«ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК»

Егеменді еліміздің келешегі білім-ғылым және инновациялық жетістіктер нәтижесіне байланысты екені баршамызға аян.
Қазіргі таңдағы жастар мен болашақ жоғары оқу орны түлектері әлемдік білім қойнауына қол жеткізді және білім, ғылым және экономикалық бәсекеге қабілетті мықты мемлекетті құруда. Әлемдік талаптарға сай тың идея, жаңа ғылыми жоба, үздік шығармашылық, ғылыми зерттеу жұмыстарға қол жеткізу деген сөз.
Елбасы Н.Назарбаев бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңінде жаңа технологиялар мен жаһандық өзгерістер уақытында «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қабылдап, алдымызға озық дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатын қойды. 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 60 қадамы қазірдің өзінде орындалып, жоспарлы түрде іске асырылып жатыр.
Елбасы кезекті Жолдауында 10 міндетті Қазақстанды жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосатынын атап өтті. Еліміз дамуының барлық салаларын қамтыған бұл міндеттер жаңазаманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған бір тұтас ұлт болуымыз керектігімен өлшенеді.
Жарқын болашаққа жол сілтейтін Елбасының кезекті Жолдауын іске асыруда жастарға артылар жауапкершіліктің салмағы таудай. Қазақстанды жаңа әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына кіргізу үшін өмірдің барлық саласына цифрлық технологияны енгізуде жастардың алдында жауапты міндеттер тұр. Әлеуметтік желілер мен интернетте жай уақыт өткізбей электронды сауда мен инновациялық жаңалықтар арқылы пайда табу дағдыларын дамыту мүмкіндіктері де бар.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылғандай, «Әлем бүгінде төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, техникалық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылуға бейімделу мен жетістікке жету үшін 10 міндетті айқындап берді. Оның ішіндегі басымдық берілген міндеттердің бірі – адами капитал. «Адами капитал» деген ұғым егемендік алғаннан кейін ерекше маңызға ие болды. Тоталитарлық социализм дәуірінде адами капитал туралы мәселеге дәл бүгінгідей көңіл бөлінді деп айта алмаймыз.
Адами капитал – жұмыскердің еңбек ету мүмкіндігін, олардың еңбегінің жемісті болуын, еңбек өнімділігі мен сапасын көтеретін білім, біліктілік, ілім, тәжірибе нысаныңда адамдарға салынатын капитал. Өнеркәсіптік, технологиялық еңбек процесінің өзгерістерін, жаңалықтарын, жобаларының бәрін жасайтын – адам. «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деп көрсетілген Жолдауда. Кез келген қоғамда жастардың бет түзейтін идеалы болуы болашақ үшін маңызды десек, Елбасы Жолдауында қандай адам мемлекеттің құнды капиталы бола алатынын нақты көрсетіп берді. Ел болашағының кілті – қазіргі жаңа технологияларды меңгерген, сонымен бірге түп-тамырынан ажырамаған, салты мен дәстүрін, тарихын білетін нағыз сапалы азаматтарда. Сол адами капиталды дайындап, болашағына жол сілтейтін, келешегімізді кемел біліммен сусындататын – біздер. Әрбір үйде бала бар, ел боламыз десек, баланы бесіктен тәрбиелеуіміз керек. Ендеше оны тәрбиелейтін, жоғары деңгейге жеткізетін – ұстаз. Білікті ұстаздан білім алған сапалы ұрпаққа, яғни жаңғырудың негізі бола алатын адами капиталға қол жеткізе аламыз.
Демек, бұл Жолдау бізге қай салада болсын бәсекеге қабілетті маман дайындауды міндеттеуде. Елбасының әр жылғы Жолдауы тарихи құжат. Қайсысын алып қарасаңыз да стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Биылғы Жолдауда жаңа деңгей, жаңа дүниетаным, жаңа міндеттер алға қойылып тұрғандығын байқаймыз.
Өмір – ағым дейміз, ал, заман – ұлы көш. Олай болса, осы көштен қалып қоймай, Тәуелсіз еліміздің көк Туын көкке көтерер рухы биік, санасы ояу, іскерлігі шыңдалған, иманжүзді, білімді азаматтарды тәрбиелеу бізге міндет. Елбасымыздың Жолдауын қолдап, оны жүзеге асыруға бірге ат салысайық.
Балмаржан НАРБЕКОВА.
Облыстық отбасы, балалар мен жастар істері
жөніндегі басқармасының басшысы.