Қалдырған ізің мәңгілік

Н.НАЗАРБАЕВ: «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады». («Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан). Н.НАЗАРБАЕВ: «Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». («Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан). Жуырда Шымкент қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №26 мектеп-гимназиясында игі іс-шара өтті. Білім ұясының шет тілдері пәні кабинеті ашылып, оған ұлағатты ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Бахтияр Юнусовтың аты берілді. Оқу кабинетін күрделі жөндеуден өткізіп, оның ішіне қажетті құрал-жабдықтар мен интерактивті тақта ілуге профессордың ұлы, Оңтүстік Қазақстан жоғары педагогикалық колледжінің президенті Ифтихар Юнусов демеушілік жасады.
Ұлағатты ұстаз атында дәрісханалар ашылды
Жиынды жүргізген мектеп-гимназия директоры Халида Налиханова бұл кабинеттің ашылуы мектеп үшін де, өңірдің білім саласы үшін де елеулі оқиға екеніне тоқталды.
— Бүгінгі игі іске қуанып тұрмыз. Бұл кабинетте ағылшын және француз тілдерінен дәріс берілетін болады. Бахтияр Саидұлы осы білім ұясында талай жыл қызмет етті. Араб тілінен сабақ берді. Жұмыс істеп жүріп Йемен Араб Республикасына қызметке барды. Жас мамандарды даярлады. Міне, бүгін осы азаматтың ұлы Ифтихар Юнусов әкесінің ізі қалған білім ұясына демеушілік жасап, кабинет ашып берді. Бұл сыныпта оқушыларға бар жағдай жасалған. Интерактивті тақта қойылған. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында кәсіпкерлерді туған жерді түлетуге шақырған еді. Қазіргі дағдарыс кезеңінде білім саласына қамқорлық танытқан азаматқа алғыс айтамыз. Бүгінде Жамбыл Жабаев атындағы №26 мектеп-гимназиясында 1353 оқушы бар. Оқушылар таза қазақ тілінде білім алады. Ағылшын тілі де оқытылып жатыр. Шәкірттеріміз түрлі ғылыми жобалар мен байқауларда жеңіс тұғырынан көрінуде, – деді мектеп директоры.
Әсерлі жүздесуде Бахтияр Юнусов туралы бейнеролик көрсетілген соң марқұммен бірге қызмет атқарған ардагер ұстаздар мен ізбасар шәкірттері естеліктер айтты. Ардагер ұстаз Шамұрат Тұрғынов «Бахтиярмен жетпісінші жылдардың соңында қызметтес болдық. Бұрын Шымкент қаласында Қарсыбай Сыпатаев атындағы №7 мектеп пен Жамбыл Жабаев атындағы №26 мектептің беделі жоғары еді. Мұғалімдер осында еңбек етуді, ата-аналар ұл-қыздарын осы білім ұясында оқытуды көздейтін. Міне, сондай білімді ұстаздардың бірі бола білген әріптесіміз араб тілі пәнінің нағыз білгірі еді. Қарапайым мұғалім бола жүріп Шымкент қаласынан колледж бен университет ашты. Осыдан-ақ оның еңбекқор екенін біле беріңіздер» десе, тағы бір ардақты ұстаз Пайыз Болғанбаев «Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Бәкең өте кішіпейіл жан еді. Қандай биік белестерді бағындырса да ізетін сақтап, иіліп тұратын. Кабинетіне кірген адамды орнынан тұрып, есіктен қарсы алып, есікке дейін шығарып салатын. Әріптес досымыздың үйленген сәті де есімізде. Қалыңдығын бірге барып, алып келгенбіз. Ол кезеңнің бәрі әдемі естеліктер ғой. Егер ұлдары әкесіндей болса, жаман болмайды. Ифтихар баламызға әкесінің абыройы мен жақсы қасиеттері қона берсін» деп ақ батасын берді.
Бүгінде «Шаншар» әзіл-сықақ театрын басқаратын белгілі әртіс әрі сатирик Уәлибек Әбдірайымов та кезінде Жамбыл Жабаев атындағы №26 мектеп-гимназиясында араб тілінен сабақ берген. Уәкең де әріптесі әрі ұстазы туралы жақсы естеліктер айтты.
— Алматыдағы КазМУ-ды араб тілі пәні мамандығы бойынша тәмамдадым. Біз 1985 жылы 12 студент диплом алып шықтық. Сөйтіп, Шымкенттегі №26 мектепке жолдама алдым. Өз-өзімізге сенімдіміз, бәрін білетін адамдай келген едік. Бірақ, бұл мектепте Әбдіуаһаб және Бахтияр ағаларымызды көріп әлі «шала екенімізді» аңғардық. Себебі, бұл ағалар араб тілін өте жақсы білетін. Біреуі кандидаттық қорғаса, екіншісі Йеменде жұмыс істеп келген. Осы кісілерден көп нәрсе үйрендік. Сегізінші сыныптарға сабақ беруге жүрегіміз дауаламай, бесінші сыныптан бастадық. Бахтияр ағамыз қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып, ұжымды қатты құрметтейтін. Әріптестері де ол кісіні жақсы көрді. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» демекші, Ифтихар ініміз әке жолын жалғап, игі іс атқарып жатыр екен. Рахмет дейміз. Білім саласына еңбегің сіңе берсін, – деді ол.
– Бахтияр Юнусовті әріптестері ғана емес, оқушылары да ерекше жақсы көретін. Неге? Негесі сол, ол кісі үлкендермен үлкеннің тілінде, балалармен баланың тілінде сөйлесетін. Барынша қарапайым еді. Қарапайымдылығы да – соншалықты көл-көсір білімі болса да «мен бәрін білемін» деп кеуделеп алға ұмтылмайтын. Әріптестеріне үйретуден жалықпайтын. Жасыратын несі бар, сол кезде біз бітірген ҚазМУ-дің білімі бастауыш класты оқытуға ғана жетеді екен ғой... Бізді алға сүйреген Б.Юнусов болды. Жалпы, ол облыс мектептерінде араб тілі пәнін оқытуға үлкен күш-жігер жұмсаған кісі, – деді №26 мектептің бір кездегі ұстазы, бүгінде ОҚО мүгедектерге арналған кешенді мамандандырылған спорт мектебінің директоры Мұзрафша–Жаһангер Аблаев.
Білікті ұстаз Айзада Құлмырзаева «Бахтияр аға кішіпейіл әрі ақкөңіл еді. Бастапқыда жолдамамен келгенімізде бұл кісі өте қатал сияқты көрінген. Бірақ, кейін жүрегі жұмсақ екенін білдік. Бауырлары, анасы туралы жиі айтатын. Кейде тәжірибе жинап жүрген жас мұғалімдерді ренжітіп алса, жұмыстан кейін ашуы тарқап «сендер жұмыс барысындағы әңгімелерді көңілдеріңе алмаңдар деп күлетін» деді. Оның ойын талай шәкіртті тәрбиелеген Салиха Қазанғапова апай жалғады:
— Бұл мектепте араб тілінен өте мықты мұғалімдер дәріс берді. Мәселен, менің қызым Бахтияр ағайынан сабақ алып жүрді. Бірде үйдегі үлкендер оқи алмайтын Құран кітапты араб тілінде оқып, ата-әжелерімізді таңғалдырғаны бар. Бәкеңнің тағы бір қасиеті – қазақ тіліне деген құрметі ерекше болды. Ол өзі өмір сүріп отырған елді, жерді сыйлап, қазақша таза сөйлейтін. Қазір биліктегі кейбір басшылар әлі күнге дейін ана тілін толық білмейді. Ал, мемлекеттік тілді нағыз отаншыл азаматтар бәрінен жоғары қояды.
Жиында Оңтүстік Қазақстан жоғары педагогикалық колледжі директорының орынбасары әрі Бахтияр Юнусовтың шәкірті Ерлан Байсейітов ұстазының қарапайымдылығына тоқталса, тағы бір шәкірті Айгүл Байтемірова оқушы кезінде мектеп кітапханасында араб тіліндегі газеттерді тікелей оқып, аударатын сәттерін, оған білікті мұғалімнің ықпалы тигенін жеткізді.
Шет тілдері кабинетінің ашылу салтанатында оқушылар жырдан шашу шашса, мектеп директоры Халида Налиханова Ифтихар Юнусовке естелік сыйлық табыс етті. Өз кезегінде колледж президенті мектеп директорына Алғыс хатты салтанатты түрде тапсырды.
Қарапайым мұғалімнен университет басшылығына дейін...
Бахтияр Саидұлы Юнусов 1954 жылы 29 маусымда Шымкент қаласында дүниеге келген. 1977 жылы Ташкент мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін (араб тілі бөлімін) бітірген. Еңбек жолын Сирия Араб Республикасындағы елшілікте референт-аудармашы болып бастаған. 1978-1980 жылдары Шымкент қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №26 орта мектепте араб тілі пәнінің мұғалімі болды.
1980-1984 жылдар аралығында КСРО-ның Йемен Араб Республикасының елшілігінде қызмет атқарып, елге оралды. Сөйтіп, 1984 жылдан бастап Шымкент қаласындағы №26 және №42 мектептерде қызметін жалғастырды.
Еңбекқор азамат 1992 жылы колледж ашты. 1994 жылы Шығыстану институтының іргетасын қаласа, ол оқу орны 2000 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне айналды. Бұл тек өз мақсатынан қайтпайтын жігерлі жандардың ғана қолынан келетін ерлік. Ұлағатты ұстаз, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті мен колледжінің алғашқы құрылтайшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор дәрежесіне дейін көтерілді. ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Ресей Халықаралық педагогикалық ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, «Танта» (АРЕ) университетінің құрметті докторы, Сократ атындағы сыйлықтың иегері атанды. Бахтияр Саидұлы 2010 жылы дүниеден озды.
Өзі мұғалім бола жүріп, жоспар түзіп, жоғары оқу орнын ашқан Бахтияр Юнусовтың білім саласындағы жолын бүгінде оның ұлы Ифтихар Юнусов абыроймен жалғастырып келеді. Әкенің есімін ұлықтауды жөн көрген ол ардагер ұстаздармен ақылдасып, бірнеше білім ұясына демеушілік танытты. Оның бір мысалын жоғарыда айттық.
Білікті маман Бахтияр Юнусов Хамза атындағы №42 мектепте де қызмет атқарған. Ол жақта да ұлағатты ұстаздың көзін көрген әріптестері, тәрбиесін алған шәкірттері баршылық. Осыны ескерген Ифтихар Юнусов бұл білім ұясынан да бір кабинетті толық жасақтап, интерактивті тақтамен қамтыды. Бахтияр Юнусов атындағы кабинетте оқушылардың білім алуына толық жағдай жасалған. Салтанатты шарада Хамза атындағы №42 мектептің директоры Луиза Сабирова мектеп ұжымы мен оқушылар атынан алғысын жеткізсе, математика пәнінің оқытушысы Клара Шамшудинова Бахтияр Юнусов туралы жақсы естеліктер айтты. 11-сынып оқушысы Зарина Пардабекова елге қызмет еткен азаматтардың атын үлгі ету – ұрпақ үшін маңызды іс екеніне тоқталды.
Кезінде Бахтияр Юнусов колледж ашқан алғашқы жылдары Шымкенттегі Жүсіпбек Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясының ғимаратынан бірнеше бөлмені жалға алған екен. Сол қиын кезеңдерде әріптестерімен ынтымақты жұмыс істеп, тіл табыса білген. Өткен аптада осы білім ұясында да Оңтүстік Қазақстан жоғары педагогикалық колледжі басшылығының демеушілігімен Бахтияр Юнусов атындағы дәрісхана ашылып, оқу бөлмесіне қажет құрал-жабдықтармен қамтылды. Дәрісхананың ашылу салтанатында кезінде №64 мектепті басқарған Зәуре Садықбекова «бірде Бәкең келіп тұр. «Колледж ашамын, бірақ, ғимарат салатын ақшам болмай тұр. Осында ғимаратты жалдай тұрайын» дейді ғой. Мен рұқсат бердім. Іскерлігімен дараланып, ақырында өзі жеке ғимарат салып алды. Талай педагогтарды тәрбиеледі» деп өткен шақтан сыр шертсе, Оңалбек Тасқынбаев, Тәжікүл Сейітова сынды ұстаздар да білікті педагог туралы өз ойларын ортаға салды. Жүсіпбек Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясының директоры Зейнегүл Асылбекова дәрісхана ашып, іскерлік байланыс орнатқан Оңтүстік Қазақстан жоғары педагогикалық колледжі ұжымына ризашылығын білдірді.
Әкенің өнегелі ісін жалғап жүрген перзенті, Оңтүстік Қазақстан жоғары педагогикалық колледжінің президенті Ифтихар Юнусов білім саласында орта мектептермен бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайын екенін жеткізді.
— Бұл ойда жүрген іс еді. Мақсатымыз – орта мектептермен әлеуметтік-серіктестік ретінде тығыз байланыс орнатып, оларға демеушілік жасау. Дәрісханалар оқушылар үшін қызмет етеді. Көмекке әрдайым дайынбыз. Өзге кәсіпкер замандастарымыз да білім ұяларына қолдау көрсетсе, одан біздің қоғам тек ұтады. Білімді қолдау – болашақты қолдау деген сөз. Кезінде әкеммен бірге қызмет еткен әріптестеріне, ұстаз аға-әпкелеріме алғысым шексіз. Олар жүрекжарды лебіздерін айтып, мені қанаттандырды. Әкем – Бахтияр Юнусов іргетасын қалаған Оңтүстік Қазақстан жоғары педагогикалық колледжі оқушыларды оқуға қабылдауға дайын. Бізде білімді ұстаздарды даярлауға барлық жағдай жасал-ған. Ұлағатты ұстаздармен жиі жолығып, пікірлесу арқылы тың идеялар аламыз. «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» болғандықтан білім саласындағы барша әріптестерімізге зор денсаулық, жұмыстарына табыс тілейміз, – дейді Ифтихар Бахтиярұлы.
Ғ.ҰЛАСБЕК.