Сары аурудан сақтаныңыз

Вирусты А гепатиті — эпидемиялық гепатит фекальді және оральды механизммен жұғатын жедел вирусты жұқпалы ауру. Жалпы өңіріміз бойынша вирусты гепатит аурушаңдығы 2015 жылы 100 мың адамға шаққанда 1,43 адамнан келсе, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 2,32-ні құрады. Ал, 2016 жылы сәйкесінше 0,71 және 0,95-ке кеміді. Былтыр бұл ауру ересектер арасында 2,85-ке, ал, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 5,41-ге дейін көтеріліп кетті.
Сары ауру интоксикация және холезтаз көріністерімен өтетін, бауыр зақымдану синдромымен сипатталатын қоздырғыш энтеровирус тобына жатады. Сыртқы ортада төзімді. Қалыпты бөлме температурасында бірнеше айлап, жылдап тіршілігін жалғастыра береді. Сары ауру су, тағам, тұрмыстық қарым-қатынас арқылы жұғады. Иммунитеті төмен адамның сезімталдығы өте жоғары. Әсіресе, 4-5 жас аралығындағы балалар жиі ауырады. Бұл ауру қыс және күз айларында қатты өршиді. Ауру аяқталғаннан кейін тұрақты иммунитет түзіледі. Бір жасқа дейінгі балалар ауырмайды. Себебі, сәбиді анадан ұрыққа берілетін белсенді иммунитет қорғайды. Жасы 40-тан асқан ересектер де ауырмайды. Себебі, өмір сүру барысында иммунитет қалыптасады.
Ауру асқынған жағдайда тек ауруханада емделу қажет. Оны өткізіп алуға болмайды. Ал, науқастың жеңіл және орташа түрі амбулаторлы жағдайда емделеді. Үй жағдайында науқас оқшауланады. Қызба уақытында төсектік тәртіпке бағынады. Басқа кезеңінде жартылай тәртіпті сақтайды. Бұл ретте бауырға физикалық күш түсірмеген абзал. Мәселен, спортпен, бимен айналысуға болмайды. Бассейнге түспеу керек. Үш келіден артық салмақ көтермеген ләзім. Бояу, басқа да химиялық исі бар заттар тұратын жерлерде болмаған жөн.
Ем-домды мұқият сақтап, майлы, тұзды, ащы, қышқыл тағамдарды жеуге, алкогольді ішімдіктерді тұтынуға болмайды. Жергілікті санитарлық-гигиеналық жағдайларды жақсартуға бағытталған шаралар жүргізілуі керек. Ең тиімді әдіс — вакцинация!
Ғ.ТҰРДЫМҰРАТОВА, Шымкент қалалық №3 емхананың инфекционист дәрігері.