Индустрияландыру – негiзгi күш

Қазақстан жаңа ғасырда зор қарқынмен дамып келе жатқан мемлекеттер қатарында. Оның басты тетігі индустрияландыру саясатында жатса керек. Әлбетте, Қазақстан таза аграрлық мемлекет емес. Кеңес дәуірінде ауыл шаруашылығымен бір қатарда өнеркәсіптің көптеген салалары өркендеді. Дегенмен, ол өркендеулер КСРО атты алып одақтың талабына сәйкес келуі тиіс еді. Тәуелсіз, дербес Қазақстанның өндіріс құрылымы тіптен басқаша. Оның үстіне нарық экономикасы мүлде жаңа құрылымды талап етуде. Жаңа құрылымды қалыптастыру үшін ақпараттық, цифрлық жүйелер мен ІТ технологияларды экономиканың барлық секторларында кеңінен қолдануымыз керек. Президент Жолдауында айтылғандай, бұл біздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына жедел енуіміз үшін тарихи мүмкіндік болмақ.
Президентіміздің өз сөзімен айтсақ, Жолдау – елімізді төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін нақтылады. Еске сала кетейік, адамзат өнеркәсіптік дамуында төрт революциялық төңкерісті басынан өткізген. Олар, бірінші өнеркәсіп революциясы (Индустрия. 1) – тоқу станогын ашу мен су буы қуатын пайдаланып, моторларды (пароход, паровоз) жүргізуден басталды. Бұл ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегі еді. Екінші өнеркәсіп революциясы (Индустрия. 2) – шойын-болат қорытуды игеріп, электр қуатын пайдалануға көшті. Телефон, телеграф дүниеге келді. Бұл ХІХ ғасырдың соңғы ширегі. Үшінші өнеркәсіп революциясы (Индустрия. 3) моторды дизель, бензин мен станоктарды сандық (УПУ) басқарумен, өндіріске конвейерді енгізумен, есеп-қисапты механикалық машина әдісінен компьютер әдісіне өте бастаумен жалғасты. Атом энергиясын игеру, ЭВМ-ды жасау, квант генераторын ашу, космосқа ұшу, полимер, микроэлектроника мен ұялы телефондарды жасаумен ұштасты. Бұл ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастау алды. Төртінші өнеркәсіп революциясы (Индустрия. 4) осы кезеңде басталды. Оның көріністері, жаппай ақпараттандыру, ІТ-технология, роботтандыру, интернет, интеллектуалдық электроникалық машина жасау, қазіргі технология мен цифрлық технология. Бұл технологиялар (ІТ) өндірісі, мәдениетке, білімге, денсаулық саласына, интеллектіге түбегейлі өзгерістер енгізеді деп күтілуде.
Президент Жолдауға байланысты мәлімдемесінде «Мен алдымызда жүзеге асыратын 10 негізгі міндетті көріп тұрмын» деп оның негізгі бағыттарын тұжырымдады.
Мына жағдайды түсінуіміз керек. Жолдаудағы қойылған міндеттер бір жылдың көлемінде шешілетін мәселе емес. Сондықтан маңызды құжатты жүзеге асыру үшін іс-шараларды нақтылап, саралауға тура келеді. Қайсы міндеттерді бірінші орындау керек, осы мәселені анықтап алып, екінші, үшінші кезектегі міндеттерді реттестірген жөн. Бұл көрініс алдыңғы жылдардағы Жолдауларға да тән болатын.
2017 жылғы дамудың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі алдын-ала есептеулер бойынша 3,6 пайызды, ал, өнеркәсіп өнімі көлемінің өсуі 7 пайыздан асқан. Өте жақсы жетістік, өнеркәсіп секторындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 40 пайыздан асқан. Бұл – индустриалды дамуға бетбұрыстың нақты көрсеткіші. Осы қол жеткен нәтижені 2018 жылы және одан кейінгі жылдарда да тереңдете түсу – индустрияландыру саясатының алға қойған мақсаты. Осы үдерісті Жолдауда бірінші деп белгілеп, «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Индустрияландыру жоғарыда келтірілген нәтижелермен бір қатарда 2014-2015 жылдардағы дағдарысты еңсеруде де өзінің экономиканы тұрақтандырушы фактор екенін дәлелдеді» деді Президент.
2018 жылғы Жолдаудағы міндет – индустрияландыру кешенді саясатын «мейлінше инновациялық сипатқа» бағыттау. Басқа барлық міндеттер осының төңірегінде өркендеуі тиіс деп ойлаймын.
Нұралы ӨТКЕЛБАЕВ, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері.