АҚЖАР АЖАРЛАНЫП КЕЛЕДI

  Н.Назарбаев: «Адам баласы – шексiз зерденiң ғана емес, ғажайып сезiмнiң иесi. Туған жер – әркiмнiң шыр етiп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиеттi мекенi, талай жанның өмiр-бақи тұратын өлкесi. Оны қайда жүрсе де жүрегiнiң түбiнде әлдилеп өтпейтiн жан баласы болмайды».

 

...Биыл көктемде Сарыағаш ауданындағы Ақжар ауыл округiне жаңа әкiм сайланған едi. Жаңа басшының қандай жоспарлары бар, оларын жүзеге асыру үшiн ең бiрiншi қай мәселенi қолға алмақ? Осы сауалдарымызға жауап табу мақсатында Ақжарға арнайы барып қайттық.

– Соңғы екi-үш жыл iшiнде туған ауылым Ақжарда тұратын екi iнiм қайтыс болды. Содан кәсiпкерлiкпен айналысайын, бауырларыма бас-көз болайын деген оймен Ұлттық қауiпсiздiк саласынан зейнеткерлiкке шығып, ауылға көшiп келдiм. Әйтсе де, өмiрде бiздiң дегенiмiз бола бермейдi екен. Маған осы елдiң азаматы ретiнде Ақжар ауылдық округiн басқару жайлы тосыннан ұсыныс түстi. Бұрын айналыспаған шаруам. Мұнда жұмыс орындарын ашу керек, жылу, су, жарық беру, тазалық, мәдениет, т.б. салалармен айналысу қажет. Екi аудандық ұйымға 13 жыл басшылық жасадым ғой деп екi апта ойланып, келiсiм бердiм, – дейдi Көпжан Қайыпжанов.

«Адамның кәсiбi оның болмысына әсер етпей қоймайды» деген сөз бар. Көпжан Қайыпжанов та жұмысын әкiмдiктiң қызметiн зерттеуден бастапты. Сосын «жұмысты кеңседе отырып емес, көшеге шығып, елдiң арасында жүрiп iстейiк» деген ойға бекiнедi. Және iстi ең басынан бастады, отбасыдағы тәрбиенi қолға алу керек дедi. Бұрын әр 24 көшенiң өз биi болса, оларға көмекшi, әрiптес, тiптi тiзе қосар тандем ретiнде көше төрайымдары сайланды. Әйелдердiң зейнеткер Марқа Мұсаева апа бастаған 11 мүшесi бар қоғамдық кеңесi құрылды. Бұл өте үлкен резерв болып шықты. Еңбекке, бiлiмге, тазалыққа деген ұмтылыс, үйдегi тәртiп ойдағыдай болса, жұмыс орны да ашылады, көше де, ауыл да тап-таза болып тұрады, есесiне ұрлық та, зорлық та тыйылады, полиция да, сот та, прокуратура да керек болмай қалады.

Әкiмдiкке қарайтын екi ауылда 1200 үй бар. Әкiмдiктiң 10 маманы, 2 мектептiң, аурухананың, 5-6 балабақшаның қызметкерлерi, бәрiн қосқанда зиялы қауымның сауатты, көзi ашық өкiлiнiң әрқайсысына 20-30 үйден ғана тиедi екен. Солардың бәрiмен, ауыл төбе биi Әбдiманап Беркiнбаевпен бiрнеше мәрте басқосу жасалып, қордаланған мәселелер талқыланды. Нәтижесiнде округ бойынша ұрлық тоқтады деуге болады.

Ауыл үлкендерiн ортақ iске тарту мақсатында әр сәрсенбiде бiр кәсiпкер қариялардың батасын алып отыратын дәстүр қалыптасыпты. Осы сәттi күнге тап келген соң, бiз де олардың пiкiрiн тыңдамай кете алмадық. Олар «өзiмiз сайлап алған баламыз, тiрлiгiне ризамыз, тек елге ауызсу мәселесiн ертерек шешiп берсе екен» деп отыр. «Өз тарапымыздан ақыл-кеңеспен ғана емес, қолымыздан келгенiнше iсте де белсендiлiк танытамыз» дейдi.

Газ демекшi, Ақжар ауылы толық газданған, ендi Бағысты газдандыруға сақадай-сай отыр екен. Әкiм ақсақалдармен, қоғамдық кеңес мүшелерiмен көптеген мәселе бойынша кеңесiп отыратын көрiнедi. Бұл үрдiстiң ауыл әкiмдiгiнiң өзiнiң жеке есепшоты, қаржысы болатын 2018 жылы 1 қаңтардан кейiн көп көмегi тиерi даусыз.

Ал, шешуiн күтiп жатқан мәселе аз емес. Мысалы, «Аманкелдi» шаруа қожалығы Қазығұрт ауданына қараса, жұмысшы қолының бәрi дерлiк ақжарлықтар. «Агрофуд» фирмасы Шымкент қаласында тiркелген, егiстiк жерi – Ақжарда. Бұрын мұнда жүзiм еккен, шарап зауыты болған. Иә, бұрын...

Ауыл әкiмi салық түсiмiн көбейтудiң жолдарын iздеуде. «Даму» қорының қызметкерлерiн шақырды, олар несиенi қалай, қанша көлемде алуға болатынын түсiндiрдi. Мал бордақылайтын, сүт жинап, оны өңдейтiн, дәнекерлеумен айналысатын жеке кәсiпкерлер көбейiп, олар кооператив құруға ынталануда. Мақта еккен жеке кәсiпкерге берiлер субсидия көлемi гектарына 7,5 мың теңге болса, кооперативке бiрiккен жағдайда 3 есе көбейедi. Бiрiктiрудiң, iрiлендiрудiң ұтымды жолы деген осы. Ауыл шаруашылығы бойынша заңды тұлғалар әзiрге 8 ғана. Болашақта олардың саны өсетiнi сөзсiз. Себебi, бiрiгу тек еңбектiң бiрiгуi арқылы iске асады. Жерiң өз меншiгiңде қала бередi.

Ауылға тiгiншi, етiкшi, дәнекерлеушi, токарь, наубайханашы, автокөлiк жөндейтiн моторист, электрик, т.б. мамандар ауадай қажет. Себебi, қолда бар қытайлық техникалар тез бұзылып қалады. Сондықтан техникалық мамандықтарды барынша көбейту, кеңес кезiндегi «Тұрмыстық қызмет көрсету үйiн» қайта жаңғырту керек болып отыр.

Егiстiк жер көп емес, ал, жайылым жер жетерлiк. Бiрақ, ол ауылдан алыста, тауда. Қазiр тауға малды айдамайды. Өйткенi, малдың бәрi жекеменшiкте. Әкiмдiк олардың атынан бұрынғыдай таудағы орман шаруашылығының жерiн пайдалануға келiсiмшарт жасай алмайды. Сол себептi көкөнiс егiлетiн жердiң бәрiне қазiр малдың жемшөбi үшiн жоңышқа мен жүгерi егiлетiн болды.

Ағын су көп болғанмен ауызсу мәселесi қиындау. Ауылдағы құбыр жүйесi iстен шыққан. Ендi суды тереңнен тарту керек, ал, ондағы су қоры аз. Бiр ғана ұңғымадан су шығарып, ауылдағылар содан тасып iшiп отыр... Ендi осы өзгерiстердiң басы-қасында жүрген жандарға сөз берейiк.

Марқа МҰсаева, қоғамдық кеңес төрайымы: «Ауыл өзiмiздiкi болған соң үлкенбiз-кiшiмiз демей, белсене қимылдап жатырмыз. Мен көшеде танымайтын адамдар болса да терiс қимылын көрсем, тоқтатып ескерту айтамын. Мәдениет үйiнде әжелер тұтынған бұйымдардың бұрышын аштық. Бәрi өз қолымыздан шыққан дүниелер. Жастар көрсiн, үлгi алсын деген ниет қой. Бiлгенiмiздi үйретiп жатырмыз».

Ақерке МӘрiкбаева, ауыл әкiмдiгiнiң бас маманы: «Мәселе туа қалса бұрынғыдай бiрден әкiмнiң немесе учаскелiк полиция инспекторының алдында емес, қоғам алдында шешiле бастады. Көше төрайымдары нақты жұмыс iстеп жатыр».

Көпжан Қайыпжанов, ауыл әкiмi: «Ең бастысы – ауылдағы халықты бiр үйдiң баласындай тату-тәттi өмiр сүруге жұмылдыру. Қазақтың теңдесi жоқ салт-дәстүрлерiн сақтай отырып, мемлекеттiң халыққа жасаған қамқорлығын, берiп жатқан мүмкiндiгiн пайдалана бiлу. Мұнда немен айналысқың келедi, өзiң бiлесiң. Қолға ал, кiрiс, дамы, дамыт, бәрi өз қолыңда. Бұдан артық не керек?..».

Өмiрзақ АҚЖIГIТ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз