын қызықты өткізулері үшін тағы да 20-30 мың теңгеңізді шығындайсыз. Оның үстіне, қазір велосипедтер мен самокаттардың неше түрі шыққан. Қатарынан қалмасын деп сатып әперуді ойласаңыз, оның әрқайсысына кем дегенде 20-25 мың теңге жұмсайсыз.
Иә, айлығы шайлығына әрең жетіп отырған ата-ананың қалтасы көтере ме мұны? Бала-шағаға тек тамақ пен ойыншық қана керек емес. Киім-кешегі де болуы тиіс.
Әрине, әркім баласына қанша қаржы жұмсаймын десе де өз еркінде екені белгілі. Оған дауымыз жоқ.
Десек те, санамызды тұрмыс билеген мына заманда мәселенің бәрі ақшаға келіп тіреледі. Бізге өмір сүру үшін ауа мен су қандай қажет болса, ақшаның да рөлі сондай қазір.
Ал, ақша кімге жеткен? Бастысы, балаңыздың меселі қайтпасын, көңілі қалмасын дейміз. Ал, сіз не дейсіз, оқырман?! Ой бөлісіңіз.
Эльмира
Ия дұрыс айтасыз! Мысалы бізде алланың бергені деп айтайыншы 6баламыз бар! Шүкір! Бірақ міне әлі күнге Ақша жетпейдімен келеміз. Шыны керек қиналып та қалған күндеріміз болып тұрады. Өзіміз квартирада тұрамыз. Жеймін деген затын күнде алып бермесек те , жолдасымның 1айда табатын 120мың теңгесі маған осы 6құлыншақтарыма берілетін 70мың теңге барлығы 190000теңге тамақпен квартирадан аспайды. Жағдай барған сайын қиындап барады. Тамақ та қымбат,киетін киімдері де қымбат. Жоқ дегенде тамақтың бағасын төмендетсе ғой.