Колледж түлектері де бакалавр дәрежесін иемденеді

  Дилара БИМЕНОВА, «Оңтүстік Қазақстан». Бұған дейін сіз оқуыңызды жарты жолдан тастап кететін болсаңыз, онда осы уақытқа дейін оған жұмсаған қаражатыңыз күйетін еді. Енді олай болмайды. Тым құрығанда қолыңызда бір кәсіптің қыр-сырын меңгергеніңіз туралы сертификатыңыз қалады. ҚР Білім және ғылым министрлігі колледждерде білім алатын жастарға осындай мүмкіндік қарастырып отыр. Қолданбалы бакалавриат деп аталатын бұл жаңа жүйе үш деңгей бойынша оқытылады. Оның екі деңгейін аяқтағандар екі сертификатқа, ал, соңғы үшінші кезеңінен өткендер қолданбалы бакалавр дипломына ие болады.

 

Бірден айта кетейік, қолданбалы бакалавр дәрежесіне жеткендер жоғары оқу орындарын бітіргендермен тең құқылы болып табылады. Яғни қандай да бір мекемеге жұмысқа орналасқанда жоғары жалақыға қол жеткізе алады. Бұйыртса, болашақта еліміздегі колледждердің барлығы осындай бағытта білім береді. Дамыған елдердің көпшілігінде мұндай тәжірибе бұрыннан бар. ТМД мемлекеттері арасында әзірге Ресейде ғана қолданылады.

Манап Өтебаев атындағы жаңа технологиялар колледжі директорының өндірістік тәжірибе жөніндегі орынбасары Ахмет Шалдарбеков қолданбалы бакалавриат дәрежесін бізге былайша түсіндіріп берді:

– Мәселен, техник мамандығында оқуға ниет білдірген жастар 1 жыл 10 ай көлемінде білім алып, жұмысшы біліктілігі бар екенін дәлелдейтін сертификатты иемденеді. Мұнан кейін ІІ деңгей бойынша 10 ай оқып, техник біліктілігін меңгергені туралы сертификатқа қол жеткізеді. Соңында үшінші деңгейде диплом қорғап «инженер» маманы болып шығады. Бұған 1 жыл 10 ай уақытын жұмсайды, – дейді.  

Қарап отырсаңыз, бұл жастарға өте ыңғайлы. Әрі тиімді. Біріншіден, олар уақыт үнемдейді. Мәселен, бұрындары колледжге түскендер 3 жыл 10 ай оқитын. Оны тәмамдағаннан кейін жоғары оқу орнына құжат тапсырып, онда тағы 3 жылдай уақыттарын жоғалтатын. Мұндайда оларға бір пәнді бірнеше рет оқуына тура келетін. Осы жағынан алғанда бұл бастаманың пайдасы көп екені сөзсіз.

Оның үстіне, колледж студенттеріне дуальды білім беру жүйесі бойынша кәсіпорындарда бірнеше рет өндірістік практикадан өтіп, неғұрлым көп тәжірибе жинақтауына жағдай жасалады. Шамамен бір пәннің 40 пайызы теорияға, 60 пайызы тәжірибеге арналады. Бұл, әрине, кез келген жастың өз саласының білгірі, нағыз маман болып шығуына үлкен септігін тигізеді. 

Дегенмен, қолданбалы бакалавр дәрежесін алғандар педагогикалық бағытта оқытылмайтындықтан, оқу орнын бітіргеннен кейін білім ұяларында сабақ бере алмайды. Байқап отырсақ, ұтылатын тұсымыз осы ғана. Сондықтан, ендігі жерде жастарға бакалавр дәрежесін иемдену үшін ЖОО-ларды жағалаудың қажеті жоқ. Жоғары білімді колледждерден де ала алатынын айтқымыз келеді.

Пікір қалдырыңыз