БАТЫРБЕКОВТIҢ ӨНЕР ТАБЫСЫ

  Шындап назар аударуды қажет етедi

 

Ғабит САПАРБЕКОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Қазақстанда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесi аяқталды. Басты мақсат – болашақ энергиясын iздеп табу. Елiмiз ауқымды iс-шараны абыройымен атқарды. Көрмеде дүние жүзi ғалымдарының 153 өнер табысы жұртшылық назарына ұсынылып, үздiктерi таңдалып алынды. Болашақтың энергиясын iздеу жұмыстары әлi де жалғасуы тиiс. Әттеген-айы, елiмiзден шыққан өнертапқыштардың кейбiрi осы көрмеге қатыса алмай қалды. Осындай халге түскен өнертапқыштардың бiрi – төлебилiк инженер Көпжасар Батырбеков.Ол баламалы энергия көзiн табуға 15 жыл уақытын сарп етiп, «Дионик» атты электр энергиясын өндiретiн қондырғы ойлап тапқан.

Өкiнiштiсi, уақыттың тығыздығымен және басқа себептермен ЭКСПО-2017 көрмесiне жете алмай қалған. Қондырғының техникалық жабдықтарын металдан құйып, оны дәлдiкпен кесiп-жонатын токарь станогi бар зауыттарды өз елiмiзден iздеп уақыт жоғалтқан. Сөйтсе, оны тек Еуропа елдерiнде жасап шығарады екен. Автор қондырғының жоғары қуатты болуын әрi оның энергия көзi ретiнде ғылымға белгiлi төрт күштiң бiрiн пайдалануды көздеген. Сол мақсатына жеткен де. Сөйтiп, жердiң тартылыс күшi мен өзi шығарған электр энергиясының 2-5 пайыз электромеханикалық күшiн пайдаланатын әрi ешбiр стансаларға ұқсамайтын «Дионик» атты қондырғыны ойлап тапқан. Оны ғалымдар жоғары бағалап, ҚР Әдiлет министрлiгiнен патентiн алған.

– Кейiн бұл жобаны дамыту нәтижесiнде оның қуаты жай суды пайдаланып жұмыс iстеуiмен салыстырғанда 80-100 есеге артты. Мұндай жетiстiкке жету үшiн қондырғыға көп камералы түрлендiргiш енгiзiп, судың меншiктi салмағын 13 есеге дейiн көтеру әдiсiн қолдандым. Нәтижесiнде «Дионик» секундына 5 киловаттан 15000 киловатт аралығында қуат өндiретiн орасан зор күшке ие шағын формалы қондырғыға айналды. «Диониктiң» құрылымы мейлiнше қарапайым. Сондықтан оның құрылысына аса көп қаражат кетпейдi. Тез жиналып-шешiлетiн құбырлар жүйесi мен үдеткiш және энергия түрлендiргiш күш жабдығынан ғана тұрады. Құбырлар жүйесi қуат өндiру есебiне орай 200 миллиметрден 800 миллиметр аралығында, ал, биiктiгi 2 метрден 16 метр аралығында сұйық қысымын түсiру есептерiне сай белгiленедi. Осы құбыр жүйелерiне белгiленген мөлшерге дейiн сұйық толтырылып, өте аз биiктiкке үдеткiш күшiмен қысым айырмашылығын тудырады. Су түрлi жылдамдықта айналады. Осы сұйық ағыны энергия түрлендiргiш жабдығына берiлiп, оның күш айналымы бiлiгiнен электр генераторының бiлiгiне берiледi. Қондырғының жұмыс iстеу үдерiсi – осы. Құрылғыны басқару күрделi емес. Жұмыс барысы орталықтан автоматты түрде қашықтықтан бақыланып, компьютерлiк жүйеде жазылып отырады, – дейдi Көпжасар Батырбеков.

Инженердiң айтуынша, бұл қондырғы кез келген жерге әмбебап түрде орнатыла бередi. Мысалы, темiржол электровоздарында, су асты және су үстi кемелерiнде, тiптi, аз ғана болса да гравитациясы бар планеталарда да қолдана беруге болады екен. Ауа райын талғамайды. Астанадағы «Хан шатыр» ғимараты типтес пирамида, конус пiшiндес нысандарда немесе жер асты ғимараттарында кедергiсiз орналастыра бередi.

Жоба иесi өнертабысын ғалымдарға көрсетiп, оң бағасын және заңды патентiн алған. Көпжасар Батырбеков осы құрылғысы жөнiнде кез келген физиктермен және ғалымдармен пiкiр таластыруға, өз тұжырымын дәлелдеуге дайын. Мемлекет тарапынан қолдау болса немесе кәсiпкерлер инвестиция салса, «Диониктi» Қазақстанда шығарғысы келедi.

Ақсақал «Диониктi» құрастырған 15 жылдан гөрi осы жобаны жүзеге асыруға серiктес болатын кәсiпкер һәм инвестор табу өте қиын болғанын айтады. Сондықтан осы жаңалыққа Оңтүстiк Қазақстан облыстық кәсiпкерлiк, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасы, кәсiпкерлердi қолдау ұйымдары назар аударса деймiз. Бiз де бұл ғылыми жаңалықты оқырманға ұсынуды жөн деп таптық. Ал, «Диониктiң» қандай жоба екенiн дәлелдеудi және зерделеудi ғалымдарға тапсырамыз.

Пікір қалдырыңыз